Тұтыну кооперативі

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

16:33, 2017 ж. сәуірдің 20 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Тұтыну кооперативі – азаматтар өздерінің материалдық және өзге де қажеттерін қанағаттандыру мақсатымен мүліктік үлеспұлдық жарналарын біріктіру жолымен құратын мүшелік жүйеге негізделген бейкоммерциялық ұйым.

Тұтыну кооперативінің пайда болуы

Жұмысшылар мен шаруалардың алғашқы тұтыну кооперативітері 18 – 19 ғасырларда алдымен Ұлыбританияда дүниеге келіп, кейіннен Франция, Германия, Италия және басқа да Еуропа елдеріне таралды. Ресейде 1861 жылы басыбайлылық құқықтың күші жойылғаннан кейін пайда болды. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін В.И. Лениннің кооперативтік жоспарына сәйкес Тұтыну кооперативі социолистік экономиканың шаруашылық құралдарының бірі ретінде пайдаланылды. КСРО-да тұтыну кооперативінің ұйымдық-шаруашылық қызметі мемлекеттік реттеу мен бақылау шеңберінде кең ауқымда дамыды.

Тұтыну кооперативінің мақсаты

Тұтыну кооперативінің мақсаты – қоғамның ауқаты төмен жіктері мен халық топтарының мүдделерін әлеуметтік қорғау. Тұтыну кооперативі ауылдық мекендердегі саудамен қатар ауыл шаруашылық өнімі мен шикізатты кең ауқымда мемлекеттік дайындаумен, олардың артылғанын ұжымшарлардан, халықтан сатып алумен, ауыл шаруашылық өнімдерін ұқсатумен, нан пісірумен, халық тұтынатын бірқатар тауарлар өндірумен, т.б. айналысты. Елде нарықтық реформалардың басталуына байланысты тұтыну кооперативінің ұйымдық нысандары қиратылды. Басқарудың орт-тандырылған жүйесі – төменгі кооператив буындардың жоғарғы буындарға бағыныштылығы жойылды. Көптеген кооперативтік ұйымдар мен одақтар акционерлік қоғамдар, серіктестіктер, қауымдастықтар, шағын кәсіпорындар болып қайта құрылды; кейбір кооператив тұтыну ұйымдарының меншігі жекешелендірілді. Тұтыну кооперативінің бөлшек сауда айналымындағы үлес салмағы күрт төмендеп кетті. Тұтыну қоғамдарындағы үлеспұлшылардың саны да күрт қысқарды. Алайда 1997 жылға қарай тұтыну кооперативінің қызметінде жандану байқалып, кейбір тұтыну одақтары мен қоғамдары нарықтық экономика жағдайына бейімделе бастады. Бұл үдеріске кооперативтердің ұйымдық құрылымы мен басқаруды жетілдіруі, үлеспұлшылармен жұмысты күшейтуі мен кооп. ұйымдардың қаржылық жағдайын жақсартуы септігін тигізді. Тұтыну кооперативінің заңи мәртебесін нығайтуға бағытталған құқықтық актілер қабылданды.

Қазақстанда

“Тұтыну кооперативі туралы” ҚР-ның заңына (2001 ж. 8 маусымда қабылданған, 2003 ж. 3 маусымда өзгерістер мен толықтырулар енгізілген) сәйкес тұтыну кооперативінің жарғысында кооператив мүшелерінің (кооперативке қатысушылардың) үлеспұлдық жарналарының мөлшері туралы, осы жарналардың құ-рамы мен төлену тәртібі және олардың өз міндеттемелерін бұзғаны үшін жауапкершілігі туралы, тұтыну кооперативін басқару органдарының құрамы мен құзыреті және олардың шешімдер қабылдау тәртібі туралы, кооператив мүшелері келтірген зиянның орнын толтыру тәртібі туралы шарттар баяндалуға тиіс. Тұтыну кооперативінің жоғары органы – кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы, атқарушы органы – басқарма (төраға), бақылаушы органы – тексеру комиссиясы (тексеруші). Кооператив мүшелеріне оның міндеттемелері бойынша кооператив мүшелерінің әрқайсысының қосымша жарнаның төленбеген бөлігі шеңберінде ынтымақты жауапкершілік жүктеледі. Тұтыну кооперативі заңға және жарғыға сәйкес кәсіпкерлік қызметтен алынған табысты оның мүшелері арасында бөледі.

Cтатистика

Мемлекеттік статистика бойынша түрлі ұйымдық-құқықтық нысандағы 7491 тұтыну кооперативі тіркелген. Олардың санынан көрініп отырғандай, тұтыну кооперативі еліміздегі беймемл. ұйымдардың ең көп тобына жатады. Қызметі бойынша тіркелген тұтыну кооперативінің ең көбі жылжымайтын мүліктерді басқару жөніндегі кооперативтер, тіркелгені 6413. Статистика деректері бойынша 2002 жылы 1 наурызда 3829 қоғамдық бірлестік, 2139 қор, заңды тұлғалар нысанындағы 828 қауымдастық тіркелген. Әділет министрлігінің деректері бойынша 2003 жылы 24 желтоқсанда тіркелген пәтерді (үй-жайды) меншіктенушілер кооперативтерінің – ПМК-ның (КСК) саны – 2040. Мұндай кооперативтер 1995 жылы тұрғын үй жекешелендірілгеннен кейінгі тұрғын үй реформасының нәтижесінде құрыла бастады. Бұл ұйымдар көп пәтерлі тұрғын үйлерде немесе қатар орналасқан үйлер тобында кондоминиум объектісін басқару үшін құрылады. Қосып салынған тұрғын үй-жайлары жоқ үйлерде олар пәтер меншіктенушілердің кооперативі, ал қосып салынған үй-жайлары бар үйлерде үй-жайларды меншіктенушілердің кооперативтері деп аталады. Бүгінгі таңда пәтерлерді (үй-жайларды) меншіктенушілердің кооперативтері көп пәтерлі үйлердегі кондоминиум объектісін бірлесіп басқарудың, жалпы пайдаланудағы мүлікті (шатырларды, бұғаттарды, төлелерді, жер телімдерін, т.б.) ұстаудың, пайдаланудың, оларға қызмет көрсетудің негізгі нысаны болып табылады. Сондай-ақ көп пәтерлі тұрғын үйлерді бір орталықтан коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету мәселелері де ПМК шеңберінде шешіледі. ПМК-нің құқық-тық мәртебесі “Тұрғын үй қатынастары туралы” ҚР заңында (16.4.1997) айқындалған. Қолданыстағы заңнамада (“Тұтыну кооперативі туралы” ҚР заңы) ауылдық тұтыну кооперативітері жекелеген тұтыну кооперативінің түрлері ретінде бөліп көрсетілген, олардың арасында су пайдаланушылардың ауылдық тұтыну кооперативітері ерекше айтылған, өйткені ауылдық тұтыну кооперативінің көп бөлігі (75%-ы) суландыру мен құрғату жүйелерін пайдаланумен айналысады.

<ref>“Қазақ Энциклопедиясы”, VIII-том</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}} {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}


{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Тұтыну кооперативі|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }}