Адам бойы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Адам бойы - ағзаның морфологиялық белгілерінің бірі.

Ол атропология мен медицинада дененің басқа да өлшемдерімен бірге, адам тұлғасының сәйкестігін, дене дамуын, бітімін сипаттайтын негізгі көрсеткіш болып саналады. Сонымен қатар, шашы, көзі, өңі, бет бейнесі, бас құрылысы т.б. дене құрылыс ерекшіліктерімен қоса қарағанда, Адам бойы нәсілдік белгілердің бірі болады.

Адам бойы балаларды жасы мен жынысына қарай бөлуде де маңызды роль атқарады. Жасына және жынысына байланысты, Адам бойының өсу сатылары әр түрлі болады. Мысалы, әйелдерде 19-20, ерлерде 25-26 жастарда бойдың өсуі тоқтайды. Бұдан соң жасы 50-ден асқаннан кейін еркектердің де, әйелдерді де бойы әрбір он жылда 1-1,5 см шөгіп отырады.

Адам бойының жасына қарай өсуі (орта есеппен)

Жасы Ер бала Қыз бала
туған кездегі бойы 51 см 50 см
1 жасқа дейін 33 см жылына 33 см жылына
1 жастан 2 жасқа дейін 10 см жылына 10 см жылына
2 жастан 4 жасқа дейін 7,5 см жылына 7,5 см жылына
4 жастан 7 жасқа дейін 5,7 см жылына 5,7 см жылына
7 жастан 10 жасқа дейін 4,3 см жылына 4,5 см жылына
10 жастан 13 жасқа дейін 4,5 см жылына 5,2 см жылына
13 жаста 17 жасқа дейін 5,1 см жылына 3 см жылына
17 жастан 19 жасқа дейін 1,5 см жылына 0,5 см жылына

Адам бойының өсуіне түрлі жағдайлар әсер етеді. Ересек адам бойының орташа мөлшері: ерлерде 165 см, әйелдерде 154 см. Адам бойы орташа мөлшерден кем не артық болуы көпшілік жағдайда әр түрлі аурулардың салдарыан болады. Адамның, әсіресе жас балалардың, дұрыс тамақтауы, ішер астың құрамы мен сапасы да бойдың өсуіне әсер етеді. Күнделікті тамақта витаминдер жетіспесе, немесе ағза ашықса, не бір ауруға шалдықса, бойдың өсуі тоқталып қалады. Адам бойыны өсуі дене шынықтыруға, ой еңбегі мен дене еңбегі дұрыс ұштастыруға да байланысты. Сондай-ақ, оған ішкі секреция бездері қызметінің де әсері болады.

Дереккөздер

  • “Қазақстан”: Ұлттық энциклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998