Түлек

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

12:32, 2017 ж. сәуірдің 20 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Түлек. Бүркітті саятқа алып шығып аңға салу үшін көкек, мамыр айынан бастап жаздайғы күтіміне, құсбегілер тілімен айтқанда, түлегіне назар салу керек. Толық түлеп, жілік майлары толып, яғни ақжіліктене жетілмейінше қайырған кезде аң алуы қиынға түседі. Сондықтан түлек кезінде қамауға, тар жерге томағалап байлауға болмайды. Жаз айларында далаға көк шалғынды мөлдір бұлақтардың жағасында бағу жөн. Бау, томағасын шешіп, екі тегеурінінен айналсоқ тағып арқандайды. Ұшып-қонып отыруға арнап тас, ағаш тұғыршалар орнатады, жанына жауын- шашын, күн көзінен саялап паналайтын ықтасын жасалады. Түлек кезінде бүркіттің тұяғы тұнық болып, шымырланады. Құсқа қансоқта жем беріледі: реті болғанда жаңа ауланған аңды бүтіндей тастаса ол өзі ұстағандай сезініп, аңның қансоқтасын, ішкі мүшелерін құныға жеп тез жетіледі. Осылайша жүн, қауырсындарын тастап, қатайып, біркелкі болып өседі. Егер жемі үзіліп, ашығып қалса, түлеген жүнінің кауырсындары кенжелеп, буылтықтанып шығады.

Шілдеде бүркітті аптапта күн көзіне ұзақ отырғызса қанаты майып кетеді де қыстыгүнгі саятта сынғыш болады.

Сондықтан бүркітті әсте ашық жерге отырғызбайды, міндетті түрде күн көзі тура түспейтіндей жерге, ықтасын, қалқан көлеңкесінде ұстайды. Реті болса бұлақ, судың жағасына ұстаған дұрыс. Құс ұстаған орында түтін болмағаны жөн, өйткені ол құстың кеудесін, тынысын зақымдайтын ең үлкен жау. Сондай-ақ ащы иістен де аулақ ұстаған жөн. Аушы құс аса кірпияз, тазалықты сүйетін текті жануар болғандықтан оның айналасын қоқыстан арылтып, таза ұстайды. Егер жақсы түлемейтін болса, қасқырдың немесе балықтың етін беріп бірнеше мәрте жақсылап тойдыра жемдесе, жүні кеуіп, күрт тулейді. Бүркіттің ұшым жуні жетіліп, ұсақ жүндері мен түбіті тығыз шығып, көкшелемей жетілсе, суыққа төзімді, аң ұстауға тебінді, қайратты келеді. Қыс маусымындағы қазаннан бастап, наурызға дейін жалғасатын саят кезінде әрнеге соқтығып, жараланған құстың қанат шалғыларының түбіне қан ұйып, мерзімінде түлемей қояды. Сондықтан олардың түптерін өткір пышақпен шетіп, сынап жағып сіңдіріп, маймен шылқылдата майлайды. Құстың қанатына "құрт түскен" болса да осы әдіспен "емделеді". Сондай- ақ кезқұйрықты атып, оның қауырсындарын бүркіттің сынған қауырсындарының тұқылына кигізіп жалғап қоятын тәсіл де бар. Бірақ, өзінің табиғи құйрық, қанаты болмағандықтан аңға түскенде дәл түсе алмай сөлбеңдеп ұшып, ауытқып кетеді дейді. Түлекте ұзақ отырған құс семіріп кетсе, кейін арымай қояды. Кейбір күй талғамайтын қырандар ғана еті ортайған кезде күйінің артық-кеміне қарамай-ақ аңға түсе береді. Ал күйшіл бапшылдары еті арылып, күйі толық үйлескенде ғана аң алады. Сондықтан әр құс өзіндік қасиеті мен жаратылыс ерекшелігіне қарай бапталады және оны тәжірибелі құсбегі практика барысында өзі үйлестіріп отырады. Құс толық түлеп жетілген соң қайырылады. Қайыру кезіндегі берілетін жемге қой, сиыр, қоян, түлкі етінің бірі таңдалады. Өйткені олардың еттері қан-сөлінен тез арылады. Қайырудың алғашқы кезінде жемді бітеудей суық суға салып майы мен қан-сөлін арылтып, бозартып, қуатсыз етіп жегізеді. Осы әдіспен бірер апта жемдеген соң бүркітке балақбау тағып, томағалап тұғырға қондырып, салқын орынға байлап, қадағалап қайырады, ақжем береді. Ол бүркітті майынан арылтып, қара етін сыртына тептіріп санын шығарады. Егер арып, бабына келмесе, қолаба жегізеді. Ал қайтарғанның жөні осы деп жемді өте аз беріп, ашықтыруға да болмайды. Бүркітті осы тәсілдерімен -қайтара келіп куйіне келгенін білу қиын емес. Ол томаға тартқанда әрбір жәндікке тесіле қарап, жұтынып тұрса, ұстап көргенде төс еті жұқарып, саны сыртына теуіп, жас баланың білегіндей жұмсарып тұрса бабына, жақсы күйіне келгендігінің белгісі деп, саятқа шығуға қамдануға болады. Құстың аузындағы тілі оның бабының айнасы деп есептейді. Баптардың алдында тілін байқағанда оның реңі қаралау болса, бап талғамайды, ал қызғылт болса орташа бап тілейтіндер бозаң, ақшылдау түсті тілділер бабын таппаса аң алмайтын күйі қатты құстар қатарына жатады. Қайтарылған бүркітті аңға салып тексеріп көреді. Еті төмен, арық болса қолдан ұшқан бүркіт қанаты сөлбеңдеп, абдырап, түлкіге керенау барады. Түлкіге түссе де, ұстамай орнында қала береді. Оны "жаза түскен" деп атайды. Кездейсоқ ұстаса да арықтықтың салдарынан әлі жетпей аңнан айырылып қалады. Арықтап, екі иығы салбырап кеткен, құрылдап, әлсіз болып қалған бүркітті қайта көтеріп, етіне келтіріп, бабын табу үшін біртіндеп аз-аздан қызыл жем беріп күйлендіреді. Мұндай жемге көтеріліп жуырда түлкі ала алмаса, жілік майы үзіліп, өле арықтағанның белгісі дейді. Он дайда семіз қойдың мойнын немесе тұтас қоянды бітеудей етімен тастап жылы қансоқтасына тойғыза жегізеді. Құсбегілердің салтында бұлар ең қуатты жемге саналады. Оларды жегізе салып түзге тез алып шықпау керек.

Бойына әбден сіңіп, екі-үш күн отырып қуат алған соң бүркіттің көзі шырадай жанып шыға келеді. Аса семіз бүркіт те түлкіге ұшқанымен түспей, ойнап жарысып, жайқап жүріп алады. Ұшқан сайын өрекпи жоғарылап, қанатын ширақ қағады, жинақы, жеңіл қонады. Ол етінің семіздігі, я болмаса бұзылғандығы. Бүркіттің бұзылып айнуы кездейсоқ әсерден болады. Мысалы: Ақжем жеп отырып майлы, қанды қызыл жесе, өздігінен аң алып жеп қойса ескі етіне қызыл тиіп, алабөкен, айнымалы күйге түседі. Қайырылғаннан бастап далбайға түскенге дейінгі ақ жем береді де, әр үш күн сайын тамақтандырардан бір сағаттай бұрын көмейіне киізден "қоя салып" отырады. Екінші күні қоя құстың ішіндегі қылқыбырын алып түседі.

Кұсты қажетке сай, арытып, семіртіп, ішін тазалап отырудың да өзіндік ерекшелігі бар. Күйі бұзылған бүркітке керектенетін амал - көбінде қоя салу. Шын мәнінде қоя дегеніміз жем, қорекпен бірге түскен бөгде заттар кесірінен ішек-қарында пайда болған лас заттар, латынша атауы безаор. Жайшылықта жан-жануарлар оны өзі тазалап, сыртқа шығарып тастайды. Ал аушы құстар оны көбіне шығара алмай кінаратқа тап болса, оларға түрлі заттарды мәжбүрлеп беру арқылы ішіндегі "қоясын" түсіруді "қоя салу" деп атайды. Ондайда берілетін затты да қоя деп атайды.

Құстарға берілетін қояның түрі өте көп: ағаш, сүйек, қызылша, шөп, күйдірілген мүйіз, сүйек, киізден дайындалады. Қояның көлемі саусақтай, ұзындығы 7-8 сантиметр, жуандығы 3-3,5 сантиметр мөлшерінде болады. Бір жолда бір қоя ғана салуға болады. Бүркіт түнде салған қояны таң ата өзі түсіреді. Семіз болса ерте, арық болса жай тастайды. Бүркітті аңға қоясы түскен соң салады.

Жылқының жамбас сүйегі мен бұғының қу мүйізін өртеп оның күлін шүберекке түйіп күл қоя жасаса; жас талдың қабығын аршып жұмырлап тұжырып, бір ұшын ойыс, екінші ұшын сүйірлеп ағаш қоя істейді. Таза ақ шүберектен ұзыншақ қалта тігіп, оған қояны нығыздап салып, аузын тігеді. Күл, ағаш қояны саларда шүберектің сыртын сумен шылап, сүйір жағын қаратып жұтқызып, қолмен сырғытып, бөтегесіне түсіреді. Ілешала жем береді. Мұндай қоялар еті көтеріңкі және бұзылып, айнымалы болған құстардың ішіндегі, денесіндегі бөлінген майларды бойынан сорып алып, қызуын басып, ішін тазалап, шабыт күйіне келтіреді.

Ал шөп қояны жұмсақ қу шөптен немесе қамыстың үлдірігінен буып, жіпке байлап жасаса, киіз қояны ақ киізден жұмырлап тігіп істейді. Бұл қоялар бүркіттің ішіндегі қылқыбырды, жалқақты, лас нәрселерін алып түседі. Егер киіз қояның түсі сол қалпында түссе іші тазарғандығы, ал сарғайып, көгеріп кетсе, әлі де таза еместігінің көрсеткіші. Мұзды сүйірлеп жонып, мұз қоя жасап, суға шылап, соны қылғытып жібереді. Бұған ұқсас су тамызған сығылған қарды да береді. Оны томыртқа деп атайды. Бұлар денесі қызған құсқа жасалатын шаралар болып табылады. Қоя тастарда бүркіт иықтарын қомдап, ауық-ауық мойының созып талпына береді. Осындайда томағасын сыпырып алып тастаса, қоя алқымынан тығылмай оңай түседі. Ал тұзды түйе шудасына орап салатын түрін зерде деп атайды. Ол жем сіңбей бөгіп аңға ұшпай қалған кезде табанда құстырып ішін, тазартатын әдіс.

Құстың ішін тазалап, арытудың басқадай тәсілдері де бар: қант қосқан қара шайды ("ілімі" деп аталады), суға ерітілген мүсәтір, күшала, қызыл түз (бір шөкімдейін) ерітіндісін түтік арқылы құс аузына құяды. Тойып тұрған құсты шұғыл түрде аңға салу қажеттігі туса, кұшаланы тарыдай ғылып ұнтақтап, суға араластырып, құстың жемсауына түтікпен үрлеп жіберсе, құс бар ішкен-жегенін құсып тастайды. Ішінен жем арылмаған тоқ бүркіттің шабытын келтіру үшін түзде де ішін шаю тәсілдері қолданылады. Соның әсерімен қарны ашып, жүрегі қарайып, аңға түседі. Бірақ бұл тәсіл уақытша ғана, кездейсоқ шабыт беріп, бірер жарым түлкі ұстауға ғана ықпал етеді, түбегейлі әсер аз. Құстың семіз-арықтығы мен бабына келген-келмегендігін төс және сан еттеріне қарап шамалайды. Құс семіз болса, сан, төс еттері саусақ батпастай, тығыз, сыртқа қарай теуіп тұрады. Ал орта етіне келе бастаған болса, құстың сан еті мен төс еті былқылдап босайды. Бабына келген құстың саңғырығы аппақ түске енеді. Ал қайырылуы жетілмесе, көгілдірленіп тұрады. Саңғырығы тазарып (аппақ болып), ат үстіне келетін құсты құсбегілер тілімен айтқанда "талпынды" деп атайды, яғни құс төңіректі шарлап бағып, жиі сілкініп, қауырсындарын сылдырлатып отырады. Мұндайда талпынды құсты далбайға түсіріп байқайды. Бүркіт бабына келген соң саятқа шығу қамы жасалады. Бүркіт алғаш бау ашып, түлкі алған сон-ақ, тұмсығын қырып түзеп, тұяқтарын өткірлеп, ұштап, безеп қою керек. Ол аң ұстаған кезде аңның денесіне біздей қадалып, босатпайтын болады. Ұсақ құстарды қайыруға небәрі жарты айдай ғана уақыт қажет. Құсбегі даусын қаттылау шығара, көбірек сипалап, дудабырға үйретіп, қолда көбірек ұстайды. Қайыру басталғаннан 2-3 күн өткенде қоянның табан терісін сыдырып, жуып тазалап қоя ретінде жұтқызады. Егер қоя көкшіл, сарғыш түске енсе, құсқа бір ұрттам қызыл шай береді. Онан кейін сары бөртпе беріп отырады, шөліркемес үшін салқын су, қар беріп отырады. Бір апта өткен соң қолға алған сайын аузына қант бүркіп отыру керек және тамағы "ақ жемге" ауыстырылады, ат үстінде алып жүреді.<ref>Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы. - Алматы: "Алматыкітап", 2007. - 208 бет, суретті. Б. Хинаят, Қ.М. Исабеков. ISBN 9965-24-813-3</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}