Алаш партиясы программасының жобасы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

"Алаш" партиясы программасының жобасы:

  • I.Мемлекет қалпы

Русия демократишески, федеративни республика болу (Демократия мағынасы - мемлекетті жұрт билеу. Федерация мағынасы - құрдас мемлекеттер бірлесуі. Федеративтік республикада һәр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. һәр қайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді). Үкімет басында Ушредителни собрание мен Г.Дума қалауынша келісімді жылға сайланатын президент болу. Президент халықты министрлер арқылы бағу, ол министрлер Ушредителни собрание мен Г.Дума алдында жауаптар болу. Депутаттар тегіс, тең, төте һәм хуфия сайлаумыш болады. Сайлау хақында қан, дін, еркек-әйел талғаусыз болады. Законды жалғыз ғана Г.Дума шыгаруы һәм Г.Дума хүкімет үстінен қарап, іс тексеруі, запрос (сұрау) жасау хақы да Г.Думада болады. Мемлекет салығы Г.Думада салынбау.

  • II.Жергілікті бостандық

Қазақ жұрты облыстардың бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып, Русия республикасының федерасиялық бір ағзасы болуы. Реті келсе, қазақ автономиясы сыбайлас жұрттар мен әзірге бірлесе болуы, реті келмесе, бірден-ақ өз алдына жеке болуы. Қайткенде де осы күнгі земстуолықты қабыл алуы. "Алаш" партиясы қазақтың би, болыс ауылнайлары сияқты орындарында қызмет ететін адамдар жұртқа пайдалы, жұрт үшін қызмет етерге көңілді адамдар болуына жаһид қылады. Земстуолардың упрауаларында, милисиаларында таза қызметші боларлық адамдардың атын халық қалауына салады. "Алаш" партиясы ғаділдікке жақ, нашарларға жолдас, жебірлерге жау болады. Күш-қуатын игілік жолына жұмсап, жұрт тарқы ету жағына бастайды.

  • III.Негізгі хұқық

Русия республикасында дінге, қанға қарамай, еркек-әйел демей адам баласы тең болу. Жиылыс жасауға, қауым ашуға жария сөйлерге, газет шығаруға, кітап бастыруға - еркіншілік; хүқымет қызметшілері, иссінаі рұқсатсыз, һеш кім табалдырығын аттаушылық; қылмысты болған адам судиа бар жерде 24 сағат ішінде, судиасыз жерде бір жетіден қалмай судиаға тапсырылып, судиа хүкімімен жабылуы. Кісі хатын ашқанға айып, оқығанға жаза болуы.

  • IV.Дін ісі

Дін ісі мемлекет ісінен айырылулы болуы. Дін біткенге тең хұқық. Дін жоюға ерік. Кіру-шығу жағына бостандық. Муфтилік қазақта өз алдына болуы. Неке, талақ, жаназа, балаға ат қою сияқты істер моллада болуы, жесір дауы сотта қаралуы.

  • V.Билік һәм сот

һәр жұрттың билік пен соты тұрмыс ыңғайына қарай болуы. Би һәм судиа жергілікті жұрттың тілін білу. Аралас жерде соттың тергеу - тексеруі һәм хүкімі жергілікті жұрттың қай көбінің тілінде айтылуы. Би һәм судиа орнынан тергеусіз түспеу. Билік һәм сот жүзінде жұрт біткен тең болуы; Қүдайдан соңғы күшті би һәм судиа болып, кімде болса, олардың хүкіміне мойынсұнуы. Айтылған хүкім тез орнына келуі. Қазақ көп жерде сот тілі қазақ тілі болуы. Присажнилар қазақтан алынуы. Қырдағы ауыл, болыс ішінде билік пен сот жұрт ұйғарған ереже жолымен атқарылуы.

  • VI.Ел қорғау

Ел қорғау үшін әскер осы күнгі түрде ұсталмауы. Әскерлік жасына жеткен жастар жерінде үйретіліп, жерінде қызмет ету: әскер табына бөлгенде туысқан табына карай бөлу. Әскерлік міндетін қазақ атты милисиа түрінде атқаруы.

Салық мал-ауқат, табысқа қарай байға - байша, кедейге - кедейше ғаділ жолмен таратылу.

  • VIII.Жұмысшылар

Жұмысшылар закон панасында болу. (Қазақ жерінде зауот-фабрик аз, сондықтан қазақтың Жұмысшылары да аз. "Алаш" партиясы Жұмысшылар турасында сосиал-демократтардың меншеуик табының проғрамын жақтайды).

  • IX.Ғылым-білім үйрету

Оқу ордаларының есігі кімге де болса ашық һәм ақысыз болуы; жұртқа жалпы оқу жайылуы. Бастауыш мектептерде ана тілінде оқуы; қазақ өз тілінде орта мектеп, университет ашуы; оқу жолы өз алды автономия түрінде болуы; хүкімет оку ісіне кірісгіеу; мұғалімдер-профессорлар өзара сайлаумен қойылуы; ел ішінде кітапханалар ашылуы.

  • X.Жер мәселесі

Ушредителни собрание негізгі закон жасағанда жер сыбағасы алдымен жергілікті жұртқа берілсін деуі; қазақ жер сыбағасын отырған жерлерден алып орналасқанша, қазақ жеріне ауған мұжық келмеуі; бұрын алынған жерлердің мұжық отырмағандары қазаққа қайтуы; қазаққатиетінжер сыбағасын жергілікті камитеттер кесуі; сыбаға өлшеу - норма жердің топырағы мен шаруалық түріне қарай жасалу; сыбағадан артылған жер земстуо колында болу; Артық тұрған жерден ел өскенде ауық-ауық сыбаға кесіліп берілу; Түркістанда жермен бірге су сыбағасы да кесілу; жерді қазақ үй басына иеленбей, ауыл-аймақ, туысқан табына меншіктеп алу; өзара әділдік жолымен пайдалану. Жер законінде жер сату деген болмау, һәр кім өзі пайдалану. Пайдасынан артық жер сатылмай, земствуоға алыну. Жердің кені, астығы, байлығы қазынанікі болып, билігі земстуо қолында болу. Аса зор ағаш, зор өзендер мемлекеттікі болып, аз ағаш һәм көл байлықтары земстуо мүлкіне саналу. Жоба жасаушылар: Ә.Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Е. Омаров, Е. Тұрмұхамедов, Ғ. Жүндібаев, Ғ. Бірімжанов.<ref>«Алаш» қозғалысы. Алматы, 2008. ISBN 9965-32-715-7</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}