Боталау

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Боталау – іштегі төлдің физиологиялық даму процесі аяқталғанда інгеннің (аруананың) бота табуы.<ref>Жануарлар энциклопедиясы</ref> Айыр түйе ботасын 14, аруана – 13 ай көтереді. Жұмысқа көп жегіп жүдеген інген бота бастайды. Боталауына 6-7 ай қалғанда інгенді ауыр жұмыстан босатады. Боталауы жақын інгендер дезинфекция жүргізіліп, төсеніш төселген жылы қорада ұсталады. Әдетте інген қиналмай боталайды. Басқа күйіс малындай түйе ботасын жаламайды. Сондықтан ботаны шаранадан (әсіресе танауын) тазартып, үстін өрілген сабан не орамалмен ысқылап сүртеді. Ботаның кіндігін 5-6 см қалдырып, иодқа малынған тарамыспен қысып байлап, қалғанын кесіп иод жағады. Лас қорада туған, кіндігі дер кезінде кесілмеген бота «қоскіндік» ауруына шалдығуы мүмкін. Мұндай ботаның кіндігі ісіп, қызуы көтеріледі, енесін еме алмайды. Өзге түліктің төліне қарағанда бота аяқтанғанша өте әлжуаз болады, күтімді көп тілейді. Әсіресе ылғалды, суықты, иісті көтере алмайды. Сондықтан қораны үнемі жылы ұстап, желдетіп, төсенішті алмастырып отыру қажет. Әдетте ботаны туысымен 2 сағаттан кейін, одан әрі әрбір 3 сағат сайын (2-3 аптаға дейін) емізеді. Түйе көбінесе наурыз-мамыр аларында боталайды. Күн жылынғанша ботаны қорада, күн шуақта ашық қорада ұстайды. Ауа райы қолайлы болса, 15 күндік ботаны енесімен бірге ашық қорада қалдыруға болады.

Дереккөз

<references />