Қазақ хандығының тарихы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

09:43, 2015 ж. тамыздың 1 кезіндегі Кырмызов (Талқылауы) істеген түзету

Қазақстан тарихында Қазақ хандығы дәуірі деп аталатын кезеңге XV ғасырдың ортасы мен XIX ғасырдың бірінші ширегі аралығы жатады. XV ғасырдың ортасында Керей мен Жәнібек хандардың басшылығымен Қазақ хандығы құрылады. Ол мемлекет қазақ жерінде сақ дәуірінен бері жалғасып келе жатқан мемлекеттіліктің жалғасы және қазақ халқының ұлттық сипаттағы мемлекеті болып саналады. XIX ғасырдың бірінші ширегінде Ресей билігі алдыменен Орта жүзде (1822), содан кейін Кіші жүзде (1824) хандық билікті жояды.

Үш жарым ғасырдан астам өмір сүрген Қазақ хандығы дәуірі өз ішінде екі үлкен тарихи кезеңге бөлінеді. Біріншісі - бір орталықтан басқарылған кезең, екіншісі - бытыраңқылық кезең деп аталады.

Бірінші кезеңге хандық құрылғаннан 1715 жылы Тәуке хан қайтыс болғанға дейінгі аралық жатса, ал екінші кезең 1715 - 1824 жылдар аралығын қамтиды. Бірінші кезең тағы да өз ішінде шартты түрде бірнеше кішігірім кезеңдерге бөлінеді. Олар – хандықтың құрылуы, күшеюі, әлсіреуі, қайта өрлеуі, өзара талас немесе «текетірес», жоңғарлармен алғашқы күрес, «алтын ғасыр» кезеңдері. Осы кезеңде Қазақ хандығында мынадай хандар билік жүргізді: Керей хан, Жәнібек хан, Бұрындық хан, Қасым хан, Мамаш хан, Тахир хан, Бұйдаш, Ахмет, Тоғым хандар бір мезгілде, Хақназар хан, Шығай хан, Тәуекел хан, Есім хан, Тұрсын хан, қайта Есім хан, Жәнібек хан, Жәңгір хан, Тәуке хан.

Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін екінші кезең – бытыраңқылық кезең басталып Қазақ елінде - Ұлы жүзде, Орта жүзде және Кіші жүзде жеке хандар пайда болады.

Қазақ хандығының құрылуы

Үлгі:Main