Баязит Сәтбайұлы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Сәулетші


Баязит шебер, Сәтбаев Баязит (1870 - 1954) — халық шебері, сәулетші. Аягөз қаласында дүниеге келіп, ескіше сауатын ашқан. 15 жасында Семейге жұмыс іздеп барып, табиғи дарынының арқасында көпес П. Ивановтың қарауында үй салумен айналысқан. 1890 жылы Семей мүфтиінің арнайы шақыруымен Стамбұлдан келген түрік архитекторы Абдолла Эфендидің қарамағында екі мұнаралы мешіттің құрылысына қатысқан. 1900 жылы Зайсанға келіп, көпестер тапсырысымен 30-ға жуық құрылысқа басшылық еткен. Олардың ішінде мешіт (1903), шіркеу, С. Манаповтың үйі - орыс және шығыс сәулет өнерінің көрнекті үлгілеріне жатады. 1923 жылы Бұтабаев , 1930 жылы Қытайға өтіп, Шәуешектегі гимназия үйін, көпес үйлерін салды. С. Торайғыров, Р. Марсеков, А. Байтұрсынов, тағы басқа қазақ зиялыларымен Баязит шебері жақын таныс болған.<ref>Қазақ энциклопедиясы</ref>

Өмірінің басы

Баязит 1870 жылы Аягөз ауданы, Шынқожа ауылында кедей отбасында дүниеге келген. Елі - керей ішінде әжі. Әкесі Сәтбай Келшібекүлы Семейде Ахмет Риза медресесінде дін оқуын оқып, өз жерінде молдалық құрған адам.
Баязит 12 жасқа келгенде әкесі қайтыс болып, тұрмыс тауқыметін тартқандықтан 13 жасында шешесі Тұштыбаланың төркініне, Семейге жақын Белағаш деген жерге қоныс аударады. Отбасында шешесі, апайы, бауыры, өзі төрт жан болады. Апайы Қалима руы уақ, Әлімжан деген адамға тұрмысқа шығады да, Баязит жалдамалы жұмысқа кіреді. 1883-1884 жылдар арасында татар байының қолында жалшылықта болады. 1884-1885 жылдары орыс байының қолында көшір (кучер) болып істеп, жазда арба, пәуеске, қыста шана-кәшопка (күймелі шана) айдайды. Ескіше сауатын әкесінен ашқан ол орысша оқып-жазуды осы жылдары үйренеді. Иванов деген орыс байының қолында құрылыста жұмыс істеген уақытта үй тұрғызу, қоғамдық құрылыстар салу ісімен толық танысып, оның жазуы мен сызуын оқудан бастап, өзі сызып үйрену дәрежесіне жетеді. Алдымен десятник болып, соңынан каменщик, подрядчик мамандығын алып, өзі дербес құрылыстар салып басқару дәрежесіне жетеді. Орыстың құрылысшы-инженерлерімен, архитекторларымен тең дәрежеде сөйлесіп, құрылыстар салу ісінде кем түспейтіндігін көрсетеді. Сауда қаласы Семейде әкесінен бастап құрылыс салып келе жатқан Иванов бірталай құрылыс нысандарын Баязитке сеніп тапсырады. Осы Ивановтың көмегімен шешесінің жақыны, уақ Бозқозы деген кісінің Қадиша атты қызына үйленеді. Қалың мал, той шығынын сол орыс байы көтеріп алады.
Оның үстіне 1890 жылы Семейдегі мешіт құрылысын салуға мүфти түрік архитекторы Абдолла Эфендиді Стамбұлдан шақыртады. Баязит мешіт құрылысына да қатысып, шығыс сәулет өнерінің қыр-сырына да қаныға түседі. Осы жылдары ол орыс архитектурасы мен шығыс сәулет өнерін қабыстырып-синтездеу, сөйтіп, кең ауқымды шығыстық колоритті айшықтаған ғимараттар салу жоспарларын жүзеге асыруды ойлайды.
Отбасында шешесі, інісі Нұрмұхамбет, немере інісі Құмар Қамысбайұлы, әйелі Қадиша Бозқозықызы бес адам болады. Жездесі Әлімжан мен апайы Қалима екеуі бірдей қайтыс болып, 14-15 жастарында жетім қалған Нұрқожа, Айтқожа Әлімжанұлдары Баязиттің қолына қарап, тәрбиесінде болып, тас қалаушы, құрылысшы мамандықтарын игереді.

Алаш көсемдерін Зайсандағы өзі салған құрылыстармен таныстырады

Сурет:Bayazit Satbaiuly ghimarat1.jpg
Баязит Сәтбайұлының салған ғимараттарының бірі

Бір топ Сәтбаевтардың бұл атағы туған жері Аягөзге де жетіп, 1897 жылы туыстары Жапар, Әбдірасыл, Сүлеймен, Арықмолла Елшібек ұлдары Аягөзге көшіріп алады. Аягөзде біраз уақыт жергілікті ауқатты адамдардың тапсырысымен там салып, үй тұрғызып жүргенде, Ресей мен Қытайдың арасындағы өткел -Зайсан қаласында құрылыс істері ерекше қанат жайып, Баязит Сәтбайұлы Зайсанға шақырылады. 1900 жылы Баязит інісі Нұрмұхамбет, немере інісі Құмар, жиендері Нұрғожа, Айғожа Әлімжанұлдары Аягөзден Зайсанға қоныс аударады. Арада он шақты жыл өтпей жатып Зайсан казак-орыс әскерінің штаб үйін, Никольск шіркеуін, әскерлер казармасын салады. Сол заманғы Қазақстандағы мешіт ғимараттарының ішіндегі көрнектілерінің бірінен саналатын татар мешіті де осы уақытта бой көтереді. Тапсырыс беруші - үлкен қажы атанған Тұхпатолла Бекчентаев.
1909 жылы саудагер Ерзин Қалелдің (кейін аудандық мәдениет бөлімі болды), келесі жылы Мұсабек (қазіргі ЦУМ-ның орнында болған) пен Бидахмет Бәбікеновтің (ел Бобкин атап кеткен) үйлерін (қазіргі аудандық музей) салды. Бидахмет Бәбікенов (Бобкин) - қазақтан шыққан алғашқы саудагерлердің бірі. Нижний Новгородта сауда дүкені болған. 1900 жылдардың басында Б. Бәбікенов өзінің бірге өскен досы әрі туған құдасы Бекмұхаммед Сатыбалдыұлымен бірігіп, түңғыш отырықтанған қазақ ауылы Қуанышты тұрғызғанда, бас жобасын Баязитке жасатқан. Жобада мешіт, медресе, мектеп ғимараттарының ауылдың ортасында көрнекті жерлерге орналасуына назар аударған. Сол Қуаныш ауылындағы мектепке 1904 жылы Алаш көсемдерінің бірі Міржақып Дулатовты мұғалімдікке алдырып, ол үш жарым жыл сабақ берген.
1900-1906 жылдары аралығында Зайсан қаласында 30-ға жуық құрылыстар салды. 1915-1917 жылдары Шыңжаңдағы татар капиталисі Рамазан Чанышевтің шақыртуымен Шәуешек қаласында мұсылмандар гимназиясы ғимаратын, Шәуешек қаласының төрт бұрышына төрт азан шақыратын мұнара салады.
1918 жылдың май айында А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Р. Мәрсеков Зайсан қаласына келіп, Баязит салған «Мектеп Қазақияның» үйінде Алаш-орданың шығыс бөлімшесі қүрылады. Жиналысқа қатысқан Б. Сәтбаев келген қонақтарға Зайсанды аралатып, татар мешітінен бастап Никольск шіркеуіне дейінгі өзі салған қүрылыстарды көрсетіп риза етеді. Шебер 1925 жылы Шіліктіде Зейнолла Бұтабаевтың мазарын салады.

Қытайға да шақыртумен барды

Сурет:Bayazit Satbaiuly ghimarat2.jpg
Баязит Сәтбайұлының салған ғимараттарының бірі

1933 жылы Қытайдағы Алтай аймағының губернаторы Шәріпхан Жеңісханұлының шақыртуымен Сарысүмбе қаласына көшіп келеді. Ол туралы Баязиттің ұлы Мұқатай былай дейді: «...1933 жылы Қытай жеріне өтіп, Алтай облысы Сарысүмбе қаласына қоныс аудардық. Алтай облысының бастығы Зайсандағы төре тұқымдары Дайыр, Көгедай ұрпағы Шәріпхан Жеңісханұлы деген кісі төраға екен... Абыройлы, өте келбетті адам еді. Отанымызда (Қазақстанда Омбыда оқығанын айтып отыр А. Тоқтабай) оқып өскен, он ұлттың тілін білем деуші еді. Мен Алтай қазақ-моңғол мектебінде оқыдым. Бізге келіп лекция сейлеп тұратын. Өлең үйрететін: Орнық, отырықшы бол! Айтқан өсиетім, сол деп бастайтыны әлі есімде. Шәріпхан Жеңісханұлы Зайсанды толық таниды. Әкемізді өз қарамағына алды да, неше түрлі кірпіш өртетіп, өкіметке көп үйлер салғызды. Совет консул орындарын, совет орыс докторханасын (ауруханасын А.Тоқтабай) салды» (Мұқатай Баязитұлы Сәтбаев 1923 жылы туған, Әкесі жайында естеліктер, А. Тоқтабайдың жеке архиві). Қытай жерінде Баязиттің салған құрылыстарының ішінде жеке адамдарға салған мавзолейлері ерекше танылады. Жәкеби Қойтанұлының (1833-1914) күмбезі 1966 жылы мәдениет төңкерісі кезінде құлатылған. Өміртай Нашынұлы - (1843-1934) Алтай бетіндегі төрт бидің бірі. Қазірге дейін сақталып жеткен Баязит шығармаларының алтынның сынығындай, алмастың буындай бірі. Қалған үш мавзолейдің үшеуі де қиратылған. Мұқатай Баязитұлының жазуынша, «...1935-1936 жылдары халық ашаршылыққа ұшырап, соғыс көбейіп, халық қозғалысқа ұшыраған соң... әкем кәрілік келгеннен кейін Шәуешек облысына туыстарына қоныс аударып, Дөрбілжін ауданында тұрып қалды. 1954 жылы апрельде 84 жасында қайтыс болды...» (Мұқатай Баязитұлы Сәтбаев 1923 ж. туған, Әкесі жайында естеліктер, А.Тоқтабайдың жеке архиві). «Шебердің қолы - ортақ» дегендей, Баязиттің салған құрылыстарының көпшілігі әлі күнге дейін пайдаланылуда. Зайсанда салған әдемі мешіттің 1930 жылдары дінмен күрес кезінде мұнарасы мен күмбезі қиратылып, мәдениет үйіне айналдырылды, қазір полицияның қарауында. Жиырма шақты тұрғын үйлер, біраз ғимараттар әртүрлі мекемелердің қолында. Жергілікті әкімшіліктің қолдауымен әрқандай жөндеулер болады, бірақ жеткілікті ғылыми реставрация дәрежесінде емес. 1980 жылы осы жолдардың авторының бастамасымен Зайсан қаласындағы Б. Сәтбаев салған 20-ға жуық құрылыстардың паспорты жасалынды. 400-дей фотография түсірілді. Паспорттар мәдениет министрлігіне қарасты "Қазпроектреставрация» институтының архивінде сақтаулы. Фотографиялар Зайсан музейінің қорында. Зайсан мешіті 1985 жылы республикалық дәрежедегі архитектуралық мұралардың қатарына кірген. Құрылыстың негізгі өлшемдері де алынып, қалпына келтіру жобасы да жасалына бастап, 1990 жылдары тоқтап қалды. Қазан төңкерісіне дейінгі көлемінің үлкендігі мен архитектуралық жобалануының ерекшелігімен саусақпен саналатын сән-салтанатты мешітке арнаулы республикалық дәрежедегі реставрация қажет. Осы түрғыдан алғанда Шәуешектегі гимназия үйі мен қос азан шақыратын мұнаралардың тағдыры дұрыс шешімін тапқан. Біріншіден, құрылыс Қытай мемлекетінің, сәулет мұраларының тізіміне кірген. Екі рет мемлекет тарапынан жөндеу-реставрация жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілген. Қазір Тарбағатай аймақтық мұражайы болып тұр. Мұнаралар да күрделі жөндеуден өткен, қаланың ортасында, шығыстық-мұсылмандық сәулет өнерінің ескерткіші болып, бірден көзге шалынады. 1960 жылдары мәдени төңкерістен аман қалған Өміртай Нашынұлының күмбезіне де 1990 жылдары қалпына келтіру жүмыстары мемлекет тарапынан жүргізіліпті. Сонымен қатар, кесененің әр кірпішіне дейін өлшеніп, макеті жасалынып, аймақтық музейге қойылыпты. Бейне бір сырлы ойыншықтай көрушінің көзінің жауын алады. Алып кесененің өзін көріп, макетін тағы бір тамашаласақ, салған шеберге дән риза боласың, кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді екен. Баязит Сәтбаевтың қазақ мәдениетінде, ұлттық өнерімізде орны қандай деген сұрақ қойсақ: бірінші - салған құрылыстрадың молдығы. Екі мемлекетте 50-ге жуық құрылыстар салған. Екіншіден, XIX ғасыр мен XX ғасыр басында бейіт, сағана, кесене, там, мазар салған қазақ ұсталары мен тамшылары көп болған. Б. Сәтбаевтың ерекшелігі сол: бейіттің басында, кесененің көлеңкесінде, мазардың мөлшерінде қалмай, өзінің сәулеткерлік өнерін орыстың, шығыстың құрылыс ісімен ұштастырып, кәсіпқой маман - сәулеткер дәрежесіне көтерілуінде. Демек, Б. Сәтбаев - қазан төңкерісіне дейінгі қазақтан шыққан тұңғыш профессионал-сәулетші. Сөз жоқ, Баязиттің творчествосы мен салған құрылыстары қазақ архитектура тарихынан өз орнын алады. Сондықтан жан-жақты зерттеуге лайық деп білеміз.<ref>// "Дидар" газеті. №82 (17171) 23 шілде 2015. 22 б. Қазақтың тұңғыш сәулетшісі. Ахмет Тоқтабай, тарих ғылымдарының докторы, профессор.</ref>

Дереккөздер

<references/>