Аласа таулы аймақ ландшафты

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Аласа таулы аймақ ландшафтысыҚазақстанның аласа таулы аймақтарындағы жеке дара тау массивтері мен Тянь-Шань, Жетісу Алатауы, Тарбағатай, Сауыр, Алтай тау жүйелерінің 1900-2100 м-ге дейінгі бөктерлері енетін аймақ бедері. Бұл аймаққа Маңғыстау таулары, Мұғалжар тауы, Ұлытау, Көкшетау қыраты, Қарқаралы, Қызылтас, Баянауыл, Ерейментау, Шыңғыстау, Қаратау, Шу, Іле таулары, Қалба жотасы жатады. Олардың Маңғыстау тауларынан басқасы палеозой кезіндегі каледондық және герциндік қатпарлану кезеңінде түзілген. Бұл таулардың жер бедері аса куаң келеді. Олар денудациялық жолдармен түзілген шоқылы-белесті аласа таулармен текшеленген беткейлер мен тау бөктеріндегі еңісті жазықтардың тізбегінен тұрады. Климаттық және гидрогеолог. жағдайының әртүрлі болуына орай, қалыптасқан топырақ жамылғысы, өсімдігі мен жануарлар дүниесі де әртүрлі болып келеді. Бұл аймақта шөл, шөлейт, дала, орманды дала және орман ландшафтылары тараған. Аласа таулы шөл ландшафтысы Маңғыстау тауларында, сонымен қатар Тянь-Шань, Жетісу Алатауы, Тарбағатай, Сауыр, Алтай тауларының 500-700 м-ге дейінгі бөктерлік жоталарында, тау етегі мен жотааралық ішкі жазықтарында тараған. Бұл жерлерде табиғи ландшафттар өте құрғақ континентті климат жағдайында қалыптасқан. Қысы қара суық, қатты, бірақ қарсыз болып келеді. Көктемі жылы, қысқа, тез өте шығады. Бұл кезеңде эфемерлер мен эфемероидтердің ғана көктеп, өсіп жетілуіне болады. Жазы ыстық, құрғақ және ұзаққа созылады. Жаз бойына өсімдіктері қурап қалады, көптеген жануарлары биол. самарқаулық күй кешеді. Негізгі маусымы — күз. Ол жылы, ылғалды болып келеді, өсімдіктердің күздік вегетациясы өтеді, жануарлары қысқа коң жинап күйленеді. Көктем мен күз кезінде кейде арктик. ауа массасының осы аймаққа жетуіне байланысты жиі-жиі үсік жүреді. Таудан басталатын Талас, Шу, Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі сияқты өзендер шөл белдеміндегі суармалы егістіктердің ауқымын кеңітіп, қолтума шұратты ландшафт түзейді. Басым тараған топырақ жыныстарының литологиялық құрамына қарай топырағы саз-балшықты (сорлар мен тақырлар), саздақты (сұр қоңыр және сұр топырақты жерлер) және тасты шөл (гаммада) болып бөлінеді. Аласа таулардағы көлдер маңында, өзен аңғарларында, ыза сулы жерлерінде гидроморфты сипаттағы интразональды ландшафт тараған. Оларға: дәнді дақылдар мен жусанды, шилі, ажырықты шалғын өсетін топырақты-саздақты аллювийлі жазықтар; қамысты қопа; әртүрлі шөптесіндер мен дәнді-дақылды шалғындар, тоғайлы-аллювийлі шөгінділерден түзілген саздақты өзен жайылмалары; өзен бойындағы шұраттар мен тартпа сорлар және тақырлар жатады.

Аласа таулы шөлейт ландшафты

Аласа таулы шөлейт ландшафтысы Алтай, Сауыр, Тарбағатай тауларындағы 500-600 м-ден 900-1100 м-ге , Жетісу Алатауындағы 600-700 м-ге, Солт. Тянь-Шаньдағы 800 м-ден 1500 м-ге дейінгі жоталар мен тау беткейлерінде орналасқан. Жеке дара тау массивтерінен бұл аймаққа Қызылтау, Қызылтас және Шыңғыстау таулары жатады. Жер бедері негізінен ұсақ шоқылы, белесті жазық болып келеді де, ірі тау сілемдерінің етегі ысырынды конустар тізбектерінен түзілген еңісті жазықтардан тұрады. Оларға айналасындағы шөлдермен салыстырғанда жылына 50-100 мм жауын-шашын артық түседі. Ауаның орташа температурасы шілдеде 2-30С-ға кемиді. Мұнда өзен торы сирек, көл сулары аз. Жер асты сулары жарықшақтар арқылы жиналған. Ашық сарғылт топырағында сораңды, жусанды, дәнді-дақылды шөптер, қараған, тобылғы т.б. өсімдік өседі. Жануарлар дүниесі кедейленген, ежелгі қарақұйрық, құлан сияқты түяқтылар жер ауып кеткен. Сарыарқалық шөлейтте ақ бөкен ғана сақталған. Ландшафт кешендерінің құрамына таулардан басталатын кішігірім өзен аңғарлары да кіреді, бұлар тоғайлы, шалғынды болып келеді. Сондықтан бұл өңірлерде халық жиі қоныстаған, жарамды жерлері түгелдей егістік үшін пайдаланылады. Көкөніс, тех. дақылдар егіледі, жеміс бақтары мен жүзім отырғызылған.

Аласа таулы дала және орманды дала ландшафты

Аласа таулы дала және орманды дала ландшафтысы Мұғалжар, Ерейментау массивтері мен Алтай, Сауыр, Тарбағатай, Жетісу Алатауы, Тянь-Шань тауларының 1600-1800 м-лік биіктігіне дейін тараған. Ал ол Қаратау, Шу, Іле, Қалба жоталарында 1200-2100 м-ге дейін көтерілген. Бұл өңір ұсақ шоқылы тегістелген тау жоталарынан және текшеленген тау бөктерлерінен тұрады. Тау бастары жартасты немесе қорым тасты келеді, бөктерлері малта тастан түзілген, беткі қабатын борпылдақты (лесті) немесе саздақты жамылғылар жапқан. Орташа жылдық жауын-шашыны 500-600 мм-дей. Жергілікті мәні бар өзен-жылғалар, бастау сулары баршылық. Топырағы құнарлы, қара қошқыл, сарғылт және қара топырақты. Өсімдігі дәнді дақылдардан, сондай-ақ қараған, тобылғы, ырғай, итмұрын сияқты бұталардан құралған. Тау шатқалдарында шоқ тоғай-орман өскен. Оларда борсық, қасқыр, түлкі, үкі, ителгі, бөктергі, құладын т.б. мекендейді. Сай-саладағы тоғайлы алқаптарында тал, терек, қайың және жеміс ағаштары аралас өскен субдоминантты ландшафт кездеседі. Олардың беткей эрозиясын бекітудегі, ылғал жинаудағы рөлі орасан зор. Жалпы осы өңірдің ландшафтысы егіс үшін кеңінен пайдаланылуына байланысты қатты өзгерген.

Аласа таулы орман ландшафтысы

Аласа таулы орман ландшафтысы негізінен Көкшетау, Баянауыл, Қарқаралы тауларындағы гранитті беткейлер мен күлгін топырақты тұщы көлдер маңындағы саздақты жазықтарда қалыптасқан. Көбінесе көктерек, қайың, қарағай өседі. Олардың арасында бұлғын, шошқа, суыр тіршілік етеді. Айналасы дала ландшафттармен қоршалғандықтан қасқыр, түлкі мекендейді. Тас мүсіндер, орман шоқтары, тұщы көл тізбектері бір-бірімен әсем үйлесім тауып, табиғи ландшафтысына ерекше көрік береді. Сондықтан бұл жерлерге маңызды туристік және саялы демалыс орындары орналасқан.

Дереккөздер

Қазақ ұлттық энциклопедиясы

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}


{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Аласа таулы аймақ ландшафты|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }}