Ұрық қабықшасы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

09:30, 2011 ж. тамыздың 27 кезіндегі Nick jan (Талқылауы) істеген түзету

Ұрық қабықшасы, кейбір омыртқасыздарда, шеміршекті балықтарда және барлық жоғары сатыдағы омыртқалы жануарлар мен адамда ұрықтың тіршілік етуін және түрлі зақымдардан сақталуын қамтамасыз етеді. Ұрық қабықшасының жұмыртқа қабықшаларынан айырмашылығы, олар жұмыртқа клеткасының жетілу барысында емес, ұрықтың дамып жетілуі кезінде ұрық клеткаларынан түзіледі. Ұрық қабықшасына қағанақ, бүрлі қабықша (хорион) және зәр қабықшасы (аллантоис) жатады. Қағанақ ұрықтан тыс эктодерманың және бүйір тақташаларындағы сыртқы жапырақшаның бүйірлік қатпарларынан немесе ұрық клеткаларының аралығындағы қуыстың қалыптасуынан пайда болады. Қағанақ қабықшасы қатпарларының сыртқы қабырғасы бүрлі қабықшаны құрайды. Зәр қабықшасының бастамасы ұрықтың ішек түтігінің артқы бөлігіндегі өсіндісі ретінде қалыптасады. Бауырымен жорғалаушыларда және құстарда зәр қабықшасының пішіні қапшыққа ұқсас болады, ол қарқынды түрде үлкейіп, қағанақ пен сарыауыз қапшығын сыртынан жауып тұрады. Қан тамырларға өте бай болғандықтан зәр қабықшасы ұрықтың тыныс алу мүшесі болып табылады. Зәр қабықшасының ішкі қуысына ұрықтың зат алмасу өнімдері (негізінен несеп) жиналады. Адам мен сүтқоректілердің зәр қабықшасы аса үлкен болмайды және оның мезенхимасында ұрықты бала жолдасымен байланыстырып тұратын кіндік тамыры түзіледі. Ұрық дамуының соңғы кезеңдерінде зәр қабықшасының ұрық ішіндегі бөлігінен қуық (сүтқоректілер мен адамда) немесе клоака (бауырымен жорғалаушылар мен құстарда) қалыптасады.

Сілтемелер

"Қазақ Энциклопедиясы", 9 том

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}