Тәжікстан

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

18:45, 2016 ж. желтоқсанның 1 кезіндегі Салиха (Талқылауы) істеген түзету

Үлгі:Мемлекет

Сурет:Rudaki Park, Dushanbe, Tajikistan.JPG
Rudaki Park, Dushanbe, Tajikistan
Сурет:Pamir Mountains, Tajikistan, 06-04-2008.jpg
Pamir Mountains, Tajikistan, 06-04-2008

Тәжікстан Республикасы (Үлгі:Lang-tg) — Орталық Азиядағы мемлекет. Оңт-нде Ауғанстанмен, солүстік мен батысында Өзбекстанмен, солтүстігінде Қырғызстанмен, шығысында Қытаймен шектеседі. Жер аумағы – 143,1 мың км2. Халқы – 6,579 миллион (2001). Халқының 62%-ын тәжіктер, 23%-ын өзбектер, 5%-ын орыстар, қалған 10%-ын түрікмендер, қазақтар, қырғыздар, корейлер, немістер, т.б. құрайды. Астанасы — Душанбе қаласы (608 мың адам) (2000). Ресми тілі – тәжік тілі. 1994 жылы қабылданған Конституциясы бойынша – президенттік басқару нысанындағы зайырлы мемлекет. Заң шығарушы органымеджлис. Тәжікстан құрамына Таулы Бадахшан автономиялы облысы (жер аумағы – 63,7 мың км2; халқы – 167 мың (2000); әкімшілік орталығы – Хорог қаласы) кіреді. Тәжікстан әкімшілік жағынан 3 облысқа бөлінеді. Ақша бірлігісомони.

Табиғаты

Жерінің 93%-ы Тянь-Шань, Гиссар – Алай және Памир тау жүйелеріне жататын таулардан тұрады. Жартысынан астамы теңіз деңгейінен 3 мың м биіктікте орналасқан. Тәжікстанның солтүстік жағын Құрама жотасы (биіктігі 3769 м), Моғолтау (1624 м), Түркістан жотасы, орталық бөлігін Гиссар – Алай тау жүйесі, оңтүстік-батысын Жылантау, Теректітау, Ақтау, Қаратау, шығысын Памир тау жүйесі алып жатыр. Тау аралықтарында Ферғана, Гиссар, Вахш, Төменгі Кафирнихон, т.б. аңғарлар орналасқан. Тәжікстанның климаты континенттік, қаңтардың орташа температурасы оңтүстік-батыстың тау аңғарлары мен тау бөктерлерінде 2°, –2°С, солтүстігінде –20°С-қа дейін; температураның абсолют минимумы Памирде (Бұлынкөл) –63°С-қа жетеді. Шілденің орташа температурасы 30°С-тан 0°С-қа дейін (Памирде); температураның абсолют максимумы 40°С (Төменгі Пяндж). Гиссар жотасының оңтүстік етегіне жылына 1600 мм жауын-шашын түседі. Тау аңғарлары мен қазан шұңқырларда 100 – 150 мм, Шығыс Памирде (Қаракөл) 72 мм ылғал түседі. Тәжікстан жеріндегі тау мұздықтарынан көптеген өзендер бастау алады. Басты өзендері – Сырдария мен Әмудария. Вахш, Пяндж және Кафирнихон өзендері Тәжікстан жерінің біраз бөлігін кесіп өтіп, Әмударияға барып құяды. Тәжікстанда өсімдіктердің 5 мыңдай түрі кездеседі. Өзен жайылмаларында тораңғы тоғайлары бар. Таулы аудандарының жартысын арша орманы алып жатыр. Ылғалды аудандарда жаңғақ, түркістан үйеңкісі, сиверс алмасы, алша, бұқара бадамы өседі. Тәжікстанның фаунасында сүт қоректілердің 81, құстың 365, бауырымен жорғалаушылардың 49, насекомдардың 7 – 8 мың түрі кездеседі. Жазық жерлер мен тау бөктерлерінде жайран, қабылан, бұхара бұғысы, қасқыр, барыс, борсық, жабайы шошқа; таулы өңірде сусар, аю, таутеке, арқар, т.б. мекендейді. Су айдындарында балықтың көптеген түрі бар.

Тарихы

Тәжікстан аумағын алғашқы адамдар төменгі палеолит дәуірінен бастап қоныстанған. Солтүстік және оңтүстік Тәжікстанда төменгі палеолит, мезолит дәуірлерінің ескерткіштері көптеп кездеседі. Оңтүстік-батыс бөлігінен неолиттік гиссар мәдениетінің ескерткіштері ашылған. Ежелгі дәуірде Тәжікстан аумағында Соғды, Бактрия мемлекеттері құрылды. Біздің заманымыздан бұрын 6 – 4 ғасырларда Тәжікстан жері парсылардың (қара Ахемен әулеті) қол астында болды, біздің заманымыздан бұрын 329 жылы онда А.Македонскийдің әскері басып кірді. Македонский мемлекеті ыдырағаннан кейін Тәжікстан жерінің бір бөлігі Селевки мемлекетінің, біздің заманымыздан бұрын 3 – 2 ғасырларда едәуір бөлігі Грек-Бактрия патшалығының құрамына кірді. Біздің заманымыздан бұрын 140 жылы Тәжікстан жеріне көшпелі Тохар әулеті ене бастады. Кушан кезеңінде (қара Кушан патшалығы) Тәжікстанда ірі құрылыс-жайлар, суландыру жүйелері салынды, қолөнер дамыды. Осы кезеңде Тәжікстанға Үндістаннан буддизм, Ираннан манихейлік наным келіп кірді, бірақ негізгі діні зороастризм болып қалды. 510 жылға қарай Орталық Азияда эфталиттер мемлекеті қалыптасты. 563 – 67 жылы түрік тайпалары эфталиттерді жеңіп, Тәжікстан жері Батыс Түрік қағандығының құрамына енді. 8 ғасырдың ортасында елді арабтар жаулап алды. 9 – 13 ғасырларда Тәжікстанда Тахири мемлекеті мен Самани мемлекетінің, Ғазнауи сұлтандығының, Қарахан мемлекетінің, Қарақытай мемлекетінің, Хорезмнің құрамында болды. 1221 жылы Тәжікстанды Шыңғыс хан әскері жаулап алып, Шағатай ұлысына бағынды. 14 ғасырдың 2-жартысынан Темір мемлекетінің құрамына кірді. Темір әулеті тұсында өнер, ғылым, әдебиет жоғары сатыға көтерілді. 16 ғасырдың басында Тәжікстан аумағы Шайбани мемлекетінің құрамына енді. Аштархан әулеті тұсында өзара қырқысулар күшейіп, Хорезм, Балх, Бадахшан Бұхар хандығынан бөлініп шықты. 1740 жылы Тәжікстан жерін Иран билеушісі Нәдір шах жаулап алды. 18 ғасырдың орта тұсына қарай Маңғыт әулеті өкімет басына келді. 19 ғасырдың 1-жартысында Тәжікстан жерін Қоқан хандығы мен Бұхар әмірлігі өзара бөлісті. 1866 жылы 4 мамырда патшалық Ресей әскерлері Ходжентті, 2 қазанда Ұратөбені жаулап алды. 1868 жылы 23 маусымда Ресей мен Бұхар әмірлігі арасында жасалған шарт бойынша орыс әскерлері жаулап алған барлық аумақ империя құрамына кірді. 1895 жылы орыс-ағылшын келісімі бойынша Памирдің Ауғанстанмен шекарасы Пяндж өзенімен белгіленді. Қазіргі Тәжікстанның оңтүстік – батыс және орталық бөліктері Бұхар әмірлігінің, ал қалған бөлігі Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария (1886 жылдан кейін Самарқанд) мен Ферғана облыстарының құрамына енді. Тәжікстан жерінің Ресейге қараған бөлігінде отарлық билік органдары құрылып, жергілікті халықты қанау қарқынын күшейтті. Тәжікстан жерінде астық орнына мақта егуге көп көңіл бөлінді. Мақта Ресейдің орталық аудандарындағы фабрикаларға тасымалданды. Ауыл шаруашылығындағы мұндай өзгеріс өңірге аштық қаупін тудырды. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін жергілікті халықтың мүддесін қорғау мақсатында Мұсылман комитеті құрылды, кеңес өкіметінің орнауына жергілікті халық тарапынан қатты қарсылық көрсетілді. Жергілікті халықтың басым бөлігі басмашылар қозғалысына тартылды. 1918 – 24 жылы Тәжікстан аумағы Түркістан кеңес республикасы мен Бұхар халық кеңес республикасы құрамында болды. 1924 жылы 14 қазанда КСРО БОАК тәжік халқына автономиялық республика құру құқығын берді. Тәжік АКСР-іне Самарқанд, Ходжент уездерінің 12 болысы, бүкіл Шығыс Бұхар кірді. КСРО ОАК-нің 1925 жылы 2 қаңтардағы шешімімен оның құрамына Таулы-Бадахшан автономиялық облысы (Солтүстік Памир) қосылды. Тәжік АКСР-і Өзбек КСР-і құрамында болып, 1929 жылы қазанда Тәжік КСР-і жеке бөлініп шықты. Тәжік КСР-і құрамына Таулы-Бадахшан автономиялық облысы, Ходжент, Гиссар, Гарм, Қорғантөбе, Куляб, Ұратөбе, Пенджикент округтері кірді. 1929 жылы Тәжікстанда ауыл шаруашылығын коллективтендіру қолға алынды. 1940 жылы Вахш суландыру жүйесі, Үлкен Ферғана, Үлкен Гиссар каналдары қазылды. 2-дүниежүзілік соғыс жылдары Тәжікстанға соғыс қимылы жүріп жатқан жерлерден зауыттар мен фабрикалар көшірілді. Тәжікстан халқы қаржы жинап, “Советтік Тәжікстан” авиаэскадрильясын, “Тәжікстан колхозшысы” танк колоннасын жасақтап, соғысқа аттандырды. Соғыс кезінде тәжікстандық 49 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. 1950 – 90 жылы Тәжікстан негізінен мақта өсірумен айналысты. Сонымен қатар онда ірі өнеркәсіп орындары мен СЭС іске қосылды. 1991 жылы Тәжікстан президенті К.Махкамов тамыз бүлігіне қолдау танытты. Бұл өз кезегінде халық наразылығын туғызды. Осы жылы қыркүйекте Тәжік КСР-і Жоғарғы Кеңесі Тәжікстанның мемлекеттік тәуелсіздігі жайлы декларация қабылдады. 1991 жылы 24 қарашада Тәжікстанда президент сайлауы өтіп, онда Р.Нәбиев жеңіске жетті. 1992 тамызда президент Нәбиевтің жақтастары мен оппозиция күштер арасында қақтығыс болды. Оппозиция күштерді Тәжікстанның исламдық қайта өрлеу партиясы, Тәжікстанның демократия партиясы және “Растохез” (Қайта өрлеу) қозғалысы құрады. Екі жақтың қақтығысы азамат соғысына ұласып, ол бес жылға созылды. Азамат соғысы барысында 100 мыңға жуық адам қаза тауып, 900 мыңнан астам адам босқыншылыққа ұшырады. 1994 жылғы президенттік сайлау өткізіліп, онда Э.Рахмонов жеңіске жетті. Қазақстан мен Тәжікстан арасында 1993 жылы 19 қазанда Өзара қарым-қатынас туралы келісімшартқа қол қойылды. Тәжікстан президенті Рахмонов алғаш рет Қазақстанға ресми сапармен 1995 жылы 22 қарашада келді. Тәжікстанда Қазақстанның елшілігі бар.

Экономикасы

Электр энергетика өндірісі – Тәжікстан индустриясының басты салаларының бірі. Электр энергиясы негізінен Ресейге, Түрікменстанға және Иранға шығарылады. 2002 жылы Тәжікстанның сыртқы сауда айналымы 1 млрд. 73,6 миллион долларды құрады. Тәжікстан экспортының 55%-ын алюминий құрайды. 2002 жылы 226,2 мың т алюминий сыртқа жөнелтілді. Тәжікстан тау-кен өндірісінің негізгі өнімдері – қорғасын-мырыш, сүрме-сынап, вольфрам-молибден, висмут кендері, алтын және флюорит. Машина жасау және металл өңдеу кәсіпорындары тоқыма станоктарын, ауыл шаруашылық машиналарын, тоңазытқыш, электртехникалық қондырғылар, трактор бөлшектерін, т.б. шығарады. Химия өнеркәсібінен минералдық тыңайтқыштар өндірісі дамыған. Құрылыс материалдары өндірісінен цемент-шифер комбинаты, темір-бетон және бетон конструкциялары зауыттары, гипс, алебастр, әктас зауыттар жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығында мақта егуге ерекше көңіл бөлінген. Мақта экспорты сыртқы айналымның 14,1%-ын құрайды. Егістік алқаптың 64,5 мың га жеріне жеміс-жидек, 21 мың га жерге жүзім отырғызылған. Жүзімдік және бақ Тәжікстанның оңтүстік-батыс жағында және Батыс Памирде өрік, шабдалы, алма, алмұрт, айва, анар, інжір өсіріледі. Кейінгі жылдары лимон өсіріле бастады. Етті-жүнді және етті-сүтті мал шаруашылығы дамытылуда. Жібек құрты өсіріледі. Таулы-Бадахшан автономиялы облысында биік таулық жайылымдықтарда мал шаруашылығымен бірге бақ, темекі өсірудің және тау-кен өндірісінің үлесі басым. Тәжікстан әдебиеті қазіргі Иран, Ауғанстан және Орталық Азияны мекендеген иран тілдес (парсы-тәжік) халықтардың жазба ескерткіштерінде сақталған үлгілерден құралады. 9 – 20 ғасырлар аралығында тәжіктің классикалық әдебиеті пайда болды. Оны үш дәуірге бөлуге болады: 1) 9 – 15 ғасырлардағы иран-тәжік әдебиеті; 2) 16 – 19 ғасырлардың 1-жартысы аралығында Орталық Азияда қалыптасқан әдебиет; 3) 19 ғасырдың 2-жартысы мен 20 ғасырдың басы аралығын қамтитын тәжіктің ағартушылық әдебиеті. 9 – 10 ғасырлар Тәжік поэзиясы үшін “алтын ғасыр” болып есептеледі. Бұл кезде Рудаки, Әбу-л-Хасан Кисай (953 – 1002), Әбу Шакур Балхи (915 – өлген жылы белгісіз), Дакики (туған жылы белгісіз – 977) секілді ірі ақындар шықты. Ә.Фирдоуси (940 – 1020) өзінің атақты “Шахнамасын” жазды. 10 ғасырда әдеби орталық Ғазғана көшкен кезде Ә.Унсури (туған жылы белгісіз – 1039), Фаррухи (туған жылы белгісіз – 1038), т.б. талантты ақындар шықты. 12 ғасырда Омар Һайям (1048 – 1122) рубаиларымен ерекше көзге түсті. 15 ғасырда Ә.Жәми (1414 – 92), т.б. ақындар шықты. 16 – 19 ғасырлардағы тәжік әдебиеті басқа парсы тілдес әдебиеттерден бөлек дамыды. Бұл кезде Сайидо Насафи (туған жылы белгісіз – 1709), Фитрат Зардуз (1660 – өлген жылы белгісіз) сияқты ақындар өз шығармаларымен танылды. 19 ғасырдың 2-жартысы мен 20 ғасырдың басы аралығында әдебиетте ағартушылық идея басым болды. Бұл бағытты Ахмад Дониш (1826 – 97), Р.Возех (1818 – 94), т.б. қаламгерлер бастады. 20 ғасырдың басында ағартушылық идеяны С.Айни (1878 – 1954), Т.Асири (1864 – 1916), т.б. ақын-жазушылар дамытты. Кеңестік дәуірде Пайров Сулаймони, Джылы Икрами, А.Дехоти, М.Миршакар, Ә.Лахтуди, М.Турсун-заде, Ф.Ниязи, Г.Абдулло, т.б. ақын-жазушылар шығармалары арқылы танылды. Бүгінгі таңдағы Тәжікстандағы әдеби өмірде тәуелсіздікке, елдің тарихына арналған шығармалар көптеп жарық көруде.

Шаруашылығы

Кеңестер Одағы тараған соң бұрынғы экономикалық-әлеуметтік байланыстардың үзілуі және ішкі саясаттағы қақтығыстар елді экономикалық тығырыққа алып келді. Шаруашылықтың барлық салаларында тұралау байқалды. Әсіресе бұл жағдай өнеркәсіпте айқын байқалды. Нарықтық экономика көшіне ілесе алмай, бір шетте оқшау қалып қойған ел экономикасы қалпына келу үшін уақыт пен қомақты қаржы қажет. Елдегі барлық басқару тетігі мемлекет қолында жинақталған, бұл өз тарапынан шетел қаржыгерлерінің белсенділігіне тежеу болуда. 2008 жылғы мәліметтер бойынша, Тәжікстанның ЖЮ-нің жалпы мөлшері 5,05 миллиард АҚШ доллары, оның 30%-ы енеркәсіптің, 29%-ы ауыл шаруашылығының, ал қалған 41%-ы өндірістік емес салалар үлесіне тиесілі.

Өнеркәсібінің жетекші саласы электр энергиясын өндіру болып табылады. Елдегі аса зор гидроэнергетикалық қордың бар болғаны 5%-ы ғана пайдаланылады. Олар — Вахш өзеніндегі Нүрек, Рогун СЭС-і. Біртұтас энергия жүйесінен ажырап қалғандықтан, өндірілген энергия тек өз қажеттеріне ғана жұмсалады. Сондықтан энергияны көп қажет ететін Тұрсынзада қаласындағы алюминий

Мәдениеті мен өнері

Тәжікстан аумағында кездесетін ежелгі өнер ескерткіштері мезолит дәуіріне жатады. Грек-Бактрия (біздің заманымыздан бұрын 3 – 2 ғасырлар) және Кушан патшалығы кезеңінде эллиндік типтегі қалашықтар (Саксан-Охур, Шахринау, т.б.) салынған. 5 ғасырдан бастап мұнаралы қорған-қалалар (Пенджикент) тұрғызылды. Ауылдық жерлерге қарауыл мұнаралары (Моншақ төбе, Орта қорған, т.б.) салынды. Соғды, Тохаристан көркем мәдениеті негізінде дамыған бастапқы орта ғасырдағы бейнелеу өнері эллиндік және кушандық дәстүрді жаңғыртып, Үндістан, Ауғанстан өнерімен сабақтаса отырып, жергілікті стильді қалыптастырды. Мұсылман діні енгеннен кейін тәжік бейнелеу өнерінде ою-өрнекке баса көңіл бөлініп, монументті сән өнері өркен жайды. Тәжік музыка мәдениетінің түп төркіні ежелгі Бактрия, Соғды және Уструшана мемлекеттері өнерімен байланысты. Музыкалық аспаптары: дутар, думбрак (ішекті-шертпелі), гиджак (ысқылы), най, карнай, сурнай (үрмелі), таблак, нагора (соқпалы) ежелгі дәуірден жеткен. Тәжікстан жерінде драма театры 1929 жылы ашылды. 1939 жылы алғашқы тәжік операсы"Восе көтерілісі" қойылды. 1938 жылы Тәжік филармониясы ашылды. Тәжікстанда хроникалы қысқа метражды фильмдер 1929 жылдан түсіріле бастады. 1932 жылы “Дәурені өткен әмірлер” атты тәжіктің алғашқы көркем фильмі өмірге келді. 1999 жылы Тәжікстанда Самани әулеті мемлекетінің 1100 жылдығы аталып өтілді. Душанбедегі Ұлттық тарихи музейде Самани әулеті кезіндегі музыкалық аспаптардың, киімдердің, қолөнер үлгілерінің көрмесі ұйымдастырылды. Осы мерейтойға орай Самани әулеті мемлекетінің тарихына, мәдениеті мен өнеріне қатысты 189 кітап жарық көрді. Тәжікстанда қазіргі кезде жыл сайын халық өнерпаздарының “Андалеб” (Бұлбұл) атты байқауы өткізіледі. 1999 жылы “Парасту – 99” (Қарлығаш) атты театр фестивалі ұйымдастырылды. Бұл фестивальға Тәжікстандағы 14 театр қатысты.<ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том</ref><ref>География: Дүниежүзіне жалпы шолу. ТМД елдері. Жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математика бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық/ Ө. Бейсенова, К. Каймулдинова, С. Әбілмөжінова, т.б. — Өңд., толықт. 2-бас. — Алматы: Мектеп, 2010. — 304 б., сур.ISBN 978-601-293-170-9</ref>

Дереккөздер

<references />

Сыртқы сілтемелер

Үлгі:NavigationBox Үлгі:NavigationBox