Үстірт-Бозащы алабы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

08:11, 2016 ж. қарашаның 4 кезіндегі Салиха (Талқылауы) істеген түзету

Үстірт-Бозащы алабы аттас ойысымдар жүйесімен байланысты, ол Тұран тақтасының батыс бөлігі болып табылады. Алаптың солтүстік шекарасы оны Каспий маңы ойысынан даралайтын тереңжарылымдар жүйесі деп есептеледі; оңтүстік шекарасы дислокациялардың Орталық Маңғыстау-Үстірт жүйесі арқылы, ал шығыс шекарасы Арал-Қызылқұм көтерілімдер белдемі арқылы жүргізіледі. Алаптың батыс шекарасы ретінде Каспий теңізі су алабы ауқымындағы Ағархан-Жамбай жарылымдар жүйесі алынады. Алаптың ауданы 130 мың км² шамасында.

Солтүстік Үстірттің шөгінді тысының қимасы терең ұңғымалар көмегімен төменгі таскөмір түзілімдерінен бастап зерттелген (Елғажы). Соңғы палеозойдың, тіпті алғашқы триастың тау жынысытары жоғары дәрежеде метаморфтанғандығы расталды, сондықтан шөгінді тыс, түптеп келгенде, ортаңғы триастан басталады. Шөгінді тыс қимасында триас, юра, бор және палеоген түзілімдері дамыған, қиманың ең жоғары қалыңдығы 8 км, ол негізінен құмды-сазды кешендерден құралған, тек жоғарғы юра және жоғарғы бор түзілімдері ауқымында ғана карбонатты тау жынысытардың жекелеген қойнауқаттары ұшырасады.

Платформалық тыстың юралық-палеогендік бөлігінің 250-500 м-ге дейін мейілінше қысқарған қимасы алаптың батысында (Бозащы көтерілімі) және шығысында байқалады (Акулков-Базой көтерілімдер жүйесі). Шөгінді тыстың ең маңызды құрылымдық элементтері алаптың орталық бөлігінен көрініс беретін Қолтық, Құлажат, Барсакелмес, Қосбұлақ, Сам және Шалқар ойысымдары және алаптың шеткі өңірлеріне орналасқан Бозащы, Ақтұмсық, Акулков-Базой көтерілімдері мен Қолтық-Ердала және Арыстан баспалдақтары болып табылады. Мұнайгаздылық Солтүстік Үстірттің ортаңғы-жоғарғы юра түзілімдерімен, сол сияқты Бозащы көтерілімінің ортаңғы-жоғарғы юра және теменгі бор түзілімдерімен байланысты. Газдылық солтүстік Үстірттің солтүстік-шығысындағы палеоген түзілімдерінде анықталған. Бозащы көтерілімінің құрлықтағы бөлігінен мұнайдың қоры жағынан аса ірі Қаламқас, ірі кенорындар санатына жататын Қаражанбас және Солтүстік Бозащы, сол сияқты бір топ орташа және шағын мұнай және газ кенорындары ашылған. Бозащы көтерілімінің су алабы ауқымына кіретін бөлігінен Қаламқас- теңіз газ-мұнай кенорны табылды, ол қоры жағынан ірі кенорындар санатына жататын болса керек. Бозащы кенорындарының өздеріне тән ерекшелігі оларға тиесілі мұнай құрамында ауыр металдардың - ванадий мен никелдің - өнеркәсіптік мөлшері ұшырасатындығы. Солтүстік Үстірт аумағында қоры жағынан орташа екі газ, бір мұнай кенорыны және екі ұсақ кенорын ашылды.

Солтүстік Үстірттегі мұнай мен газ туындататын тау жынысытар ортаңғы юра түзілімдері болса, Бозащы көтерілімі ауқымындағы мұндай рөлді Каспий маңы ойысының Бозащымен жапсарлас аудандарының жоғарғы девон-теменгі таскөмір кешендері атқарады.

Алап ауқымында қысым мен температураның қалыптан тыс мөлшерлері ұшырасқан жоқ.

Жаңа ашылулар перспективасы Бозащы көтерілімінің және Каспий теңізі су алабындағы Солтүстік Бозащы террасасының мезозой түзілімдерін игерумен байланысты. Бозащы көтерілімінің суасты бөлігінің солтүстік— солтүстік-батыс өңіріндегі таскөмір және девон жүйелеріне тиесілі карбонатты тау жынысытардың шағын бөлікшелері де одан әрі зерттеуді қажет етеді.<ref>Қазақстанның мұнай энциклопедиясы. 2 томдық - Алматы: "Мұнайшы" Қоғамдық қоры, 2005.

ISBN 9965-9765-1-1</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}