Аушы құстардың мінез-құлығы туралы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Аушы құстардың мінез-құлығы туралы. Алайда "Ат шаппайды, бап шабады" дегендей, құсбегілер бүркіттің әуелі сынына, екіншіден оның "жүректілігіне" басты назар аударады. Балапан ұясында өз өкшесімен тұрмай тұрып, ұядан алып қолға түсірсе, ол асырауға көнбейді деседі. Балапанның астына жұмсақ төсеніш төсеп, жемді істікке шаншып беріп үйретеді. Бүркіт балапанын қанаты әбден қатайып топшысы бекіп, еріп ұша алатын халге жеткен кезде ғана ұшырады екен. Оған дейін қауіп төнсе, адам көзінен аулаққа алып кетіп баулиды. Құсбегілер құсты мінезіне қарай у-шуға тез көндігетін, қолға тез үйренетінін ақпейіл, ал керісінше баптауға қиындау, көне бермейтінін қыңғы деп екіге бөледі. Қыңғыларының мінезі қатал, иесінен басқа үйренбеген жанға тұмсығын, аяғын ала жүгіретін, қанатымен соғып жіберетін әдеттері бар. Ал аңға түскенде көрсететін мінезінде олжаға түсуді жақсылап үйретіп баулымаса олақтанып, аяғын шайнататын дарақылар осындай мінезділерден шығады. Ал, ақпейіл құс алғашқы күннен адамнан қымсынбай тез үйреніп, томаға, баудан тайсалмайтын, қашпайтын болады.

Батыл құсты баптап салса, ол еш нәрседен тайсалмайды.

Бүркіттің бір күдіреті осында. Жазушы С. Мүқанов еңбегінде бүркіттің ерлігі туралы деректер келтіреді: 1930 жылдары Еділ бойы балықшылары дариядағы алып қортпа балыққа түсіп, су бетінде қанаты қалқып тұрған бүркіттің ерлігі туралы "Известия" газетінде жарияланған дейді. Сонда алып балықты көтеріп әкете алмаған бүркіт түяғын батырып оның сүңгуін тежеп, қанатын жайып жібермей қарсылық көрсетсе керек. Авиацияның дамуы басталған кездерде бүркіттің ұшақтарға шабуылдағаны әр елдерде тіркелген. Қазақстандық зоолог-эколог А. Лесняк бүркіт еліктің лағын іліп әкетпек болғанда, лақ енесінің артқы аяғының арасына тығылғанын өзі көрген. Осы кезде оның енесіне шабуылдап, арқасын бүріп, төбесін шеңгелдеп, шірене тартқандығы туралы жазады. Аспанда ұшып келе жатып, топ арасынан өзіндей шілді іліп әкету қаршығаның "ісі". Қаршығаның ұстаған аңының жан шықпайынша ауыз салмай күтетін әдеті бар. Бірақ, өте төзімсіз, әрнені қызықтап отыратын және аумалы-төкпелі мінезі бар. Ашушаң болғандықтан шошынса, көңілі қалса өрекпіп, шалқақтап ашуы ұзаққа дейін жалғасады. Қаршығаның тағы бір ерекшелігі, ол лашын, ителгі тәрізді кетіп қалмайды, қуған аң-құсын іле алмаса, иесінен ұзамай, сол маңайдан кетпейді. Соңынан барып шақырғанда иесінің қолына оңай келіп қонады. Бүркіт өте ақылды, жершіл құс болғандықтан ересек тау бүркітін ойға әкеліп қайырса, ештеңе іле алмай, жүдеп-жадап, азып кетеді. Сондықтан ұядан алған балапан болмаса алыс жаққа апара бермейді. Бүркіттің бір мекенде қысы-жазы тұратындары, аң-құс аз, ауа райы қолайсыз болса, адамдарша қыстау, жайлауын таңдайтындары да бар. Жаңадан ұстаған түз құсы мен ұядан алған балапанды қолға үйретуді, жуасытуды күз айларында бастайды. Асау бүркітті қолға үйрету ептілікті, төзімділікті, мейірімділікті қажет етеді. Өйткені бүркіт өте сезімтал да қатал, кекшіл келеді.

Оның етін ауыртып, қол жұмсап шошытып, ашумен қағыпсоқса, жуырда ұмытпай, кек сақтайды. Бүркітті томағалағанда

басын қысып, ауыртпау керек. Томағасы басына шақ емес, өлшемі сәйкеспеген болса, бүркіт томағабезер, басасау болып жаман мінезге ұрынады. Осы жағдайлардың бәрін мұқият ескеріп, бүркіттің еркіне көніп, әуенімен төңкеріліп, жас баладай әлпештеп, әр мінез, болмысына төзіп баққан жөн. Қайыру жақындаған шақта бүркітке аяқбау кигізіп, онан желібау өткізіп, басына томаға салады. Семіз, әрі көдексіп қалған құс қолға отырмай, тыпыршып, бүріп тастағысы келетіндіктен оң қолды созып, алысқа ұстайды. Біршама уақыт бойы құс аузын ашып, ырсылдай беретіндіктен іші "қызып кетпес" үшін қанатының астына, жотасына су бүркіт отырады. Кешке қарай томағасын алып қояды. Жазатайымда бүркіт ашумен адамды түяғымен бүріп қалып, тұяғы алынбай қалса бүркіттің басын оңға-солға екі-үш рет бұрап жібергенде тұяқтарын ажыратады. Ал ұсақ құс адамға шап беріп, бетін бүріп алған жағдайда олардың санын қысу арқылы оңай ажыратады. Алғаш далбай, шырғаға түскен құс қызғаншақ болып келетіндіктен бүркітші ғана жақындайды және сақтықпен биялайын алдына көлегейлеп келіп, аяқбауынан еппен ұстайды. Оны далбайдан айырып алған соң көрсетпеуге тырыспаса, оны көріп қалса ұмтылып бүруге әрекеттенеді. Үйренген бүркіт балдаққа алып жүрген кезде мойнын ішіне тартып, иығын шығарып, денесін қомдап, қозғалмай қалады. Құстың аңға ұшқан сәтінде шығаратын дыбысы мен әрекетіне байланысты кәнігі құсбегілер оны ажыратып, оның сырына қарай әрекет етеді екен. Бүркіт аң көргенде шабыттанып, танауы шу етіп, аузын ашып, ұмытыла береді. Бірнеше мәрте талпынғанда ұшырмаса, саңғырығын тастап та жібереді. Биік тұғырда тұрған құсбегі томағасын тартқанда, құс көзін сүзе, қылмың етіп ұшса, ондайда: "Қыран тауып ұшты, түседі", - деп, төбеден төмен түсуге өзі асығады. Ал томаға тартқанда қос жанарымен төңіректі тінте, асыға жебей атылса: "Бабында екен, тілеп ұшты",- деп жақсылыққа жориды. Ал кездейсоқ түлкіні көре қалып ұшса: "Көрнеу ұшты, көтерілмейді",- деп тездетіп құс ұшқан бағытқа қарай қосыла шабады екен. Бүркіттің құсбегінің қолынан томағасы сыпырылып ұшқан кезінде пыс еткен дыбыс шығарса, онда түлкіге ұшқаны дейді. Ал басқа аңға аттанғанда ондай дыбыс шығармайды. Құйрығын бейілдене қағып, қанатын жіті сермеп шырқаса, аңды құтқармайдыдеп топшылайды. Аушы құстардың арасынан ең қашағаны, қашып кететіні - ителгі. Сондықтан қазақ: "Ителгі салғанның атының басын ит жепті", - деп келемеж еткен. Аушы құс ілген қыр (су) құсын ұстағанда оны екі аяғымен мықтап басып, жаратын тұсының жұнін түте жұлып жалаңаштап алады да, қызыл етке тұмсығын тығады. Ол маңда бәсекелес құс көрінсе, олжасын қызғанып, обырлана қарбытады. Дегенмен, табиғатынан тәкаппар жаратылған аушы құстар алған аң-құстың тек дәмді, жылы-жұмсақ бөлігін ғана жейді. Өйткені олар асыл тұқымды, жаратылысынан ашқарақ емес.<ref>Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы. - Алматы: "Алматыкітап", 2007. - 208 бет, суретті. Б. Хинаят, Қ.М. Исабеков. ISBN 9965-24-813-3</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}