Аш-Шибли

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Аш-Шибли, Әбу Бакр Дулаф б. Джахдар (б. Жафар) (861 - 946)-Бағдаттық сопы, әл-Джунайд пен әл-Халладждың ең жақын шәкірті әрі серігі. Самарада дүниеге келеді, оның әкесі халифаның бас хаджибі, ал ағасы Александрияда әскер басы (амир әл-умара) болған. Аш-Шиблидің өзі де әл-Муваффак халифтің хаджибі болып қызмет атқарды. 40 жасқа толған кезінде ол Солтүстік Ирандағы Демауенд аймағының билеушісі (уәлиі) қызметіне тағайындалады, ол күтпеген жерден бұл қызметтен бас тартып, «күнәға батқанын мойындал», белгілі бағдаттық сопы Хайр ан-Нассадждың мәжілісінде (араб. маджлис) сопылықты қабылдады. Алғашқы кезде Аш-Шибли өзінің тез шаттануға бейім мінезіне орай әл-Халладж уағыздаған «әсіре» сопышылдықты жақтады. Алайда әл-Халладждің қуғындалуы, содан соң қатігездікпен өлтірілуі Аш-Шиблиді өз көзқарастарын өзгертуге мәжбүр етіп, әл-Джунайд пен оның маңындағыларға тән өте сақ әрекетке көшуге итермелеген сияқты. Аш-Шиблидің әл-Халладж жолынан бас тартып, оны таңдаушылар ғана білуге тиісті «құпияларды» жария еткені үшін айыптағаны туралы да деректер бар. Әл-Халладж өлтірілген соң Аш-Шиблидің мінез-құлқы мүлде өзгеше сипат алады. Оның шектен шыққан әрекеттері (қымбат киімдері мен асыл нәрселерін отқа жағуы, өзін-өзі азапқа салуы, т. б.), ерекше қызбалығы оны жынданған деп есептеуге желеу берді. Сондықтан бұл кезде басқаша ойлаушыларға және «шектен шыққан жаңалықтарға» (бида) қарсы күрес ашқан Бағдат билеушілері Аш-Шиблиге назар аудара қойған жоқ. Аш-Шиблиді оның белгілі шектен шыққандығы мен маликшілер мазһабына қатысы барлығы да құтқарған болуы мүмкін, себебі ол кезде маликшілдер басқаша ойлаушыларға қарсы күресті бастағандар қатарында болған еді. Аш-Шиблидің өмірбаянын жазушылардың деректері бойынша, ол құқық және Құран туралы ғылым салаларын білуі жағынан көрнекті білімпаздардан кем түспеді. Аш-Шиблидің, негізінен, өмірінің соңына қарай жазылған «шабыттану сәтінде айтқан сөздері» (шат-хийат) мен ишараларында «Кұдайды сүюдің» азаптары мен қуаныштары туралы, ең биік мақсат - Құдаймен жақындасу үшін пәнилік өмірден бас тарту қажеттігі жайында, шын сопы ұстануға тиісті өзін өзі басқару мен байқау жөнінде жұмбақталған түрде айтылады. Аш-Шиблидікі деп есептелетін қияли өлендердің көркемдік құндылықтары да жоғары. Оның шәкірттерінің арасындағы ең белгілілері Әли әл-Хусри мен Әбу-л-Касым ан-Насрабази. Аш-Шиблидің өмірбаянынан алынған оқиғаларды, оның сөздері мен өлеңдерін белгілі сопылық трактаттардың бәрінен де кездестіруге болады. Алайда оның танымал болуының сыры көзқарастарының бірегейлігіне байланысты емес, ойлау жүйесінің кереғарлығына, мінез-құлқының өзгешелігіне, сопышылдық тарихындағы ұлы адамдар тағдыры мен елеулі оқиғаларға қатысы барлығына байланысты. Бағдаттағы Аш-Шиблидің моласы жақсы сақталған және оған әлі күнге дейін ерекше құрмет көрсетіледі.<ref>Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}Үлгі:Islam-stub