Базой газ кен орны

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Базой газ кен орны - Арал шөгінді алабының Шалқар ойысымындағы газ кенорны. Ақтөбе облысында, Арал теңізінің батыс жағалауында 30 км жерде орналасқан. Өнеркәсіптік газ ағымы 1964 жылы алынған.

Геологиялық құрылымы

Кен сыйыстырушы құрылым меридианға жуық бағытта созылган қос күмбезі Жақсықоянқұлақ және Жаманқоянқұлақ аталып кеткен брахиантиклин қатпар болып табылады. Олардың амплитудасы 40 және 64 м. Өнімді горизонт қалыңдығы 27-160 м келетін түрлі түйірлі құмтастар мен құмдардың, алевритті саздардың, алевролиттердің қойнауқаттары кезектесе қабаттасқан екі будадан тұрады.

Жатыс сипаты

Өнімді будалар қалыңдығы 10 м-ден 19 м-ге дейін жететін саз қабатшаларымен бөлінген. Жинауыштардың ашық кеуектілігі 27,5%-дан 37%-ға дейін езгереді, өтімділігі 0,169-0,7- 25 мкм2. Екі көтерілімнің де газ жатындары қойнауқаттық, күмбезді. 1-ші жоғарғы өнімді буда Жаманқоянқұлақ көтерілімінің негізгі газұстаушы горизонты болып табылады. Жинауыштың тиімді қалыңдығы 27 м-ден 9,7 м-ге дейін өзгеріп отырады. Жақсықоянқұлақ көтерілімінің аумағында бұл буданың тиімді қалыңдығы 0,8-3,7 м-ді құрайды. 2-інші газды буда үшін бұл шамалар 0,6-5,5 м-мен шектеледі. Газға қанығу коэффициенті 0,74-0,77. Жаманқоянқұлақ жатынының газды горизонты оның солтүстік-батыс қанатында 27 м-ге, оңтүстік-шығыс қанатында 58 м-ге жетеді; Жақсықоянқұлақ жатыны үшін, тиісінше, 35-36 және 55 м, қойнауқаттық қысым мен температура 3,36-3,41 МПа, 25°С шамасында. Газ шығымы ұңғымалар бойынша 47,2-51,0 мың м3/тәу шамасында ауытқиды. 1-інші және 2-інші будаларды бірге сынағанда газдың абсолют еркін шығымы Жақсықоянқұлақ көтерілімінің ауқымында 186-366 мың м3/тәулікке, Жаманқоянқұлақ алаңында 250-291 мың м3/тәу-ке жетті.

Құрамы

Жатындардың газы құрамы жағынан "құрғақ" болып келеді, 93-96% метаны, 3,4-4,7% азоты, 1,26% көмірқышқыл газы бар. Хлоркальцийлі типті қойнауқаттық сулардың минералдылығы 53-82 г/л. Жатындардың режимі серпімді суарынды. Қазіргі кезде кен орны түгелімен игеріліп болған, құрылым пайдалы көлемі 3,5 млрд. м3 газ шоғырын сақтауға жарамды жасанды қойма ретінде пайдаланылады. <ref>Қазақ энциклопедиясы</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер