Бұхарбаев
Бұхарбаев Әбдімәлік Абдықадырұлы (1940 жылы туған, Ташкент қаласы) — Өзбекстанның белгілі монументалист-суретшісі, портретші. Ұлты — қазақ. Ташкент көркемсурет училищесінің қолданбалы өнер бөлімін (1968), Мәскеу театр-көркемсурет институтын (1973) бітірген. Өзбекстанның көптеген ірі архитектуралық объектілері мен құрылыстарын безендіруге қатысқан. Ташкент метрополитеніндегі “Хамза” мен “Өзбекстан” стансаларын, “Чорсу”, “Тата” қонақ үйлерін, Ташкент радиотеледидар орталығын, Халықтар достығы сарайын әрлеуге қатысқан. 1990 жылдан өз халқының тарихы мен мәдениетіне, оның дана ойшылдарына ойысып, циклді портреттер жазған. Бұхарбаевтың портреттік галереясы Күлтегін, Асан Қайғы, әл-Фарабиден басталып, бүгінгі қоғам және өнер қайраткерлері Н.Назарбаев, Б.Төлегенова, Т.Әубәкіров, Ф.Оңғарсынова, т.б. қамтыған жүзден астам портреттер циклінен тұрады. Осы циклдің ішінде ұлы қазақ жазушысы М. Әуезовтің шығарм. өмірінің әр кезеңіне арналған туындылары 15 топтамадан тұрады. Өзбекстанда, Қазақстанда, т.б. көптеген елдерде бірнеше рет суретшінің көрмесі ұйымдастырылған. Екі дүркін Өзбекстан Мемлекеттік сыйлығы лауреаты (1976, 1982).