Аралас шаң-тозаңдар әсерінен дамитын пневмокониоздар

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Тәжiрибелiк жағдайда жиi бiр емес бiрнеше шаңдар әсер етедi, яғни аралас шаңдар. Мұнда пневмокониоздың аталуы шаңның кұрамына байланысты: сидеросиликоз, антракосиликоз, т.б. Шаңның түріне байланысты аралас шаң тыныс ағзаларына түскендегi пневмокониоздың ағымы, клиникасы әртүрлi болады. Бұлар құрамында бiрнеше әртүрлi ингредиенттi, яғни аралас шаңдардың әсер етуіне байланысты дамиды. Аралас шаңдардан дамитын пневмокониоздар электр дәнекерлеуші аэрозольдердi жұту нәтижесінде дамиды. Электр дәнекерлеуші аэрозольдердің негiзгi ингредиентi темір оксидi болып табылады. Сонымен қатар, оның кұрамында аз мөлшерде кремний, марганец, титан, цинк, хром және т.б. металл диоксидтерi мен газдар (азот оксидi, көміртегі, озон, сутектік фторидi) болады. Сондықтан электр дәнекерлеушілерде пневмокониоздар мен созылмалы бронхитке қоса, бронх демiкпесi (аустениттiк электродтармен жұмыс істеу кезiнде хром және оның қосылыстары әcepiнeн) немесе марганец, азот, көміртекті оксидімен улануда литейлiк қызба дамуы мүмкін. Егер пiсiрушi аэрозольдің құрамында көп мөлшерде темір оксидi мен кремний диоксидi шаңдары болса, онда бұл жағдайда электр дәнекерлеушінің пневмокониозын сидеросиликозға жатқызады. Басқа металл шаңдары (марганец, хром, алюминий) электр пiсiру кезiнде аз мөлшерде бөлiнедi, бұл пневмокониоздық үдерiстiң дамуына алып келедi. Жабық жерде (цистерна, котел iшiнде) марганецтiк электродтармен жұмыс iстейтiн электр дәнекерлеушілерде манганокониоздың даму оқиғалары белгiлi. Электрдәнекерлеуші аэрозольдердің әсерінен дамитын пневмокониоздар қатерсіз ағымды болады және баяу дамуымен сипатталады. Олар әдетте 10-20 жыл жұмыс істегенен кейiн, ал жабық жерде iстеушiлерде 5-6 жылдан кейiн дамиды.

Клиникалық көрінісі.

Аурудың бастапқы сатысында науқастың шағымдары болмайды. Тек мұқият сұрастыру кезiнде кейбiр науқастар физикалық күш түскен кезiнде аздаған ентігу пайда болуын, кезектi түрде құрғақ жөтел болуын айтады. Объективтiк түрде жеңіл дәрежедегі өкпе эмфиземасы мен жеңіл бронхиттің белгiлерi анықталады. Кейде созылмалы бронхит пен бронх демiкпе көріністері байкалады. Өкпе рентгенограммасында электр дәнекерлеуші пневмокониозы кезiнде өкпе көрінісінің екі жақты диффуздық күшеюi және деформациясы аныкталады, сонымен қоса қос өкпе алаңдарында бiркелкi тараған майда дақты көлеңкелер көрінеді. Аталған өзгерiстер электр дәнекерлеуші аэрозольдің рентгенконтрастық металдық бөлшектерінің шаңы жиналуына байланысты.
Силикоздық түйiндерге қарағанда олардың көрінісі айқын, анық шекаралы қосылуға бейiмдiлiксiз болады. Өкпе түбiрлерi аздап тығыздалған. Электртоғымен дәнекерлеушілердің пневмокониозының клиникалық-рентгенологиялық көрінісі әдетте аурудың I немесе II-сатысына сай, ал III сатысы тәжiрибеде кездеспейді. Пневмокониоздың бұл түpi өте сирек жағдайда өкпе туберкулезiмен асқынады. Аралас шаңды пневмокониоздарға болат пiсiрушiлер мен жылтыратушылардың, сланц өндiрiсi жұмысшыларының пневмокониоздары да жатады. Бұлардың клиникалық ағымы қатерсіз болып келедi. Аралас шаңның әсеріне дамыған пневмокониоздардың ауырлық ағымы оның құрамында болатын бос кремний диоксидiнiң деңгейімен анықталады.

Емі.

Аурудың асқынбаған түрлерiмен ауыратын науқастар арнайы емдi қажет етпейді. Оларға тек өз ағзасын күшейтуге бағытталған жалпы профилактикалық шаралар жүгiзiледi: сапалы тамақтану, тыныс алу жаттығулары, емдiк дене шынықтыру, еңбек және демалыс тәртібiн сақтау. Асқынулар кезiнде (созылмалы бронхит, бронх демiкпесi) аурудың ағымына байланысты сәйкес ем жүргiзiледi. Еңбекке жарамдылық экспертизасы. Аурудың I, II-сатысында тыныс алу және жүрек жеткiлiксiздiгi белгiлерi болмаса, өз жұмысын жалғастыра алады, тек жабық аймқтарда жұмыс істеу көрсетілмейді. Асқыну белгiлерi косылған жағдайда науқастардың енбекке жарамдылығы шектеледi немесе еңбекке жарамсыз деп табылады. Еңбекке жарамдылығы шектелген науқастар шанмен байланыс болмайтын, тiптi тiтiркендiргiш заттардың әсері жоқ қолайлы метеорологиялық жағдайда, өте төмен физикалық белсендiлiктi қажет ететін жұмыстарға ауыстырылуы тиiс.

Алдын алу шаралары.

Электр дәнекерлеушілерде пневмокониоз дамуының алдын алу шараларына арнайы пiсiру машиналарын қолдану, доғалы пiсiргiштi контактылық немесе қарсылық көрсету пiсiргiшке ауыстыру, жұмыс орнында әсіресе жабық кеңістегі жұмыстарда қолайлы желдетуші қондырғыларды қолдану жатады. Қорғағыш әйнектер қолдану қажет, себебi олар электр әсерінен кездi қорғап және электр дәнекерлеушілердің тыныс алу аймағында ауаның шаңдануын төмендетедi. Электр дәнекерлеушілерді кезектiк түрдегi медициналық тексеру 24 айда 1 рет терапевттің және отоларингологтың қатысуымен жүргiзiледi. Қосымша зерттеу әдiстерiне кеуде қуысының рентгенографиясы және сыртқы тыныс қызметін зерттеу жатады. <ref>«КӘСІПТІК АУРУЛАР» Бекмурзаева Э.Қ., Сейдахметова А.А., Сейдалиева Ф.М., Абдукаримова Ж.М., Умиралиева Г.А., Ибрагимова Р.Б., Садыкова Г.С., Қорғанбаева Х.Т., Байдуллаев Б.М., Азизова А.А., оқу құралы, Шымкент 2012 </ref>

Дереккөздер

<references />