Аллергиялық диатез

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Диатез (гректің бейімділік деген сөзі). Яғни тері мен шырышты қабаттардың қабынуға бейімділігі. Бұл тұқым қуалайтын жағдай.Осы жағдайдың әсерінен зат алмасу бұзылады, әсіресе су және минералды тұздардың алмасуы, организмнің ауруға қарсы тұру қабілеті төмендейді. Сондықтан балалар жиі ауырады, аурулары ұзаққа созылады, жиі асқынып кетеді.

Аллергендердің түрлері

1. Тамақ аллергендері-сиырдың сүті, жұмыртқаның ақуызы, цитрус жемістері, какао, бал, шоколад, қызғылт және сары түсті жемістер мен көкөністер, грек жаңғағы т.б. 2. Дәрі аллергендері-антибиотиктер, витаминдер, сульфаниламидтер т.б. 3. Вакциналар, сарысулар. 4. Тұрмыстық аллергендер-үй ішінің шаң-тозаңы, үй жануарларының жүні, құс жүні, балықтың жемі т.б.


Клиникалық айқындалуы

Аллергиялық диатез баланың 3-5 айлығында басталып 1-2 жылға созылады, ал кейде тіпті өмір бойы айқындалып демікпеге, аллергиялық бронхитке, аллергиялық дематозға асқынуы мүмкін. 1. Аллергиялық диатездің терідегі айқындалуы:

  • Үлкен еңбектің тұсында шаштың арасында майлы сары қабыршықтар пайда болады, бірте-бірте бұл қабыршықтар қалыңдап тұтас қабыққа айналады да, баланың басына телпек кигізіп қойғандай болады. Бұны себорея немесе гнейс деп атайды.
*Баланың күтімі жақсы болса да оның тері қыртысында баздану пайда болады, бұл базданудың емделуі өте қиын.
  • Баланың бетінде құрғақ есекжем пайда болады. Тері қызарып, қалыңдап, қабыршықтанып кетеді. Кейбір кезде асқынып құрғақ есекжем сулы есекжемге айналуы мүмкін. Есекжем шыққан кезде баланың денесі дуылдап қышып кетеді, ол мазасызданып ұйқысы бұзылады, тәбеті төмендейді.

2. Аллергиялық диатездің шырышты қабатында айқындалуы:

*Бұл балаларда ринит, фарингит, ларингит жиі дамиды.
*Себепсіз іш өту кездеседі.
*Баланың тілінің үсті шұбарланып, тілініп, «географиялық карта» пайда болады.
3.      Аллергиялық диатезде шеткі лимфа бездері ісініп үлкейіпкетеді.
Аллергиялық диатездің асқынуы-стрептодермия-терінің іріңді жарасы.


Емі

1.Баланы жасына қарай тиімді тамақтандыру керек. Оның тамағынан мүмкін деген аллергендерді алып тастау керек. Сиыр сүтінің орнына айран беруге болады., ал жұмыртқаның сарысын баланың үсті таза кезде ептеп 1/3 бөлігінен бастап берген жөн, балаға берілетін майлардың 1/3 бөлігі өсімдік майы болуы керек, ас тұзын да азайтқан жөн.
2.Қандай тамақтың аллерген екенін білу үшін баланың анасы «Тамақтандыру күнделігін» жүргізеді. Онда күнделікті балаға берілетін тамақтың құрамы және баланың организмінің ол тамаққа тері және шырышты қабаттар жағынан берген жауабы жазылып отырады.

3.Жалпы емдеу- баланың денесінің қышуын азайтып, ұйқысын жөндеу үшін, аллергендердің әсерін басу үшін антигистаминдік, гипосенсибилизациялаушы терапия өткізіледі: пипольфен, тавегил, супрастин, димедрол, кальций препараттары т.б.


Жекеленген орындарды емдеу

  • Себорея болған кезде баланың басына стерильді жылы өсімдік майынан 2 сағатқа компресс жасау керек, соңынан жиі тісті тарақпен тарап қабыршықтарын алып тастаған жөн.
  • Сулы есекжем болса балаға әртүрлі дәрілерге малынған дәріні 15-20 минутқа таңып қояды. Дәкені итошаған-череда қайнатпасына, Буров сұйығына малуға болады. Мақсаты: сулы есекжемді құрғақ есекжемге ауыстыру.
  • Құрғақ есекжемге құрамында мырыш-тальк-глицерині бар және гипосенсибилиздаушы майлар (димедролды май, лоринден, оксикорт т.б.) қолданылады.
  • Балаға түймедақ, итошаған, емен қабығы қайнатпаларымен және крахмалмен емдеу ваннасын жүргізуге болады.
  • Денесі базданған кезде жөргекке бос орап, ауа ванналарын өткізіп, стерильді өсімдік майын жағу керек.
  • Баланың денесі қатты қышынып, мазасызданып кетсе қасынбау үшін екі қолына тақтайша байланады, ал бетіне екі көзін, аузын, мұрнын ашық қалдырып дәріге малынған дәкемен маска жасалынады.
  • Егер диатез іріңді жараға асқынып кетсе, құрамында антибиотиктері бар майлар пайдаланылады.


Күтімі

1. Гигиеналық жағдайды мұқият сақтау. 2. Таза ауада жиі серуендеу. 3. Баланың диетасын қадағалау. 4. Өте еппен шынықтыру. 5. Жұқпалы аурулардан сақтандыру. 6. Диспансерлік бақылау. 7. Егулерді аллергияны басатын дәрілердің фонында жасау.


Алдын алуы

Аналар аяғы ауыр кезінде және емізіп жүрген кезде аллергияны жиі шақыратын тамақтарды мейлінше аз жегені дұрыс.Балаға да сол тамақтарды ептеп берген жөн.