Тараздың 2000 жылдық мерейтойы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Тараздың 2000 жылдық мерейтойы – Ежелгі Тараз шаһары негізінің қалануына 2000 жыл толуына байланысты мемлекет тарапынан ұйымдастырылған мерекелік шаралар. Тараз қаласында 2002 жылдың 25 – 26 қыркүйек күндері өтті.


«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, Қазақстанның ең ежелгі қаласы Тараздың 2000 жылдығын мерекелеу туралы дүниежүзілік құзырлы ұйым – ЮНЕСКО арнайы қаулы қабылдағалы Республика үкіметі мен облыстық әкімі дайындық шараларына қызу кірісіп кетті. Осы мерекені өткізу үшін республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінді. Тойды халықаралық дәрежеде өткізуге әзірлік барысын тексеру үшін мемлекеттік хатшы Ә.Кекілбаев, Премьер-министрдің орынбасары И.Н. Тасмағамбетов облысымызға келіп, жағдаймен танысып қайтты. Тараз қаласында жолды тегістеу, көшелерде түнде электр жарығын жандыру, бітпеген бес тұрғын үйдің құрылысын аяқтау, Жастар сарайын салу, Орталық стадионды, «Дельфин» жүзу бассейнін, «Баласағұн» концерт залын, облыстық драма театр ғимаратын қазіргі заманғы технологияға сәйкес қайта күрделі жөндеу, №18 және №50 мектептердің аумағын ұлғайту, басқа да шаралар қызу қолға алынды. Мерейтой аудандар көркемөнерпаздарының фестивалін өткізуден басталды. Барлық аудандардың ең таңдаулы көркемөнерпаздары облыстың орталығы – Тараз қаласында өз өнерлерін көрсетті. Әсіресе, облыстық драма театрында өткен халықаралық ақындар айтысы Тараз тарихын жыр өрнегімен әспеттегенін айту керек. Бұл айтыстың қазылар алқасын облысымыздың құрметті азаматы, жазушы-драматург Әкім Тарази басқарса, сондай-ақ, алқа құрамында Оразақын Асқар, Көпен Әмірбек, Ұлықбек Есдәулет, Мархабат Байғұтов, Елен Әлімжан, композитор Балнұр Қыдырбек, Өзбекстан мен Қырғызстан республикаларының көрнекті ақындары болды. Бұл айтыстың қазылар алқасын облысымыздың құрметті азаматы, жазушы-драматург Әкім Тарази басқарса, сондай-ақ, алқа құрамында Оразақын Асқар, Көпен Әмірбек, Ұлықбек Есдәулет, Мархабат Байғұтов, Елен Әлімжан, композитор Балнұр Қыдырбек, Өзбекстан мен Қырғызстан республикаларының көрнекті ақындары болды. Бұл айтыста 12 жұп ақын сөз сайысына түсті. Алғашқы турдан 12 ақын – Айнұр Тұрсынбаева, Карима Оралова, Ермек Жұматаев, Шырынбек Қойлыбаев, Күміс Сәрсенбаева, Ақмарал Леубаева, Аманжол Әлтаев, Шорабек Айдаров, Балғынбек Имашев, Ербол Қамбатыров, Алтынкүл Қа-сымбекова, Айбек Қалиев ақтық айқасқа жолдама алды. Шешуші айтыста жамбылдық ақын Шырынбек Қойлыбаев бас бәйгені – «Жигули» автомашинасын жеңіп алса, Айнұр Тұрсынбаева мен Ермек Жұматаев бірінші орынды бөлісті. Екінші орынға астаналық айтыскер Аманжол Әлтаев ие болды. Үшінші орынға шымкенттік ақындар Карима Оралова мен Ақмарал Леубаева шықты. Сол сияқты Тараздың 2000 жылдық мерейтойы құрметіне жазба ақындардың мүшәйрасы да өткізілді. Бас бәйге ешкімге берілген жоқ. Тең ұпай жинаған алматылық ақындар Рафаэль Ниязбек пен Маралтай Райымбекұлы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды тараздық Сәнтөре Пірманов пен оралман Қайыпназар Шотбасов иеленді. Үшінші орынды астаналық Өтепберген Ақыпбекұлы мен тараздық ақын Жанат Төленді бөлісті.

Мерейтой алдында басталған телеайтыс қорытындысы да шығарылды. Бұл айтыста бірінші орынды оңтүстік қазақстандық Маржан Есжанова иеленді. Тараз шаһарының 2000 жылдығы аясында бірқатар қаламгерлердің (Ә.Кекілбаев, А.Әбдуәлиев, И.Жеменей, М.Мырзахметұлы, Б.Әбілдаұлы, К.Байбосынов, Т.Қожакеев, К.Рыспаев, К.Сәттібайұлы, т.б.) еңбектері жеке кітап болып басылды. Фотоальбом жарық көрді, «Тараз. Жамбыл облысы» энциклопедиясын дайындау қолға алынды.

Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойы қарсаңында Тектұрмас әулие кесенесі ашылды. Той алдында облыс қылқалам шеберлері туындыларының көрмесі ұйымдастырылды. Бұл көрмеге Қазақстан Суретшілер одағының Таразда тұрып, еңбек етіп жатқан В.Я. Санталов, Н.Рахымжанов, Б. Шерімов, Б.А. Ткаченко, Р.Сапаралиева, Т.Көшербаев сияқты мүшелерінің әр түрлі жанрдағы 200-ден астам еңбектері – суреттер, мүсіндер, қолөнер бұйымдары қойылды. 2000 жылдық мерейтойға байланысты М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Тараз: мыңжылдықтар және өркениет сұхбаты» деген тақырып бойынша халықаралық ғыл.-теориялық конференция өткізілді. Конференцияда ЮНЕСКО Бас хатшысының мәдениет жөніндегі орынбасары Мунир Бушинакидің құттықтауы оқылды. Конференцияға Білім және ғылым министрі Ш.К. Беркімбаева, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі М.А. Құл-Мұхаммед, Ұлттық Ғылым академиясының президенті С.Ж. Дәукеев, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ә.Б. Дербісәлі, Үндістан Республикасының Қазақстандағы төтенше және толық өкілетті елшісі Видиа Сагар Верма, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және толық өкілетті елшісі Нұртаза Сафари, Алматыдағы «Нұр-Мүбәрәк» ислам университетінің ректоры Махмуд Хиджази, франциялық проф., Қазақстан Президентінің «Бейбітшілік және рухани келісім үшін» сыйлығының иегері Фишлер Альберт, Қытай, Бельгия, Италия, АҚШ, Әзірбайжан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің ғалымдары қатысып, Тараз тарихына қатысты көптеген деректерді жариялады. Әлбетте, бұл халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда той иелері – қазақстандық ғалымдар жасаған баяндамалардың шоқтығы биік болды. Конференция материалдары жеке жинақ болып жарық көрді.

Мерекелік негізгі іс-шаралары қыркүйектің 25 – 26 күндері өткізілді. Қыркүйектің 25-і күні облыс әкімі С.Ә. Үмбетов мерейтойға алыс және жақын шет елдерден және Астана мен Алматыдан келген қазақстандық журналистер үшін баспасөз конференциясын өткізді. Сол күні «Тараз-2000» естелік пошта маркілерінің тұсаукесері болды.


Тойға келген құрметті қонақтар Жамбыл Жабайұлының, Бауыржан Момышұлының, Дулат Мұхаммед Хайдар мырзаның, саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарының ескерткіштеріне, Даңқ обелискіне гүл дестелер қойды. Олар ежелгі қаланың мерейтойына байланысты салынған, қайта жабдықталған нысандармен – Айша бибі, Бабажы қатын, Қарахан, Шамансұр кесенелерімен, Қали Жүніс моншасымен, облыстық тарихи өлкетану мұражайымен, қайта жабдықталған теміржол вокзалымен, «Дельфин» жүзу бассейінмен танысты.


Мерейтойға келген мәртебелі қонақтар арасында ҚР Президентінің жұбайы, «Бөбек» қорының президенті Сара Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, оның орынбасары Өмірбек Бәйгелді, сенаторлар Әбіш Кекілбаев, Жандар Кәрібаев, Парламент мәжілісінің депутаттары – жазушы Шерхан Мұртаза, Серік Әбдірахманов, Қазақстан Халықтары ассамблеясы төрағасының орынбасары Павел Атрушкевич, республика Білім және ғылым министрі Шәмша Беркімбаева, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, көршілес Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері Шалбай Құлмаханов, Болат Жылқышиев, Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков, Қырғызстанның халық депутаты, Талас облыстық кеңесінің төрағасы Бақыт Құрманбаев, Халық Қаһармандары Қасым Қайсенов, Әзірбайжан Мәмбетов, қазақстандық тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, халық жазушысы Тұманбай Молдағалиев, халық артистері Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, атақты биші Шұғыла Сапарғалиқызы және басқа да көптеген ғылым, әдебиет, өнер және спорт қайраткерлері болды.

Қала және барлық аудандардың көркемөнерпаздары ірі мәдениет сарайларында, Б.Момышұлы және С.Сейфуллин, сондай-ақ әл-Фараби және С.Сейфуллин көшелерінің қиылыстарында, офицерлер үйі маңында, №18 мектептің алдында, қалалық сот ғимараты жанында, Ш.Уәлиханов атындағы демалыс орталығы алдында, Т.Рысқұлов, Қ.Рысқұлбеков және «Жеңіс» саябақтарында, былғары комб. алдындағы гүлзарда және стадиондарда концерт көрсетті.

Тойға жиналғандар қыркүйектің 26-сы күні қала сыртындағы Б.Момышұлы атындағы атшабарда өткен ұлттық ат спорты ойындарын тамашалады. Тараз қаласының орталық алаңында Бәйдібек баба ескерткіші салтанатпен ашылды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Нaзарбаев Орталық алаңға келіп, ескерткішке жабылған жамылғыны түсірді. Бәйдібек бабаның ескерткіші ашылған соң Президент Н.Ә.Назарбаев сөз сөйледі. Қыркүйектің 26-күнгі кешкісін 12600 көрермен жайғасқан Орталық стадионда Тараз қаласының 2000 жылдық тарихын бейнелейтін театрландырылған қойылым көрсетілді. Бұл қойылымды Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өзінің серіктерімен және облыс әкімі С.Ә.Үмбетовпен бірге көрді. Барабандар дабыл қаққан мезгілде стадионның төрт қақпасы бірден ашылып, алаңға 1200 адам салтанатпен аяқ басты. Шығыс жақ мінбердегі 1700 адамның қолдарындағы түрлі-түсті жамылғылардан «Тараз-2000» деген жазу желбірей көрінді. Ту ұстаушылар – ақ киімді 640 адам шыққанда Тараз аспанын «Сарыарқа» күйі кернеп кетті. Бұл театрландырылған көріністерде Тараз қаласының 2000 жылдық тарихы ішінде болған аса ірі оқиғалар театр тілімен бейнеленді. Бұл қойылымның сценариін жамбылдық драматургтер Бақтияр Әбілдаұлы мен Елен Әлімжан жазды. Бас режиссер республикамыздың халық артісі Есмұхан Обаев болды.

Театрландырылған қойылым аяқтала бере Тараз аспанына зымырандар атылып, түрлі-түсті отшашулар мерекелік түнді құлпыртып жіберді. Бұдан соң Қазақстанның және облысымыздың өнер шеберлері концерт берді. Тойдың меймандары мен тараздықтар қазақ өнерінің мақтанышы Нұрғиса Тілендиев атындағы ұлттық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің, өзбек халқының әйгілі «Ялла» ансамблінің, талай мәртебелі халықаралық конкурстардың лауреаты, профессор, скрипкашы Марат Бейсенғалиевтің, би өнерінде теңдессіз Шұғыла Сапарғалиқызының, қырғыздың айтулы әншісі Саламат Садықованың, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаттары Сәуле Жанпейісова мен Ержан Қосбармақовтың, белгілі әншілер Нұрлан Өнербаевтың, Рамазан Стамғазиевтің, Бағдат Сәмединованың, Тараз топырағынан түлеп ұшқан, бұл күндері Алматы мен Астанада еңбек ететін Дүйсенбек Өмірәлиевтің, Досымжан Таңатаровтың, Құрмаш Махановтың, Гауһар Қаспақованың, Қайнар Жұманбаевтың, Тахмина Әшімбекованың және басқа да жұлдыздардың өнерін тамашалады.

Ат спорты ойындары Б.Момышұлы атындағы атшабарда қыркүйектің 27-күні жалғасса, қыркүйектің 30-ы мен қазан айының 4-і күндері аралығында «Дельфин» жүзу бассейнінде әйелдер командасы арасында су добынан халықаралық турнир өткізілді. Ал қазан айының 1 – 5 күндері М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дің спорт кешенінде бокстан халықаралық жарыс болды.

Дүниежүзілік деңгейде өткізілген Тараз мерейтойы, тұңғыш Президентіміз Ә.Н. Назарбаев айтқандай, ең ежелгі қаламыз қазақ тарихының алтын діңгегі екендігін, тамырлары тым тереңде жатқандығын танытты.<ref>Тараз энциклопедиясы</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}