Темірдің Дешті Қыпшақ пен Жетісуға жорықтары

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Темірдің Дешті Қыпшақ пен Жетісуға жорықтары - Әмір Темірдің 14 ғасырдың 70 – 90-жылдары Моғолстанға, Ақ Ордаға және Алтын Ордаға жасаған басқыншылығы. Әмір Темірдің билікке ұмтылысы оны 1360 – 1370 жылдардағы тақ таластары шайқалтқанымен, әлі де құдіретті Алтын Ордамен бетпе-бет келтірді. Бірақ онымен соғыспас бұрын Әмір Темір өзінің солт. мен шығыстандағы ең жақын көршілері – Ақ Орда мен Моғолстанды нысанаға алды. Ол бұл істе өзіне Ақ Ордадан қашып келген Тоқтамысты пайдалануға ұмтылып, оны әскерімен жасақтап, 1374 – 1376 жылдарда үш рет Ақ Ордаға аттандырды. Темір Мәліктің 10 мыңдық әскерін 1376 жылда Сығанақ түбінде талқандағаннан кейін Әмір Темір Сауранда Тоқтамысты таққа отырғызып, оны Дешті Қыпшақтың билеушісі деп жариялады. Бірақ 1377 жылда Темір Мәлік көп әскермен келіп, Сауранның түбінде Тоқтамыс әскерін талқандады. Әмір Темір Тоқтамысты өзінің әскербасыларымен бірге Ақ Ордаға тағы да аттандырды. Ол Ақ Орданың басты қаласы – Сығанақты басып алды.

1371 жылда Әмір Темір Моғолстанға әскер аттандырды, ол бұл жолы Алмалыққа дейін жетті. Мұның артынша Әмір Темірдің өзі бастап жорыққа шығып, Ыстықкөл өңіріне дейін келіп, көптеген тұтқын мен олжа түсіріп қайтты. 1375 жылда Әмір Темір әскері Моғолстанға тағы да жорыққа аттанып, Шарын өзен шатқалында Қамар әд-Динмен шайқасты. Қамар әд-Дин жеңілгеннен кейін Әмір Темір әскері моғолдарды Іле өзене дейін қуып, Самарқандқа олжамен оралды. Әмір Темір Моғолстанға жорығын 1377 жылда жалғастырып, Қамар әд-Дин әскерін Қаратау етегінде және Ыстықкөлге таяу маңдағы Бұғым шатқалында талқандады. Бұдан кейін Қамар әд-Дин Алтын Ордадағы билікті қолына алған Тоқтамыспен Әмір Темірге қарсы одақ құрды. Мұндай одақ Еңке төре мен Қызыр қожа хан тарапынан да қолдау тапты. Ақ Орда мен Моғолстан билеушілерінің күш біріктіруіне жауап ретінде Әмір Темір 1389 жылда Моғолстанға және 1390 – 1391 жылдарда Ақ Орда мен Алтын Ордаға жорықтар жасады. 1389 жылда Әмір Темір әскері Тарбағатай өңірінде Еңке төренің әскерін талқандады. Шығыс Түркістанды паналаған Қызыр қожа Әмір Темірден жеңіліс тауып, оған тәуелділігін мойындады. Іле өзен бойында жеңіліс тапқан Қамар әд-Дин Алтай өңіріне бет алды. Моғолстанды талап-тонап, оның билеушілерін қуып шыққан Әмір Темір Дешті Қыпшақтағы Тоқтамысқа бет бұрды. 1391 жылда Әмір Темір 200 мың әскерімен Тоқтамысқа қарсы жорыққа аттанды. Жайық өзенен өтіп, 18 маусымда Тоқтамыс әскерімен Құндызша деген жерде шайқасқа түсіп, талқандады. Самарқандқа қайтар жолда Ақ Орда ұлыстарын талап-тонады. Әмір Темір Тоқтамысқа қарсы жорығын 1395 жылда жалғастырып, Cолтүстік Кавказда, Терек өзен аңғарында оның әскерімен шайқасқа түсті. Жеңілген Тоқтамысты Әмір Темір әскері Елекке дейін қуып, содан кейін Алтын Орда қалаларын ойрандады. Алтын Орданың Еділдегі астанасы Сарай-Берке, Еділ бойы мен Қырымдағы ірі қалалар – Астрахан, Каффа, Азақ тағы басқа қирады. Бұл соққы Алтын Орданың саяси құлдырауы мен ыдырауын тездетті.

Дереккөздер

  • «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том
  • Бартольд В.В., Царствование Тимура, Сочинения, том 2, часть 2;
  • Тамерлан: Эпоха. Личность. Деяния, М., 1992;
  • Қазақстан тарихы, 2-т., А., 1998;
  • Сұлтанов Т., Темір және оның империясы, А., 2004.

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}} {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}