Тазы итті баулу, үйрету, қайыру

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

12:31, 2017 ж. сәуірдің 20 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Тазы күшігін баулу, үйрету

Тазыны күшіктей алса, үйретуге жеңіл әрі ыңғайлы болады аңшының өз икеміне жарарлықтай етіп тәрбиелейді. Тазыны үйрету, баулу көптеген халықта ортақ немесе бір-біріне ұқсас қырлары көп құбылыс. Ол негізінен төрт сатыдан тұрады: дайындау немесе бой үйрету, бойсындырып дағдыға үйрету, арнайы баулу және оларды әбден бойға сіңіру.

Алғашқы саты тазы күшігінің екіден алты ай аралығын қамтиды және қарғыбауға үйретумен ерекшеленеді. Күшіктерге бір ай толған соң тазыға тән белгілері біліне бастайды: тұмсықтары сүйірленіп, белі тіктеніп, құйрықтары "ою- құйрықтана" бастайды, аяқтары тақыр, құлақтары салпаң құлақтанған, құлағында шашақтарының нышаны бар, төсі шынтағына жетіп тұрады. Осы кезден үйретуге қолға алады. Тазы күшігіне үйдегі кез келген адамның айқайлап, жекуіне болмайды. Қарғыға, тұмсыққапқа, жетекке үйреткенде де аса ұқыптылықты талап етеді. Олар күшіктің бір жеріне батып, қорқытатындай болмауы керек 1,5-2 айлығында мойынына жұмсақ шүберек байлаудан бастайды да, бірте-бірте оны нағыз қарғыбаумен алмастырады да ойнағанда т.б. қимыл-әрекеттерде оның әсеріне көндігіп, дағдыланатындай болуы керек.

Алты-жеті айлығында иесінің әсіріне толық бағынатындай етіп "баулиды". Күшікке қойған өз атына және қарғыға, жетекке жүруге үйрету - кезекті жаттығу жұмыстарының алғашқыларының бірі. Ең әуелі түлкінің құйрығымен ойнатып үйретуден бастайды. Егер осы кездетазығатән қылықтанытып, онымен әуестенсе, онда күшігіңіздің алғыр болатындығының белгісі. Оны үйрете, тәрбиелей білсе бұйрықты мүлтіксіз орындайтын дағды қал ыптасады. Тазы күшігін түлкі құйрығымен ойнату себебі:

  1. Тазының мойны қатпайды.
  2. Кейін түлкі қуғанда алданбайды.

Итті тұмсыққапқа, тұмылдырыққа, иесінің айтқанын екі етпей, оның жанынан ұзамай, бос әрі қатар жүруге үйрету - баулудың алғашқы түрі. Бұл - қазақ аңшылығында қалыптасқан дүние емес. Тамаққа жай шақырғанда жетіп келуге дағдыландыру, оның "отыр" деп бұйырғанда жанында шоқиып отыруға үйретеді. Ол үшін ұзындығы бір құлаштай қайыс шыбыртқымен жекіп, кейде шықпыртып алады.

Мұнан кейінгі сатыда бұйрықтар санын көбейтіп, тазыны Кел! Кет! Отыр! Тұр! Ізде! Жат! Тәйт! дегендей бұйрықтарға дағдыландырып, сүйретпеге салып қояды, қабаған мінезі жаман тазыларға қажет деп тапса тұмылдырық кигізіп қояды. Итті қыдыртқанда, тамақтандырғанда, күткен сәттерде иесіне, өзіне қойылған атқа дағдыландырады. Тазыны баулуды бастаған кезде оны сипалап, еркелеткенді ұнататыны белгілі, әрі аса зорықтырмай, аяқтарының табанын жараламауды қарастырады.

Отырған тазының өз орнынан тұрып барып, алыста жатқан, атаған затты әкелуге, жағымсыз әдеттерге тыйм салып, бөгде адамның берген тамағын немесе өзі тауып алған тамақты ішіп-жемеуге үйрету, келесі күрделі дағдының қатарында. Иттің үре жүгіріп, тыныштық сақтауға үйрету де оңай шаруа емес, оған да шыдамдылық пен тынымсыз еңбек керек.

Шақыруға үйренген соң "жасырынбақ" немесе жасырған затты табуға машықтандырады. Ол үшін күшік ұзап кетіп, шақырғанға келмесе, иесі жасырынып қалады. Бұл кезде күшік аласұрып иесін іздей бастайды, кейде жалғыз қалғаннан қорқады. Осы кезде жасырынған жерден шыға келіп, атын атап шақырса тазы күшігі балаша қуанып жетіп келеді.

Тамақты көрісімен, шоқиып отыруға "отыр", "жарайсың" деп бұйрық беріп тамақ ұсынады. Ал ол ересектеу болып, айтқанға көне қоймаса, сол қолмен оның бөксесін басып, жетек бауын жоғары көтеріп: "отыр" деген бұйрық қайталанады.

Дауыс "үр" деп бұйрық береді. Бұл арада оның табиғи қасиеті, инстинкті әсер етіп, ол дауыс шығарып үреді. Сондықтан оның алдын ала айту керек және үрсе, қолдағы етті беріп, еркелете сипалау дұрыс. Осы жаттығу әлденеше рет қайталанғанда итте шартты рефлекс пайда болады.

Қыдырыстап жүргенде тауықты, мысықты қуалап, не жерден бірдеңе тауып алып жұлқылап мұжыса, затты күшіктен тартып алады да, "Тоқта", "Тиме" деген тыйым салу бұйрығын өктем түрде қайталайды, ақырын шыбыртқымен ұрады.

Итті бөгде адам берген, не тауып алған тамаққа "немқұрайды" қарауға, оған көңіл бөлмеуге үйрету үшін алдымен оның өзі тамақтанып жүрген жерден басқа жерде тамақтануға тыйым салынады. Сондықтан оның тамақтанып жүрген итаяғын басқа жерге қою керек.

Иттің бөгде адам қолынан тамақжемеуі де бар екенін айта кеткен жөн. Мұнда ит байлаулы не иесінің жанында жетекте болуы тиіс. Сонда оның жанынан өтіп бара жатқан бейтаныс адам иттің атын атап, бір кесек етті көрсетеді. Егер ит қолдағы етке ұмтылса, иесі "Тиме", "Фу" деген бұйрық беріп, жетекті жұлқи тартады.

Шамамен он ай уақыт өткен соң баулуды, аңға ауыздандыруды бастайды. Тазыны үйрету мен баулуды бұрын аң алып жүрген кәнігі тазылармен аңға қосып "ауыздандыру", яғни баули бастау дұрыс дейді қазақ аңшылары. Тазы күшігін жасынан аң ұстауға, із кесу машығына баулиды, мылтықтың үніне етін үйір етеді. Табиғи жаратылысынан үйретілген тазылар аңшы "Ізде" деп бұйрық бермей-ақ өзі ізге түсіп қуып жетіп бастаған кезде қосатын аңына жете алмай шайлығып (беті қайтып) қалмас үшін иттің алатын аңының бірін ұстап, аяқ буынын (сіңірін) арқанмен тартып байлап, оның жылдамдығын кемітіп, жазық кең далаға босатып жібереді. Бірақ үйретуші-аңшының өзі де қабаттаса шауып, одан қалмауы тиіс. Сонда ол ит жетіп, ұстаған жыртқыш аңды соққыға жықпаса, тәжірибесіз жас итті оның жазатайым етуі ықтимал.

Ондай сіңірі қолдан тартылған аңға итті қосу қашықтығы 20-30 метрдей болуы керек. Аңға қосуға үйрету, жаттықтыру мерзімі күшіктің туғаннан кейін 10-12 ай толғанда басталуы керек. Күшікті үйретіп, жаттықтыру су құстары ұшпаған кезде, яғни олардан із, иіс қалатын сәттерде басталатыны аңшылық кәсібімен айналысатын тәжірибелі мамандар ұдайы ескертіп отырады. Және ол ит өзі ұстаған "олжасын" міндетті түрде иесіне әкеліп беретіндей етіп, тәрбиелеуі тиіс.

Тазыны қайыру

"Ұясына толған" кезде басқа аң алып өзге тазымен бірге ауызданып, кейін өз бетімен "тырнақалдысын", яғни алғаш өз бетімен аң алу ойдағыдай шықты деп бағаласа, өз бетімен аңға қоса береді. Ол көзіне түскен аңды құтқармайтын желдей ескен жүйріктігіне қоса алғыр, күшті, айлалы болса, тазы келер жылы аңшылар тілімен айтқанда, "екінші қар басқанда" жыртқыш аңға салып тексеріп көреді. Дегенмен, тазы төрт жасқа толғанда денесі толық жетіліп толады. Осы кезден қасқырға қосуға жарайды деп есептейді.

Тазыны сонарға шығар алдында баптайды. "Ат семірсе сауыры томпақ келер, ит семірсе тұмсығы кертеш келер," деген өзі жұнттай болып, тойынған иттің ішін айдатып, тазалап, қоясын түсіреді. Себебі семіз ит те семіз ат сияқты ұзақ шабысты көтере алмай қызыл май боп түтігіп кетеді. Сондықтан асықпай қар жауғанша қайырып алады. Иттің "қоясын түсірудің" амалы аушы құстай емес, өте оңай. Оған бар болғаны қойдың құйрық майын не жылқының майын ерітіп, бір шарасын ішкізсе болғаны.

Бұған қоса қазақтар тазыға майы ал ынған іркітті қайнатып жылылау күйінде берсе (немесе құртты езіп береді) иттің ішіндегі жалпақ таспа құрттарды айдап түсіреді. Халықта "Ит үш күн семіріп, үш күн арықтайды" деген сөз бар. Қысқасы тазы тез ариды, оған бар болғаны екі-үш күн майлы тамақ бермей қара көжеге қамаса ит артық майынан арылып, зар, күйіне келе бастайды.

Аңға әбден үйретілген, аң қағып жүрген тазы болса да күз түссе аңға шығуға кемінде бір ай қалғанда тазыны қайыруды бастайды. Көбіне тамыздың соңына ала тазы да қылығы өзгеріп, елгезек, елеңдегіш мінез таныта бастайды. Қайырудың қалыпқа түскен ұстанымы тазының тұқымы мен әлділігіне қарай түрліше болып келгенімен, негізгі ұстанымдары төмендегідей. Әуелі ауыл маңында жүгіртіп, көптен икемге келмей қалған сіңір, тарамысын созады. Беретін тамақтың мөлшерін бірте-бірте азайта береді. Күн өткен сайын тазыны көбірек жүгіртіп, "жаттығатын" уақытын ұзарта береді, ал физикалық ауыртпалықты арттыра түседі. Көбіне аяңдап, бүлкектеп жүргізеді Осылай аяқ-қолы ширыға бастаған тазыны қимыл-қозғалысы тоқтап, денесі суыған соң, яғни шамамен бір сағат уақыт өткен соң оған тамақ беру дұрыс дейді.

Тазыны ерткен атты аңшы таңертең және кешке қарай күніне екі мезгіл жүгірте отырып, жетіден он күн уақыт өткен соң тынысы ашылды деп санайды. Ендігі кезекте табаны мен тұяғын қатайту, қимылын шапшаңдату шараларына кіріседі. Ол үшін ауыл маңынан үзап шығып таңертең-кешке екі уақ ет пісірім уақыт бойы жүгіртеді. Оған саз, құм, топырақ, қиыршықты жерлер таңдалып жүгіретін аумақ үнемі алмастырылып тұрады. Тазысының мойнына арқан салып жетектеп ертіп шыққан аңшы әуелі аяңдап, онан бүлкектеп жүргізеді де, онан желу, шабу, қосаяқтап жүгіртуге мәжбүрлейді. Онан соң жүгірістің сол екпінін бірте-бірте азайтып отырып ауылдың маңайын айналып жүріп келеді. Мұндайда мінетін ат саят аты емес, басқа тазы ертіп жүруге үйренген ат болады.

Қазақ аңшысы таңертең ауылдың жылқысын өрістен ерте барып айдап келуге тазысын ертіп, екі пайдалы істі қатар "тындырып" келеді. Кешкісін де ауыл-ауылдың арасынан аулақтағы судан өтетін, өрлі-құлдилы, қия, ой-жыра тәрізді адам мен мал аяғы аз жүретін жерлерді таңдайды. Күн аралата тазының табанын көріп, тазалап, майлап, тілінген-бүлінген жарасы болса дауалап отырады. Күн аралата табанын ұстап көргенде, табаны қызып, талаурап немесе "өртеніп" тұрғандай ыстықтың табы білінсе, онда тазы болдыра шаршағандығының белгісі және ол өте қауіпті деп санайды. Ондайда тамақты үстемелеп беріп, бір күн жүгіртпей тынықтырады немесе ауыл маңында баяу жүргізеді. Күн жылы күндері ағынды сулы жер болса тазыны суға жүзгізіп, суға "шомылдырып" алады. Осылайша бабына келіп қайырылған тазы аңға шығатын уақыт жеткенде дәл бабына келеді. Егер аңға шығатын уақыт кеш келсе де, 2-3 апта бойы бабынан таймас үшін күн сайын ет пісірім уақыт қимылдатып, әредік көсілте жүгіртіп отыру керек.

Бабына келген тазы бұлшық еттері тығыршықтай болып, жүндері құлпырып жылтылдап тұрады, басын тік, кеудесін керіп ұстайды. Аяқтарының арасын кеңге тастап алшайып, сирақтарын нық басып тұрады, қимылы ширақ, көзінің қарасы елгезек, "әйт" десең тап беріп ұшып кетуге дайын тұрады. Даусы тарғылданып, ашық шығады, мінезі жайдары болғанымен, тыз етпе ызаланғыш келеді.<ref>Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы. - Алматы: "Алматыкітап", 2007. - 208 бет, суретті. Б. Хинаят, Қ.М. Исабеков. ISBN 9965-24-813-3</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}