Без

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Без, биологияда — адам мен жануарлар организмінде арнаулы заттар — секреттер бөліп шығаратын органдар. Без өзінің атқаратын қызметіне қарай: сыртқы секреция бездері (мысалы, бауыр, сілекей бездері) және ішкі секреция бездері (мысалы, қалқанша безі, гипофиз, эпифиз, бүйрек үсті безі) болып бөлінеді. Қалқанша безі (glandula thyroіdea) адамда кеңірдектің қалқанша шеміршегі мен 5—7-кеңірдек сақиналары аралығында орналасқан, организмнің өсуін, дамуын, ондағы зат алмасуды реттейтін, құрамында иоды бар гормон түзіп, оны өзіне жинайтын орган. Қалқанша безі адамда, сүтқоректілерде біреу, ал қосмекенділерде, бауырымен жорғалаушыларда, құстарда жұп болады. Пішіні таға тәрізді, екі бөліктен тұрады. Ересек адамдарда салмағы 25 — 30 г. Жас ұлғайған сайын кішірейе береді. Әйелдің қалқанша Б-і еркектің қалқанша Б-іне қарағанда үлкендеу және жүктілік кезінде оның көлемі ұлғаяды. Тағамда иодтың жетіспеуі адамды бұғақ (зоб) ауруына шалдықтырады. Гипофиз (грек. hypophysіs — өсінді) — мидың төменгі қосалқы бөлігі, организмге қажетті әр түрлі гормондар бөліп шығаратын орган. Адамда гипофиздің салмағы 0,5 - 0,6 г. Ол алдыңғы (безді), орта (аралық) және артқы (жүйкелі) бөліктен құралған. Гипофиздің қызметі шамадан тыс күшейіп немесе әлсіреп кетсе, ол организмге елеулі әсерін тигізеді. Мысалы, гипофиздің ішкі секрецияны өте көп шығаруы баланың бойын шамадан тыс өсіріп, акцелераттануға ұшыратады. Гипофиздің қызметі әлсіреген жағдайда баланың бойы өспей қалады, организмде зат алмасуы бұзылады, ал ересек адам шамадан тыс семіріп кетеді, басқа бездердің қызметі нашарлайды. Эпифиз ( грек. epіphysіs — төмпешік) — адам мен омыртқалы жануарлар миының төрт төмпешік бөлімі үстінде орналасқан орган. Эпифиздің салмағы адамда 0,2 г, жылқыда 0,44 г, шошқада 0,04 г. Оның физиол. қызметі, активті заттары әлі толық зерттелмеген. Дегенмен эпифиз организмнің күн мезгілдері ауысуына орай өзгеріп, бейімделуіне мүмкіндік беретін орган деп есептелінеді. Жас балаларда эпифиздің қызметінің тежелуі олардың ерте жыныстық жетілуіне әкеледі. Бүйрек үсті безі (glandulae suprarenales) — екі бүйректің үстінде орналасқан, организмде белоктың көмірсуға айналуын және минералдық тұздардың алмасуын реттейтін жұп орган. Салм. 15 г, сыртқы және ішкі қабаттан тұрады. Бүйрек үсті безі 50-дей гормон (мыс., адреналин, альдостерон, кортикостерон, кортизон, т.б.) бөліп шығарады. Оның жұмысын орталық жүйке жүйесі басқарады. Бүйрек үсті безінің сыртқы қабаты зақымданса, адам аддисон ауруына шалдығады. Адам мен жануарларда ішкі және сыртқы секреция бездерінің қызметін қоса атқаратын ұйқы безі болады. Ұйқы безі (pancreas) — организмде көмірсу, май, белок алмасуына, яғни, ас қорытуға қатысатын орган. Омыртқасыздарда ұйқы Б-і тек моллюскілерде ғана болады. Адамда қарынның артқы жағында 1-, 2-бел омыртқа тұсында орналасқан. Ұзындығы 15 — 25 см, ені 3 — 9 см, қалыңдығы 2 — 3 см., салмағы 70 — 80 г. Ол тәулігіне 1,5 — 2 л сөл бөледі.

Сыртқы сілтемелер

Қазақ энциклопедиясы {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}} {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}