Қазақстан Ресейдегі 1905-1907 жылдардағы революция кезінде

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

14:20, 2016 ж. қазанның 6 кезіндегі Arystanbek (Талқылауы) істеген түзету

19051907 жылдары Ресейде бірінші орыс революциясы болып өтті. Қазақстанда халықтың өкімет билігіне қарсы қарулы қақтығысы бола қойған жоқ. Бірақ қазақтардың, жұмысшылар мен шаруалардың жекелеген баскөтерулері орын алды. Ол жылдардағы маңызды оқиғалардың бірі қазақтардың Ресей Мемлекеттік Думасының жұмысына қатысуы болды.<ref name=kaz8>Қазақстан тарихы (XVIII ғасыр — 1914 жыл). Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Қабылдинов З.Е., Қайыпбаева А.Т./ Алматы: Атамұра, 2008. — 352 бет. ISBN 9965-34-816-2</ref>

Бірінші орыс революциясы және патша үкіметі отаршылдық саясатының күшейе түсуі

1905 жылдан 1907 жылға дейінгі кезеңде бірінші орыс революциясы болып өтті. Оның жаңғырығы Қазақстанға да жетті. Патша үкіметінің 1905 жылғы 9 қаңтарда қарусыз шеруге шыққан жұмысшыларға оқ атып, қырып салғаны оның қанішер зұлымдық саясатын әшкерелеп берді. Бұл хабар халықтың кекке толы ашу-ызасын келтірді. Қазақтың белгілі ақыны әрі этнограф, тарихшы, шежірешісі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы осы оқиғаға арнап «Қанды жексенбі» деген өлең жазды. Өлеңнің «Айқап» журналына жарияланғалы жатқанын сезіп қалған жергілікті отаршыл әкімшілік оны басып шығаруға тыйым салды. Автор қуғын-сүргін көрді. Ташкент, Қоқан жағында және Ішкі Орда аумағында бой тасалауға мәжбүр болды.

Верный, Перовск, Қазалы, Орал, Ақтөбе, Петропавл мен Семейде жұмысшылардың наразылық жиналыстары мен митингілері болып өтті. Ақмола облысы мен Далалық өлке орталығы Омбы қаласында да халық наразылық шеруіне шықты.

Қазақстанда жұмысшылардың өре көтерілуі мен ереуілдері темір жол бекеттерінде ерекше орын алды. Алайда олардың патша үкіметіне қарсы қарулы қақтығыстары бола қойған жоқ. Өйткені жұмысшы табының қатары әлі аз еді. Саяси жағынан пісіп жетілмеген, көтеріліске әзірленбеген болатын. Жұмысшы табы енді ғана қалыптасып келе жатқан-ды. Оның үстіне, шет аймақтың ұлттық ерекшелігі де тежеуші әсерін тигізбей тұра алмады. Патшалық самодержавие мұнда еуропалық ұлт өкілдерінің ат төбеліндей аз жұмысшылары мен жаңадан қалыптасып келе жатқан қазақ жұмысшылары арасына от тастап, оларды бір-біріне қарсы қоюға тырысып бақты.

Бұл кезенде патша үкіметінің отаршылдық саясаты күшейіп, барған сайын асқына түсті. Мұны мынадан айқын көруге болатын еді. Біріншіден, қазақтардың жерлерін қоныс аударушы орыс шаруаларының және қазақтардың қорын жаппай тартып алу одан әрі жүріп жатты. Патшаның 1904 жылғы жарлығы бойынша бұрынғы Сібір шекара шебіндегі ені он шақырымдық бейтарап алқап казак әскерлерінің «мәңгілік» пайдалануына берілді. Патша үкіметінің осы және басқа да озбырлық әрекеттері салдарынан дала тұрғындары жаппай жерсіз қала бастады. Мәселен, XX ғасырдың бас кезінде бір ғана Семей облысының өзінде 147 мыңға жуық қазақ жерсіз қалды. Сондықтан да жерсіз қазақтар жерді Сібір қазақтарынан, император әулетінің Алтай таулы округіндегі меншікті аумағынан, Томск, Тобыл губернияларындағы орыс шаруаларынан, сондай-ақ Қытай империясының әкімшіліктерінен жалға алып пайдалануға мәжбүр болды. Екіншіден, өлке аумағынан мал өнімдері шикізаты, минералдық ресурстарды көптеп тасып әкету күшейді. Кеніштерді, шахталарды, зауыттар мен фабрикаларды болмашы арзан бағаға сатып алған шетелдік кәсіпкерлер елдің табиғи қазба байлығын тасып әкетуде алдарына жан салмады. Үшіншіден, жұмысшыларды, соның ішінде әсіресе қазақтарды қанау әлдеқайда қатыгездік сипат алды. Қазақтардың жалақысы көрер көзге төмендетілді, олар мамандық деңгейі төмен, ең ауыр қара жұмыстарда істеді. Орыс жұмысшыларымен салыстырғанда тұрғын үй жағдайлары да адам төзгісіз еді. Төртіншіден, патша үкіметі қазақ өлкесінде православие дінін уағыздаушы миссионерлерді қаптатып жіберді.

Жергілікті халықтың тарапынан әлдебір келеңсіз әрекеттердің жасалып кету мүмкіндігінің алдын алу үшін 1906 жылғы 6 қаңтардан бастап патшаның арнайы жарлығы бойынша Ақмола және Семей облыстарының бүкіл аумағында әскери төтенше жағдай жарияланды. Патша үкіметі бұл аймаққа қосымша әскери күш жеткізді. Жұмысшы қозғалысының жетекшілерін қамауға алу, жер аудару, кәсіпорындағы жұмысынан босату шаралары басталды.<ref name=kaz8/>

Қазақ өлкесіндегі мұсылмандар қозғалысы

XX ғасырдың бас кезінде қазақ өлкесінде мұсылман қайраткерлерінің әрекеті жандана түсті. Олар исламның ықпалын күшейту арқылы қазақтарды патша үкіметінің орыстандыру және шоқындыру саясатына қарсы тұруға үгіттеді. Діни қайраткерлердің осындай қозғалысы әсіресе Петропавл, Көкшетау, Ақмола және Семей қалаларында елеулі түрде кеңінен тарады. Көкшетау қаласында молда Наурызбай Таласов ерекше белсенділік танытты. Ол халық арасында Науан хазірет деген атпен кеңінен белгілі болды. Науан хазірет халықты патша үкіметіне қарсы күреске шақырды, оған қарсы үгіт таратты. Патшалық билікке қарсы жазылған хаттар ел арасындағы ықпалды да беделді қазақтарға арнайы жолданды. Ондай хаттардың авторы таза діни уағыздарға қоса қазақ қоғамындағы көптеген әлеуметтік маңызы бар мәселелерді қозғады. Атап айтқанда, қазақтардың дәстүрлі әдет-ғұрыптары мен салт-санасына қысым көрсетуді жою, қазақ тілінің кеңінен қолданылуына еркіндік беру, қоныс аударушы орыс шаруаларының ағылып келуін тоқтату, шаруалар бастықтары деген лауазымды қызметті жою мәселелерін көтерді.

1902 жылы Көкшетау қаласына Омбыдан арнайы келген дін таратушы осындағы жергілікті халықты христиан дініне енгізу мақсатын көздеді. Ол тіпті «Тауратты» қазақ тіліне аудартып ала келген. Алайда әлгі діни қызметкердің әрекеттері жергілікті мұсылман халықтың ашу-ызасын тудырды. Жергілікті ықпалды діни қайраткерлер Науан хазірет, Шәймерден Қосшығұлов және басқалары Омбыдан келген миссионерді тез арада қуып шыққан. Бұл оқиға жергілікті жандармерия тарапынан діни қайраткерлердің қуғын-сүргінге ұшырауына себеп болған. Науан хазірет пен Шәймерден Қосшығұловтар Шығыс Сібірге, бір қиянда жатқан Якутияға жер аударылған.

1903 жылдың көктемінде Ақмола облысына қарасты Көкшетау уезіндегі сегіз болыстың қазақтары Ресей империясы Ішкі істер министрінің атына мына төмендегі мазмұнда хат жазды: «Біздің атам заманнан бері мекендеп келе жатқан жерімізді қоныс аударып келген шаруаларға тартып алып беріп, бастықтар бізді құнарсыз жерлерге қуып шықты... «Құранымызды», қасиетті кітаптарымызды нәжісті жерлерге лақтырды, медреселерімізді жауып тастады. Біз бүйтіп шариғаттан бас тартқаннан гөрі өлімге бас тіккенімізді артық көреміз».

1904 жылғы ақпанда Көкшетау уезінің бастығы молда Құдияр Рыстаевтың қазақтарға жолдаған осындай бір хатын қолға түсірді. Онда ол халықты патша үкіметіне қарсы белсенді күреске шақырып, былай деген: «Біздің әкелеріміз хан Кенесары Қасымовтың сенімді серіктері болған еді. Қасиетті дініміз жолында ер жүрек азаматтар ретінде қолымызға қару алып, өлгеніміз әлдеқайда артық».

1905 жылы мұсылман діни қайраткерлері Төменгі Новгородтағы және Петербургтағы мұсылмандардың Бүкілресейлік съездеріне қатыса бастады. Мұсылмандардың съезінде «Иттифак-әл-Муслимин» (Мұсылман одағы) атты Бүкілресейлік мұсылмандар партиясы құрылды. Жаңа партияның Орталық Комитеті құрамындағы 15 мүшенің екеуі қазақ болды. Олар Сәлімгерей Жантөреұлы мен Шәймерден Қосшығұлұлы еді.

Патша үкіметі отаршыл билікке қарсы шыққан халықты аяусыз жазалауға көшті: тінту жүргізді, түрмеге қамады, жер аударды, мешіттер мен медреселерді жауып тастады. Мұның өзі жергілікті халық тарапынан қатты наразылық туғызды.<ref name=kaz8/>

Жұмысшы қозғалысының күшеюі

1905—1907 жылдары жұмысшылардың бірқатар толқулары болып өтті. Жұмысшылар алғашқыда жоғары жақтағы аймақтық бастықтардың атына арыз айтып, шағым түсіріп көрді. Мәселен, 1902 жылы мыс кеніштері мен Екібастұз көмір кенінің 150 жұмысшысы Дала генерал-губернаторының атына арыз-шағымдар жолдады. Жұмысшылардың кәсіпорындарды тастап, қашып кетуі де аз болған жоқ. Кейінірек жұмысшылар наразылығының бұйрыққа бағынбау және ереуіл сияқты түрлеріне көше бастады. 1904 жылы Зайсан уезіндегі Надеждинск кен қазу орнында жұмысшылардың ереуілі болып өтті. Оған Мейірхан Кемалов басшылық етті. 1905 жылы Қазақстандағы темір жол жұмысшылары Бүкілресейлік саяси ереуілге қатысты. Жұмысшылар тез арада саяси кепілдіктер мен бостандықтар берілуін, Құрылтай жиналысын шақыруды талап етті. 1905 жылғы 15 қарашада Қарқаралы қаласында жұмысшылар мен шаруалардың, солдаттардың, сондай-ақ енді қалыптасып келе жатқан қазақ зиялылары өкілдерінің саяси шеруі болып өтті. Шеруді ұйымдастырушылардың бірі Жақып Ақбаев Семей түрмесіне қамалды.

1905 жылғы желтоқсанда Спасск мыс балқыту зауытында, сондай-ақ Қарағанды кен қазу орындарында үлкен ереуілдер орын алды. Оларға іле-шала Павлодар қаласындағы өзеншілер де бас көтерді. Жұмысшылар жалақыны көбейтуді, зейнетақыны арттыруды, дәрігерлік қызметті тегін көрсетуді, жыл сайын ақылы еңбек демалысын беруді талап етті.

Осымен бір мезгілде Успенск кенішінде жұмысшылардың ірі баскөтеруі басталды. «Капиталға қарсы орыс-қырғыз одағы» құрылды. Бұл бірлескен одақтың басшылары Б. Топорнин, JI. Байшағыров, С. Невзоров сияқты жұмысшылар болды. Жұмысшылар жалақыны көбейтуді, тұрмыс жағдайын жақсартуды, орыс-қазақ училищесін ашуды талап етті. Кеніш иелері олардың талаптарын ішінара қанағаттандыруға мәжбүр болды. Жалақы мөлшері едәуір көбейтілді, 8 сағаттық жұмыс күні енгізілді, азық-түлік өнімдерінің бағасы аз да болса арзандатылды. Жұмысшыларға су өтпейтін арнайы киімкешек, аяқ киім берілді. Мұның өзі қазақ және орыс жұмысшыларының алғашқы бірлесіп жасаған іс-қимылының нәтижесі еді.

1906 жылғы маусымда Семей қаласының жұмысшылары іс жүзінде түгелдей дерлік көтерілді. Оған орыс пен қазақ, татарлар да қатысты. Ереуілшілердің талабы жартылай да болса қанағаттандырылды. Ереуіл нәтижесінде қала халқы жиналыс өткізу бостандығын жеңіп алды. 1907 жылдың жазында Семей, Ақтөбе, Верный, Қостанай сияқты қалалар кәсіпорындарының жұмысшылары шеруге шықты.

Қазақстандағы жұмысшылардың мұндай баскөтерулері мен ереуілдері, әсіресе теміржолшылардың арасында кеңінен қанат жайды. Революция жылдарында өлкедегі темір жолдарда пойыздардың жүріп-тұруы талай рет тоқтап қалды. Темір жол жұмысшылары 8 сағаттық жұмыс күнін ешкімнің, ешқандай әкімшіліктің келісімінсіз-ақ өз беттерімен орнатып алды. Олар алғашқылардың бірі болып жұмысшы кәсіподақтарын құрды. Жұмысшылардың бекеттерге, жол бөлімшелеріне, кейде тіпті бүкіл темір жолға басшылық жасауды өз қолдарына алған кездері де болды. Олар патша үкіметінің жазалаушы отрядтарына қарсы тұру үшін жауынгерлік жұмысшы жасақтарын құрды.<ref name=kaz8/>

Қазақстанда социал-демократтар ұйымдары мен кәсіподақтардың құрылуы

Бірінші орыс революциясы қазақ өлкесінде социалдемократтардың алғашқы ұйымдарының құрылуына ықпал етті. Олар Қазақстандағы жұмысшы табының басын қосып патша самодержавиесіне қарсы күреске басшылық етті. Қазақстанда өз беттерімен саяси білімін көтерушілердің алғашқы марксистік үйірмесі Атбасар қаласында құрылды. Оны Оралдан жер аударылып келген жұмысшы А. Д. Ушаков 1896 жылы ұйымдастырған еді. XX ғасырдың бас кезінде марксистік үйірмелер Қазақстанның Орал, Ақмола, Петропавл, Қостанай, Семей сияқты басқа да бірқатар қалаларында пайда болды.

Ресейдегі революция Қазақстанда кәсіподақ қозғалысының пайда болуына да ықпал етті. Мұның өзі қазақ өлкесіндегі жұмысшылардың саяси санасының оянып, арта түскенін көрсетті. Мәселен, 1905 жылғы қараша айында Орал қаласында теміржолшылардың қазақ жеріндегі ең алғашқы кәсіподағы құрылды. Оның басы-қасында болып, тікелей басқарғандар Н. Смуров, Н.А. Покатилов және Н.И. Ульянов сияқты жұмысшылар еді. Теміржолшылардың ең ірі кәсіподағы Орынбор—Ташкент темір жолында құрылды. 1906 жылы оған 6 мыңдай адам мүше еді. Кәсіподақтар жұмысшылардың жұмыс берушілер алдындағы құқығын белсене қорғады.

Солай бола тұрса да қазақ өлкесіндегі кәсіподақ және жұмысшы қозғалысы салыстырмалы түрде алып қарағанда әлдеқайда әлсіз еді. Өйткені олардың қатарында жергілікті жұмысшылар аз болды. Бұған жұмыс түрлерінің маусымдық сипаты да әсер етті. Фабрика-зауыттар әкімшіліктері қазақ және орыс жұмысшыларын бір-біріне қарсы қою, олардың басын біріктірмеу саясатын жанталаса жүргізіп бақты.

Ауыл тұрғындарының наразылығы

Аграрлық саладағы толқулар негізінен қазақ ауылдары мен қоныс аударушы орыс шаруаларының деревняларында өріс алды. Бірақ ол ұйымдаспаған әлсіз сипатта өтті. 1905 жылдың жазында Семей, Торғай, Орал және Сырдария облыстарындағы шаруалар жергілікті әкімшілік билікке қарсы бой көтерді.

Қазақтардың басым көпшілігі өздернің туып-өскен атамекен жерлерінен айырылып қалудан қауіптеніп, отырықшы егіншілікті кәсіп етті дедік. Қазақтар жергілікті өкімет билігіне отырықшы өмір салтына көшуге жәрдемдесуді сұрап өтініштер жаза бастады. Алайда ол өтініштері көп жағдайда қанағаттандырылмай, үзілді-кесілді кері қайтарылып жатты. Мәселен, 1899 жылы Омбы уезінің бастығы Ақмола облысының генерал-губернаторының атына жолдаған хатында былай деп жазды: «...егер мұндай өтініш берушілердің қатары барған сайын арта түсетін болса, орыс шаруаларына бөлінетін жер..., қазақ даласын отарлау жөніндегі мақсат іске аспай қалады».<ref name=kaz8/>

Қазақ зиялыларының атқарған қоғамдық-саяси қызметі

Қазақ халқының азаттық күресіне ХІХ-XX ғасырларда қалыптасқан қазақ зиялылары үлкен үлес қосты. Олар, атап айтқанда, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов және басқалар еді. Қазақ зиялыларының көшбасшылары халықтың саяси жағынан көзін ашу үшін оның бойында білімге деген құлшынысты ояту, сауатсыздықты жою қажет екенін түсінді. Қазақ зиялыларының бүкіл қызметі осы мақсатқа арналды деуге болады.

1905 жылы желтоқсанда Орал қаласында бес облыстан келген қазақ халқы делегаттарының съезі өтті. Ондағы мақсат кадеттер үлгісімен қазақтың саяси партиясын құру еді. Ол партия қазақ халқының ұлттық мүдделерін қорғауға тиісті болатын. 1906 жылы Семей қаласында қазақтардың съезі шақырылды. Онда қабылданған негізгі бағдарламада дін бостандығы, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мәселелері қамтылды. Съезге қатысушылар сонымен қатар қазақ балалары үшін мектеп, медреселер мен университет ашу, Қазақстанға Ресейдің ішкі жағынан шаруаларды қоныс аудару үрдісін шектеу талаптарын да көтерді.

Қазақтардың Ресей Мемлекеттік Думасына қатысуы

Қазақтардың саяси сана-сезімінің елеулі түрде өскенін қазақ зиялы қауым көшбасшыларының Ресей Мемлекеттік Думасының жұмысына қатысуынан көруге болады.

1905 жылғы тамызда II Николай патша Ресейдегі революциялық күштердің қысымымен империяның заң шығарушы және өкілетті органы ретінде Мемлекеттік Дума құру туралы манифеске қол қойды.

Бірақ ол манифест бойынша Ресей империясының бірқатар халықтарының, соның ішінде Орта Азия мен Қазақстан халықтарының да сайлауға және сайлануға құқығы жоқ болып шықты. Жергілікті билік органдарына сайлау науқанының алғашқы күнінен бастап-ақ қазақтарды «көшпелі және қаңғыбас бұратана халық» ретінде сайлауға үзілді-кесілді қатыстырмауға айрықша нұсқау берілді. Мұның өзі қазақтардың арасында бұрқ ете қалған наразылық пен ашу-ыза тудырды. Жергілікті халық өздерінің өкілдерін Ресейдің Мемлекеттік Думасына қатыстыруды батыл талап етті. Өлкенің бүкіл аймағын түгел қамтып өткен қуатты наразылық толқыны патша үкіметін халықтың талабына құлақ асуға мәжбүр етті. Сонымен қазақтар сайлауға қатысатын болып шықты.

1906 жылғы I Мемлекеттік Думаға қазақтардан Торғай облысынан — Ахмет Бірімжанов, Уфа губерниясынан — Сәлімгерей Жантөре, Орал облысынан — Алпысбай Қалменұлы, Астрахан губерниясынан - Бақтыгерей Құлманов, Ақмола облысынан - Шәймерден Қосшығұлұлы, Семей облысынан — Әлихан Бөкейхановтар сайланды. Бұлардың барлығы да сауатты, халықтың сый-құрметі мен сеніміне бөленген зиялы азаматтар еді. Бірақ Ресейдің I Мемлекеттік Думасы небары 73-ақ күн жұмыс істеді. Депутаттардың көтерген бастамалары көңілінен шықпай, риза болмаған II Николай Думаны таратып жіберіп, қайтадан сайлау туралы жарлыққа қол қойды.<ref name=kaz8/>

Ресейдің 1907 жылғы II Мемлекеттік Думасының құрамына бұл жолы Қазақстаннан мына азаматтар сайланды: Ақмола облысынан — Шәймерден Қосшығұлұлы, Торғай облысынан - Ахмет Бірімжанов, Семей облысынан - Темірғали Нүрекенов, Сырдария облысынан - Тілеулі Алдабергенұлы, Жетісу облысынан — Мұхамеджан Тынышбаев, Орал облысынан — Бақытжан Қаратаев, Астрахан губерниясынан — Бақтыгерей Құлманов. Алайда бұл Думаның да қызметі ұзаққа созылмады, небары 104 күн ғана жұмыс істеді.

II Мемлекеттік Думада қазақ депутаттары кадеттермен жақындасып, мұсылмандар фракциясының тобына кірді. Ресейдің ұлттық шет аймақтарындағы басқа да халықтардың өкілдерімен бірге, ішкі Ресейден шаруаларды Қазақстанға қоныс аудару үрдісін тоқтатуды талап етті. Б. Қаратаев II Мемлекеттік Думада Ресейден шаруаларды Қазақстанға қоныс аудару саясатының қазақтар үшін өте жағымсыз, ауыртпалықты болып отырғаны туралы арнайы баяндама жасады. Ол өзінің жалынды сөзінде былай деп атап көрсетті: «Сіздер мынадай сұмдық жағдайды түсінуге тиіссіздер: бүгінгі таңда қоныс аударушы орыс шаруаларына жер телімдерін беру үшін қазақтарды өздерінің ежелгі ата қоныс жерлерінен ғана емес, жеке меншік баспаналарынан да қуып шығарып жатыр».

Қазақ депутаттар өз халқының заңды құқығын қорғап жоғары билік орындарына бірқатар үндеулер де жазды. Мәселен, Мемлекеттік Думаның депутаттары Б. Қаратаев, А. Бірімжанов, Т. Нүрекенов, Ш. Қосшығұлұлы 1907 жылғы наурызда өздерінің жасаған мәлімдемесінде былай деп жазды: «Көшпелілердің бірден-бір күнкөріс көзі — мал шаруашылығы, ал олардың Азияның шетсіз-шексіз кең даласында бір жерден екінші жерге үздіксіз көшіп-қонып жүруі әлдебір жанға жайлы, қызығы мол бос серуен құру емес, табиғаттың қиындықтарын жеңе отырып, өмір сүру болып табылады».

Дума депутаттарының арасында көрнекті қоғам қайраткері Сәлімгерей Жантөренің есімі ерекше аталады. Ол Санкт-Петербург университетінің заң факультетін және Мәскеу мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін бітірген болатын. Алғашқыда судья болып қызмет етті, кейін бірнеше жыл бойы уездік және губерниялық земствоны басқарды. 1903 жылы Уфа губерниясынан Думаға мүше болып сайланды. Сәлімгерей Жантөре өзіндік ұлттық ерекшеліктері ескерілетін халық мектептерін ашу мәселесіне көп көңіл бөлді. Ол Мемлекеттік Думада кеңінен танылды. Башқұрт халқының атынан депутат болып сайланса да өзінің туған халқы қазақтардың проблемаларын да ешқашан есінен шығарған емес.

Шәймерден Қосшығұлұлы (1874—1937) І және II Мемлекеттік Думаға Ақмола облысынан екі рет сайланды. Ол өз жерлестерінің арасында өте беделді әрі құрметті азамат еді. Қазақ халқының шын мәніндегі біртуар ұлы болатын. Ш. Қосшығұлұлы өлкедегі мұсылман дінінің мүддесін қорғады. Сол үшін полиция тарапынан талай рет қуғын-сүргінге ұшырады.<ref name=kaz8/>

II Мемлекеттік Думаның таратылуы және оның қазақтар үшін салдары

Бірінші орыс революциясы қатаңдықпен басып тасталғаннан кейін патша үкіметі елде қуғын-сүргін шараларын жүзеге асыруға кірісті. 1907 жылы реакцияшыл сайлау заңы шықты. Ендігі жерде бұратана ұлттар, соның ішінде қазақтар да сайлау құқығынан айырылды. Патша үкіметі Қазақстанның байырғы халқы сайлауға қатысуға әлі дайын емес деп санады. Сондықтан да 1907—1917 жылдарда қазақтар Ресейдің Мемлекеттік Думасына сайланған жоқ. Патша үкіметінің бұл шарасы қазақ халқының ашу-ызасын туғызды. 1907 жылғы маусымда Ақтөбе, Петропавл, Костанай сияқты тағы да басқа қалаларда наразылық митингілері болып өтті. 1908 жылы Ә. Бөкейханов Выборг үндеуіне қол қойды. Ол үндеу II Мемлекеттік Думаның таратылуына қарсылық ретінде қабылданған болатын.

Келесі шақырылған Мемлекеттік Думаларда қазақ халқының мүдделерін Т. Седелъников, В. Недоносков, Н. Бородин, И.И. Космодемияновский, А. Виноградов, Н. Скалозубов сияқты орыс депутаттары белсене қорғады. Орынбор губерниясынан сайланған депутат Т.И. Седельников Мемлекеттік Дума мәжілісінде былай деп ашық айтты: «Жүздеген мың қырғыздар... мүлде жерсіз қалып отыр, ұлтарақтай ғана болмашы жері бар қырғыздардың саны кем дегенде миллионға жетеді». Қазақтардың жерге қатысты құқығын башқұрт Ш. Сыртланов, татар депутаты С. Максудов қорғады.

Закавказьелік депутат X. Мамедов III Мемлекеттік Думаның мінберінен бүкіл мұсылман фракциясының атынан сөйлеген сөзінде Ресейдің ішкі аймағынан шаруаларды Қазақстанға қоныс аударуды онда қазақтардың жерге қатысты занды құқықтары шешілгенге дейін тоқтата тұруға шақырды. Қазақтың белгілі саяси қайраткерлердің бірі Мұстафа Шоқай Думаға депутат болмаса да, III және IV Мемлекеттік Думалардағы мұсылман фракциясының құрамына кіріп, ондағы мұсылман депутаттардың назарын қазақтардың бастан кешіріп отырған ауыр халіне аударды.

Бірінші орыс революциясының қазақ халқына тигізген ықпалы

1905—1907 жылдардағы бірінші орыс революциясы жеңіліске ұшырады. Бірақ ол қазақ халқының қоғамдық сана-сезімін арттыруға, өлкедегі демократиялық қозғалысты дамытуға орасан зор ықпал етті. Ресейдегі революциялық оқиғалардың әсерімен қазақ халқының көрнекті перзенттері саяси сахнаға көтерілді. Халықтың таңдаулы өкілдерінің Ресей Мемлекеттік Думасына қатысуы Қазақстан тарихында аса маңызды рөл атқарды. Қазақ халқының көшбасшыларына айналған зиялылар Ресей империясының өкілетті органының мінберінен ең маңызды проблемаларды, жерге қатысты мәселелерді принципті түрде батыл көтере білді.

Бірінші орыс революциясы жылдарындағы оқиғалар қазақ халқымен Қазақстандағы басқа да ұлыстардың саяси белсенділігін арттырды. Қазақ жұмысшылары өз алдына дербес саяси күш ретінде көріне білді. Солай бола тұрса да ол жылдардың оқиғалары Қазақстандағы ұлттық-демократиялық және жұмысшы қозғалысының әлсіз, әлі де жетілмегенін көрсетті.<ref name="kaz8"/>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}Үлгі:Kz-hist-stub