Тазымен із кесу, аң қағу

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Аңшы құралы

Аңшы құралы құсбегі құралынан сәл өзгешелеу, Киетін киімі саятшы киіміндей қимылдап-қозғалуға икемді әрі жеңіл болғаны дұрыс. Тазысын ерткен аңшы далада көп жортып, күні бойы қимылдап, жан-жақты шолып, жіті көп бақылайтындықтан күн сәулесі қарға шағылысып көзін шаршатады. Сонан кәзін қорғайтын "көзқарықтық" немесе "көзілдірік" деп аталатын құрал тағады. Оны адамның екі шықшытын басып тұратындай етіп кәдімгі көзілдірік пішінінде кесіп алған тері, ұзындығы бір қарыс, ені үш елі былғары, қара түсті қалың матадан екі көзге келетін ортасын ойық етіп жасайды. "Кезілдірікті" аңшы көзіне тағып, екі ұшына тағылған баумен бір-біріне байлайды.

Оны қарда мал бағып жүрген қосшы (жылқышы) мен қойшылар жиі киген. Аталған аспап күн сәулесі қарға шағылысып, көзі жасаурап, қышып ауруынан қазақ "көздің қарығуы" (орысша оны "снежная слепота" атайды) деп аталатын сырқаттан сақтайды. Қар жиі жауатын өңірдің малының көзі де қарығып ауыратындықтан тіптен малдың көзіне де киізден, былғарыдан істеп байлаған. Тазы итін көзқарығудан сақтау үшін көзінің шарасын айыалдыра кәдімгі ошақтың қара күйесін жағып қояды.

Бірақ қыста даладаұүзақ жүрген кезде тағатын нағыз көзілдірік жылқы терісінен жасалады, дейді белгілі шебер Д.Шоқпарұлы. Оған жылқының иленбеген шикі терісін жібітіп, түгін жидітіп алған соң, көзді жауып тұратын тұсын сопақшалап, кәзілдірік пішінінде пішіп алады да, көздің тұсынан көлденең тілік тіліп, тері тобарсыған (шала кепкен) кезде тіліктердің арасындағы жолақты көлбеу бағытқа бұрып, тері көңге айналғанша көлеңкеде кептіріп қояды. Оған шүберектен ызылған бау немесе биязы жарғақтан тілінген бүлдірге таққан.

Тазы ерткен аңшы қолына аңды ұрып алатын құрал - сабы ұзын дойыр қамшы немесе қайын сойыл, шоқпар алады. Түлкіге шықса қолына түлкі соғатын ұзын құрық алады. Бастысы, тазыны жетектеп байлап алатын шылбыр да артық етпейді. Тазыны үйреткенде оны қажет кезін дежекіп, ұрып та алатын ұзындығы бір құлаштай шыбыртқы аңшының қолынан түспейді. Ал саятта тазының жүрегін жалғап, аузын қимылдататын ет, тамақ салып алып жүретін көлемі үлкендеу "жемқалта" жанынан тастамайды.

Аңшы да саят аты тәрізді ұзақ жүріске төзімді атты таңдайды. Ердің айылын төстей тартады, саятшыдан гөрі өрлеп-құлдилай, қияда, ойда көп жүретін болғандықтан, аттың ер-тұрманы толық сайма-сай, өмілдірік, құйысқан, қосымша айыл тартылуы шарт. Ердің қасынан сусын құйылған теріден жасалған жанторсығы, жаз жамылғысын, қыс ішігін қанжығадан тастамаған.

Аңшының ажырамас атрибуты - пышақ бірнеше мәрте суарып жасаған өткір келеді. Кәдімгі пышақтан айырмасы аз. Тек қарбаласта суырылып түсіп қалмауы үшін пышақтың дүміне орнатылған шығырығымен қынға бекітілген бүлдіргімен байлап қояды. Оған қоса аңның сирағын шығару, пұшпағын алуға қолайлы түрлі өткір кездік, бәкі қоса алып жүреді.

Аң-құсты үркітуге адам аяғы бара алмайтын жерге жыңғыл, жықпылға қарай ортасында көлемі адамның алақанындай, екі ұшына тағылған баулы зақпымен тас атады.

Бұған қоса аңшы аң үркітетін аспаптар - шың, кепшік, дауылпаз, сақпан тәрізді шуылдақ шығаратын аспаптарды және олжасын байлайтын белқанжыға, шәңгек алып шығады.

Аңшы олжасын белқанжығаға іліп, аттың қанжығасына байлаған. Оған көбіне қоян, үйрек, қырғауыл ұсақ олжаларын іледі. Оны арқанның немесе қамшының өрімі тәрізді етіп өрілген жуан таспалардың ұшын тұйықтап қойған немесе темір шығырық тағып жасайды. Өрімнің бас жағына да шығырық тағылып, оған ілгек бекітіледі. Ол ілгек кісе белдікке немесе қанжығаға байланады. Таспаның ұшындағы шығыршықтардан таспаның өзін өткізіп, тұзақтап алып, оған түз тағысын сирағынан қыстырып алады.

Аңшылар қасқыр, қабан, мәлін, сілеусін тәрізді ірі аңдарға қақпан құрғанда шынжырдың бір басына шәңгек байлап қоятын. Оны тармақтала өскен бұтақтары бар қатты ағаштан немесе еліктің мүйізінен немесе темірден жасайды. Қақпанды сүйреп кеткен кезде шәңгекжерді сызып, із қалдырып отырады. Соны бағдар етіп тазысын қосып азулы жыртқышты алдырады. Кейде шәңгектің ілмектері ағаштың түбіріне ілініп те қалады.

Шәңгекті құсбегі балапанды ұядан аларда биік шыңқұздарға өрмелеп шыққанда пайдаланады. Шәңгек байланған арқанды жоғары лақтырып, кері тартып көреді, егер шәңгектің ілгегі ағаш, бұта түбірі, тастың бедері т.б. берік ілінгеніне көзі жетсе, сол жіптің көмегімен тырмысып жоғары өрмелейді.

Аңшылар саятта көбіне тазымен жүрген кезде топ-тобымен шыққан кезде кең алқаптағы аң-құсты қуып үркітуге сан алуан шуыл шығаратын аспаптарды қолданады. Оның жиі қолданылатын түрі - сақпан. Оның тұтқасынан ұстап айналдырғанда дырылдаған дыбыс шығаратын, ортасында кертікті тістері бар айналып тұрған екі қақпақты тетік. Тағы бір түрі - тұтқасынан ұстап сілкігенде қақпақтары бір-біріне тиіп, сартылдаған дыбыс шығарады.

Шеңбері ағаштан дөңгеленте иіліп, шанағына түгінен тазартылған ешкінің немесе түйенің шылғи терісін керіп жасаған дабыл ну орман-тоғайдағы құстарды, аңдарды үркітуге көбіне оңтайлы деп есептеген.

Беті дөңес, дөңгелек келген металл ағаш қаққышпен соққанда шыңылдаған дыбыс шығаратын шың, жорықтарда айбар беріп, қыр көрсететін дауылпазды қолданады.

Із туралы

Жер бетіне жұққан, жабысқан, қарға, балшыққа, топыраққа, құмға батып түскен белгі - аяқ-қолдың таңбасы ізі.

Аңның жынысын, жасын, салмағын іздің мөрі, желісіне, аяқ алысына қарай аңның жаралы ма, сау ма, қалай қарай, не үшін кетіп бара жатқанын, әлде бір жемтік аулап жүр ме немесе жем аулап қайтып келе ме және т.б. қарекетін ажыратуға болады. Іздің ескі немесе жаңасын анықтағанда ауа райын: жауын-шашын мен қалың түскен шықты әуелі ескереді. Егер көлеңкелеу жердегі із болса қатарынан осындай із таңбасын түсіріп, салыстырып қарайды. Ізді кескенде үстін басып алмай, ізді жанамалап жүреді. Қара сүрлеуде із кесу, аңшы үшін ең қиын кезең.

Ұзақ уақытқа дейін сақталатын және тез өшетін іздер де болады. Дымқыл топырақтағы, су жағасындағы қайраңдағы іздер ұзақ сақталады. Сусыған құмға түскен іздер жел соққанша ғана жатуы мүмкін. Қара жерге қатты топыраққа түскен таңба ұзақ сақталады, оны өлшеу, байқау оңай. Қиыршық құм аралас жерлерде ешқандай белгі таңбалар жоқ, шұқанақ тектес іздерді күн шығып немесе батып бара жатқан кезде оңай байқауға болады. Боз қырауға түскен із ап-айқын түседі, қара күзде, жер қыртысы қатқан кез де аңның ізінен жерге терең таңба түспейді, тіпті ат тұяғының өзінен де қатқан тоңда болар-болмас қана сызат қалады.

Жұмсақ қармен жүргенде аң түяғымен немесе табанымен қарды ысырып, іздің бетінен түбіне дейін сызат қалдырып отырады. Оны ысырма жол деп атайды. Ал енді бір басқа аяқты қайта көтергенде, ол қар үстімен сүйретіліп, тағы сызық қалдырса ол сүйретпе жол деп аталады. Аң дұрыс жүріп отырғанда ысырма жол әр уақытта тереңдеу, тікелеу келеді де, сүйретпе жол жайылыңқы, тайыздау келеді. Қар өте қалың болса, олар біріне-бірі қосылып, із шұңқырының арасы қосылып кетеді және оны "қар кешу" деп атайды. Үгілме қар тым қалың болса, онда із бен ысырма, сүйретпе жолдар қосылып, тұп-тұтас шұбырынды сүрлеуге айналады. Егер қар қалыңырақ (20-35 см) болса, оған түскен із сопақша шұңқыр түрде болады.

Із мөрінде тұяқтың ұшы аңның жүрген жағына қарай бағытталып жатады. Ал табан шұңқырлары мен ойықтарының ашаланған жағы аңның беталыс бағытына қарама-қарсы болады. Іздің бағытын сүйретпе із жолына қарап анықтау оңай: сүйретпе жол ысырма жолға қарағанда тікелеу әрі таяздау келеді. Аң аяғын көтергенде, тұяққа немесе табан астына жентектеліп басылған қар түйіршіктерін бірге ала шығады. Ол түйіршіктер екпінмен ылғи алға қарай түсіп отырады. Соған қарап та аңның қалай қарай жүріп отырғанын анықтауға болады.

Сусыма, қиыршық қардағы жаңа ізді ескі ізден ажыратып алу да оңай емес. Мұнда қар құм сияқты сусып, тез ойылады да, ізден ешбір бедер қалдырмай, оның орны ойылып-ойылып қалады. Кейбір әккі тазылар ескі із бен жаңа ізді, аңның алға не кейін жүргенін айыра береді. Жаңа ізге түссе жаны қалмай, аласұра жүгіреді де, басын ізден алмайды.

Аңшылар іздің бір бүйірінен көлденең кесіп, аңның ізіне түсіп қуып келген із шиырға, сүрдекке, жолға шықса аңшы ізді тастай салып, аңның қашқан бағытына өтеді де, шиырдың, сүрдектің сыртынан орағытады. Ал шиырдан суырылып шыққан соны жердегі өзі қуған ізді көлденең кесіп, тауып алуды "із кесу" деп атайды. Кейде із алыстан орап кеткені байқалса, аңшы аңның баратын жерін, өтетін жерін мөлшерлейді де, қуған ізді тастай салып, сол өзі мөлшерлеген жерінен барып ізді тағы кездестіреді.

Ені тар, әрі кішкене ғана түлкі ізі бірінен соң бірі қондырылған ноқат тәрізді, адымының ұзындығы 23-28 см-дей, алдыңғы аяғының таңбасы 4x5, артқы аяғының таңбасы 3x3,5 см шамасында болады. Шеңберлене алдына қарай созылыңқы түлкі ізі таңбасында тырнағы бар төрт бақай және өкше ізі ажыратылады. Түлкінің қарға түскен ізіндегі қимыл-әрекетінен, аяқ басып, адым алуынан, секіріп қарғу қимылынан оның өзі күшіктүлкі ме, ересек түлкі ме, кәрі түлкі ме, жас түлкі ме, қаншық па, арлан ба дегенді де айырады. Ондайда іздің үлкен-кішілігі, үшкілі-доғалы, тік не сыпырып басқандығы, дөңгелек не сопақтау түсуі және жортуының ұзақ-қысқалығы, осының бәрі сол түлкі жөніндегі нақты деректер ретінде қабылданады. Отырған орнынан сол түлкінің аңынан қағылған, қағылмағанын байқайды.

Жем тауып жеп әбден дәніккен түлкі ешқайда бұрылмай тура тартады. Су жағасына шығып, сілкініп, таранып, тазаланатын құстарды аулайтын әдет болса, олардан қалған белгі - құстың қауырсыны, жүн, қан-жын тамған дақтар байқалады.

Қуғыншы келе жатқанын сезген түлкі қашқан бетінде бірер түлкінің ізі кезігіп қалса болғаны, өз жолын кесіп өткен сол ізге өз ізін соғады да, сол ізге аяғын аудармай басып, өзі аңшының жүріп өткен жолынан кері қарай қашады. Аңшы оны байқап өзі қуған түлкінің ізін тауып, қайта қуғанша, түлкі ұзап кетеді.

Түлкінің із жолының ені өте кішкентайлығы сондай, түлкі ізі бірінен кейін бірі мұқият қондырылған, қосарланған екі ноқат тізбегі сияқты әсер қалдырады. Адымының ұзындығы 23-28 см, жеке із таңбасының мөлшері: алдыңғы аяғынікі- 4x5 см, артқы аяғынікі 3x3,5 см келеді.Түлкінің ізіне ұқсайтын шибөрінің іздері Сырдария өзенінің жағалауларында кездескен дейді із кесуші маман А.Лесняк. Шиебөрі ізінің қасқыр ізінен айырмашылығы оның із таңбасы екі-үш есе кіші, әрі ортаңғы бақайының томпақ табаны бүйір бақайынікінен сәл үлкендеу болады.

Түлкінің із тастауындағы бір қулығы - қашып бара жатқан бағытынан кері айналып, өзі басып өткен ізді дәлме-дәл басып келген бойдағы ізін артқа қарай жағалап, ізін суытып кетеді. Ал аңшының алдында енді екі із пайда болады. Бірі - қашып бара жатқан із, оны өзі қуып келеді, екіншісі - аңшыға қарсы жолыққан із. Аңшылар әдетте өзі қуған ізден адаспауы шарт. Сол тәртіп бойынша аңшы өз ізін қуа береді. Сол қуған күйі түлкінің қайта қайтқан жеріне барғанда бір-ақ байқайды. Түлкі иек артпадан жүздеген қадам жерден көрінсе, бабына келген тазы оны 3-4 жүз қадам жерге дейін қуып жетіп ұстайды. Әккі тазылар білдірмей, түлкіге мейлінше жақындап келуге тырысады.

Қасқырдың із таңбасы жинақы, бақайының табақ еті қатты, тырнағы қайратты, әрі жуантық келетіндіктен олардың ізі айқын, ілгері қарай сәл сүйірлеу болады. Бүйір бақайларының таңбасы алдыңғы бақайларының өкше тұсына жақын жатады. Алдыңғы аяғының өкшесі ішіне қарай қисайыңқы бітеді, ал артқы аяқтың өкшелері сыртына қарай сәл қисайған болады. Қасқыр көп бұлтақтамай бір аяғының ізін екінші аяғымен басып, түзу жүріп отырады. Мұны қасқырдың шуама ізі атайды. Ал жараланған қасқырдың тұяқтарының ұшы қар бетіне сызылып, сүйретіліп түсетіндіктен, оны сүйретпе із атайды. Ал алдыңғы аяғы жараланған қасқырды екі сау қасқыр аузына ағаш тістеп, ортасына жаралысын асып, "зембілдей" отырып алып кетуге әрекеттенетіндіктен ол ізі мен мұндалап "ақсақ із" салады.

Қасқырдың ізі ұзын, түзу желімен түседі: артқы аяғын алдыңғы аяғының ізінің үстіне дәл басып отырады.

Ал иттің ізі қасқырға ұқсас болғанымен, өзгешелігі бар: иттің ізі айқын емес, көмескілеу болып түседі, пошымы қасқырдыкіндей сүйірлеу емес, жалпақтау, бүйір бақайларының таңбасы алдыңғы бақайларының өкше тұсынан жоғары асып, алдыңғы аяқ өкшесінің сыртқы жағы сәл ішке қарай иіліңкі, артқы аяқтың өкшесі сыртқа қарай бейімдеу тұрады. Сондай-ақ жолда тіміскілеп жүретіндектен "ирек" болады. Ал қасқырлар жан жағына бұрылмай тура (тік) жүретіндіктен ізі (траекториясы) "түзу" болады. Қасқыр ізі таңбасының ұзындығы 9-13 см болса, иттің ізінің мөрінің ұзындығы 5-10 см ден аспайды. Қасқыр иттен (иттің бақай табанының таңбасы көмескілеу) гөрі ауыр келетіндіктен ізі тереңдеу, бақайларының мөрі айқынырақ түседі. Тырнағы келе жатқан бағытына қарай, тіке, түзу болып түседі. Қасқыр арланының ізі дөңгелектеу, ал қаншығынікі сәл сопақшалау келеді. Қасқырдың да, иттің де ал-дыңғы аяғының таңбасы артқы аяғыныкінен ірілеу болады.

Өте айлакер қасқыр іздерін бірге жүрген кезде жасырып, санын, тобын білдірмеуге әрекеттенетіндігі табиғи құбылыс. Қасқыр бірінің ізін бірі басып, бір ғана ізбен жүріп "жалғыз қасқыр" жүргендей әсер қалдырады. Иттің ізі қосарлана бір аяғының ізін екінші аяғы дәл баспай, артқы аяқ не алдыңғы аяқтың ізін жартылай басады, не соның қасына түседі. Топты қаншық қасқыр бастап, ең соңынан арланы жүреді. Ит жүгірген кезде ізі қасқырдыкіндей емес, сәл иректеу жүреді.

Бірақ қасқыр жол бойы кездескен өзен-су өткелі, тоғай, тау, ор, шұңқыр тәрізді кедергілерден өткенде бөлініп жүруге тура келеді. Әккі қырағы аңшылар мұндайда қасқырдың ұяластары немесе тобы қанша екендігін шамамен долбарлап біліп қояды. Қасқырдың ең бір ерекшелігі апанының маңындағы ауылдың қорасы мен малына әсте тиіспейді. Ал бөлтірігін алса, апанын бұзса ашынып, тура шабуылдайды.

Жазда күн ысып, бөлтіріктер қатайып оларға су тасып үлгере алмайтындай халге түскенде өзен-су жағасына жақындатып, шөптесін жерге әкеліп, бөлтірігін тығады. Ондайда бірнеше бөлтірігін желкесінен тістеп бірнеше рет тасымайды, керісінше, өзіжеген малдың қарынын алып, соған бөлтіріктерін салып бір-ақ рет көтеріп алып кетеді. Ал ініне жортуылдан келген соң тура келмей кемінде үш мәрте айналып жүріп, айналада қауіп жоқ екендігіне көзі жеткен соң ғана кіреді. Бөрі мен бөлтіріктің ізін үлкен-кішілігіне қарай ажырататын аңшылар ол жерлерге тазыны әкеліп салып бөлтірікті тірідей алдырады. Бөлтіріктің терісі біркелкі қарақоңыр, жүні майда түбітті келеді және қазақтар оны малақай жасауға жақсы дейді.

Қолға ұстаған бөлтірікті тазы күшікке үйірсек етіп жұп құрса, ізге жақсы түседі. Бөлтіріктің із кесудегі ерекшелігі ауадан иісті қармап, із таңбасына тұмсығын тығып жүреді.

Тазының ізшілдігі сонша, іздің ішінен қоянның ізін ажыратып, қуып кететіні және оның қалың шеңгелдің ішінен де, су қатқанда да мұздың үстімен жүгіріп, қамыс, қоғаны өзі "сүзіп" шығатыны да кездеседі. Қоянның табан ізінде төрт саусағының тұяғы бірдей байқалады, ортадағы екі тұяқ алға қарай озыңқы, ал сыртқы тұяғы ішкі тұяғынан сәл артқа қарай қалыс болады. Артқы аяқтан алдыңғы аяқ ізі үлкен, әрі анық болып түседі. Қар бетіндегі қоян ізінде алдыңғы екі аяқ ізі бір сызықта "қатарласып", ал артқы екі аяқ ізі үзынынан бір-бірінің артында "тізіліп" түседі. Кәрілеу қоянның ізі жайыла түссе, жастауынікі тұяғы өткір, саусақ сүйектері тік келетіндіктен тік, анық, жіңішке болып түседі.

Қоян жүгірген кезде әрдайым із тастап, бір жерде бірнеше рет қайталай айналып, бір ізбен екі реттен жүріп, екі қабаттап, әлден уақытта жалт беріп, қарғып кетіп, із желісін үзіп, адастырып жүреді. Жүгірген кезде қоян аяғын алдыңғы аяғының алдына тастап, төрт тармақты із жасап жүгіреді, бұл төрт таңбаның алдыңғысы артқы аяғының ізі де, артқысы алдыңғы аяғының ізі болады. "Төрт тармақтың" арасы 40-60 см болады да, ал әлденеден үркіп қашқан қоян 2-2,5 метрге дейін қарғиды. Қоянның жеке аяғының қарға түскен таңбасында бақайының тырнағы анық көрінбейді, өйткені қоян тырнағы қалың жүннің арасында тұрады да, таңбасы түспейді. Қоян із таңбасындағы шұңқыр ұзындығы 7-8 см, ені 3-3,5 см келеді.

Қарақұйрық ізінің таңбасы "картадағы жүректің" суреті тәріздес, сопақтау, үшкір келеді, батыңқы түспейді. Қатқыл жерлерде көмескі болады, өйткені тұяқтың таңбасы түгел түспей, тек үшкір қырынан сызат қана қалады. Тұяқ таңбасының көлемі Зх3,5-4,5 см. Алдыңғы тұяқ артқы тұяғынан сәл үлкендеу келеді. Қарақұйрық шапқан кезде төрт аяғын тең басып, "төрттік" белгі қалдырады. Сонда артқы аяғының ізі алдыңғысынан ілгері түсіп отырады. Секірген кезде төрттік таңбасы ылғи бірқалыпты болмайды, көбінесе сүйірлеу сопақша келген трапецияға ұқсайды.

Аңға шығатын мезгіл

Аңшылықта аңшылар төрт маусымда көзсіздікпен аң алдыра бермейді. "Үйрек ұшып қаз қонған айдын көл, құлан жортқан, қоңыр аңы қойдай өрген даласында" аң аулаудың маусымы таңдалады. Ондайда терісі үшін ауланатын аңдарды жабағы жүнін тастап, жаңа жүні жетілген, түбіті толған мезгілде аулайды. Көктем маусымында аң-құстар жаппай түлейді, терісінің сапасы бұзылып жұқарады, етінен арылатындықтан әрі күшіктеп-балалайтындықтан, ұя басатын аң-құсты әсте ауламайды.

Еті үшін ауланатын аңдарды шілденің соңынан бастап аулайды. Бұл кезде аң-құс тойынып жетілген кезі саналады. Ал қаз бен үйректі құс келген кезде, және қайтар кезінде аулайды. Басқа уақытта балапан басып, оларды мәпелеп баулитындықтан аулау обал дейді.

Түлкі түнде тоғайды сағалап, күндіз иенге шығады. Тазымен таңертең ерте немесе кешке қарай аң қонағына тартқан кезде шығады.

Қазақ ырымында аң-құсты жөн-жосықсыз аулауға жол бермейді: егер "ұядағы бөлтірікті өлтірсең ұлып қаласың" десе, еліктің лағын, бұғының бұзауын, аққу киелі деп оған мүлде тиіспейді. Құстардың басып жатқан жұмыртқасына немесе жас балапанға тисе, олар қарғайды деп тыйым еткен. Ондайда, мәселен торғай "Торғай-торғай атым бар, бір жапырақ етім бар, әкең тауға кеткенде, шешең өліп жетім қал!" деп қарғайды. Ал жұмыртқаны жарған баланың беті шұбар, секпіл болып кетеді деп балаларға тыйым етеді.

Тазымен аң қағу

Ит жүгіртіп аң аулауда қазақ сейіл серуен, серілігінің бір белгісі. Тазымен аңға шығу үшін қар жауып, аяз түсуін күту шарт емес. Алатын аң жетіліп, тазы бабына келген соң саятты бастап кетеді. Сондықтан тазы саяты қарасонарда басталады. Сонарға шығарда тазының тұяқтарын тазалап, артық өскені болса тырнағын кесіп алып, тегістеп қояды. Әйтпегенде артық өскен тырнақ еркін қимыл-қозғалысына бөгет жасайды. Тағы бір бөгет болатын нәрсе - тазының сабалақ жүні болғандықтан оны жұқартып алып қояды.

Тазыны қазақтар жаяу, ат үстінде, жеке дара және тобымен жүріп алуан тәсілмен аңға қосқан. Оның ішінде кең тарағаны, атпен аңға шығу. Алатын аңын аңшы үркітіп, дауылдатып, түрлі тәсілмен алаңқайға шығарған соң тазысын қосады да аңның артынан түскен тазыға жолынан көлденең шауып аңның ізін кесіп бөгет жасап, тазыға қолайлылық тудырады. Ит иесі барда еш нәрседен қорқа қоймайды. Қар жаңа жауғанда із шалып, иіс алып дағдыланып тазылар жыртқыш ізін бірден сезеді.

Тазылардың ерекшелігі мен түр-тегіне, сипатына қарай кең далада қоян, түлкі, кейде қасқыр мен аңдарды аулауға қосылады. Олардың қайсыбірі батылдығымен, күштілігімен, ерекшеленсе, екінші біреуі жүйріктігімен ерекшеленіп, аңын қуып жетіп ұстайды. Енді бірі ізге бір түсіп алса, зырылдап зулай жүгіріп, тыным таппайды. Қасқыр қууға арнайы дайындалған иттер тобын да пайдаланады.

Ал тобымен шыққан саятшылар бір-бірінен шамамен екі-үш жүз метр қашықтықта дөңгелене жүріп даланы, тоғайды азан-қазанын шығара жүріп қашқан аңға бір-бірлеп тазыны қосып отыру жолымен аулайды. Қазақ аңды: "Ит иесі үшін алады, құс тамағы үшін алады" дейді. Аңға шыққанда аңшының баспалап жасаған қимыл-қозғалысын жіті бақылап, аса сақтықпен, естілікпен адамның істегенін қайталайды. Тіптен аңшы байқамаған жердің тасасы мен ұңғыл-шұңғылды сүзіп онда тығылып қалған аңды іздейді. Аңшылардың оң-солына, алды-артына түсіп отырып, маңайын еркін шолып отырады. Атты аңшымен жарыса жүрген тазы иесіне жалтақтай қарап, аң көзге түскенше қапталдай жортып отырады.

Сонарда ізге түскен кезде желге қарсы кеткен аңның ізіне түсу дұрыс деп саналады. Себебі ізбен қоса аңның иісі де тазы үшін таптырмайтын бағдар, соған сай әрекет етеді. Күннің көзі қатты түсе бастаған түс әлетінде аңшылар өздері де ауқаттанып, тазысын біраз уақыт бойы тынықтырып алады да күн төбеден ауған соң әрі қарай жалғастырады.

Тазы әртүрлі аңды түрліше тәсілмен аулайды. Кәнігі тазы түлкіні мойнынан алып, әп-сәтте бұрап тастайды, кейде ыңғайына қарай тұмсығынан, құлағынан, тіпті, жонынан алатын кезі де болады. Бірақ мұны алаңғасар, тәжірибесіз тазылар жасайды. Әккілері түлкінің тұмсығын қапсыра ұстап жерге бірақ алып ұрады. Қоянды көбінесе қуып жетіп, кез келген жерінен қарпиды.

Тазының сырттандары қасқырды да алады. Тазы қасқырды қуып жеткен бойда бірден бас салмай, қайта-қайта шабынан тартып, ызаландырып, иесінің жақындауын күтеді. Иесі жақындағанда алды-артына қарауға мұршасы келмеуге айналған қасқырдың алқымынан не желкесінен ала түсіп, ұмар-жұмар арпалыса кететін көрінеді. Сондай-ақ тазылар қасқырға қуып жеткен бойда артқы аяғының тірсек сіңірін қиюға әрекеттенеді. Мұндайда иесі дер кезінде көмекке келмесе, құдды "сырттандар" туралы ертегідегідей, қасқыр тазыны жазым етуі әбден мүмкін, бірақ тәжірибелі аңшы дереу аттан түсіп, аш бөріні сапысымен жайратып салады.

Күтімі келіскен, бабы үйлескен, денесі ірі тазы өте адуын мінезді, қатал болады. Соған сай ол аңды бірақ бүріп, мытып лақтырып тастайды. Ал үлкен қасқырды өкшелей қуып, артынан келіп көкжелкесінен қапсыра ұстап жабысып алады да серік иттер мен аңшы келгенше арпалысып жібермейді. Тазының шалымдылығы мен өжеттілігі, ептілігі мен айлакерлігіне қарай қарсыласқан аңның айбары мен күшіне қарай күресте белдескен палуанша тазылар күшін парлайтын ерекше есті жануар. Құмай тазы қасқырмен алысқанда өз денесіне дақ түсірмей, арлан көкжалды алқымынан алып, қозғалтпай басып жатады дейді көнекөз қариялар.

Кедей жарлыларда тобымен шығудың реті болмағандықтан жаяу немесе жеке дара саят құрады. Олар көбіне тазы мен аушы құсты саятқа бірге, қатар алып шығуға үйреткен. Тазы итті қағушының ролінде пайдаланған. Тұрғыға шығып тұрған аңшыға бірнеше тазы (кемінде 4-5 тазы), аңды үркітіп, айдап беретін "қағушы" міндетін атқарған. Бұл аңшы үшін де өте пайдалы. Өйткені аса иісшіл, қырағы тазы жолындағы аңды дәл тауып үркітіп отырып, бүркіттің алдына салып береді. Тазы қуып келе жатқан кезде бүркіт оған келіп түседі. Ал, тазы қуып келе жатқан кезде түлкі "керіп тұрмайды", яғни қарсы айналып қарап ақсиып айбар шегіп, қарсы әрекетке көше алмайды. Алдына қарай ғана бағыттап жан дәрмен қашып бара жатқан түлкіні аспаннан сорғалап келген бүркіт еш қиындықсыз, жер соқпай, тура келіп бүріп алады. Осылайша "бүркіт бастан, тазы таңнан" түре іліп қандай айлакер аңды мүлт жібермей ұстайды. Алматыдан шығысқа қарай 150 шақырымда жатқан атақты құсбегілер шоғырланған Сөгеті (Нұра) ауылындағы "Жеті қазына" клубында "тәрбиеленген" Көкдауыл атты тазы, Ақжелкен атты бүркітпен бірге аң алуға баулынған. Мұндай аң алудың классикалық үлгісінің қиындықтары да жоқ емес. Бұрынырақта Дауылқара атты бүркітті Жезкиік атты тазымен бірге тату етіп тәрбиелегенмен, аңға түскен кезде қапелімде бір-бірін жазым еткен көрінеді.

Алматы облысы, Райымбек ауданы, Жылысайда Мұқаев Жолдас деген аңшы орманшының Ұшар деген ақтазысы қасқырға шауып, тірсегінен тістеп, секіріп кетіп отыра олжасын иесі келгенше жібермей айналдырады екен. Иесі келіп мылтықпен атады немесе үзеңгімен ұрып соғып алады екен. Шығыс Қазақстанның Ұланындағы Жанұзақ ауылының Көрпебайдағы аңшы тазысы жылына 4 қасқыр алған бұрын соңғы алғыр тазының соңғы жұқанасы деп ойлаймын дейді кәнігі аңшы Мұхамед Исабеков.

Өте алғыр тазылар қарақұйрықты да қуып жетіп, шабынан алады. Ал, таутеке, тауешкі, қабандарды өздері ұстамаса да иелеріне қолайлы тұсқа "қайыратын" аңшы тазылар да аз емес. Қоңыр аңдарға - елік, қарақұйрық, ирен, бөкен, киік сияқты аңдарды аулағанда қаумалап ұстау немесе ұтылап қуу тәсілдерін қолданады. 1865 ж. Л.Мейер атты автордың жазуына қарағанда қазақ даласында тазылар тұяқты үлкен жануарларға қазақтар қоңыр аң атайтын киік тектестерді де жетіп ұстайтын.

Ал ілбіс, сілеусіндерге көптеген тазыны тобымен салады. Олар үйреткен тәсіл бойынша орағытып жүгіру, қаумалап ортаға алу, бірі соңынан кезектесіп "ұтылап қуу" тәрізді амалдармен аңды алады. Мұндағы "ұтылап қуу" тәсілі тазыға қарсы келе алмайтын тек жүйріктігімен, жансебілдігімен қашып құтылуға әрекеттенетін қоңыр аңдарға жиі қолданады. Оның мәні мынада бір тазы топ аңды белгілі бір қашықтыққа дейін қуып келгенде екіншісі иек артпа ұрымтал жерден ары қарай қуады да үшіншісіне дейін қуып апарады. Ол онан әрі қуып, келесісіне жеткен кезде әбден титықтап, дымы құрыған аң қаша алмай болдырған кезде бірнешеуін қатарынан тырп еткізбей ұстап алады.

Қоян тазыға оңайлықпен ұстата қоймайтын, артынан өкшелей қуып келгенде жалт беріп, бағытын кілт өзгертіп оңды-солды итараққа салатын әдеті бар. Тазыны оңай шаршататын, алдап кететін қоянды тарпа бас салу үшін тазыға үлкен тәжірибе қажет.

Қазақтар орман-тоғай арасындағы жабайы қабанды да тазымен алдырған. Ал суырды алғанда оның ініне де тазылар сүңгіп кететін болған. Ну жыңғылдың арасына құстардың артынан кіріп кеткен тазыға белгі беріп, атын атап шақырады.

Қырғыздың тайғандары екі-үш мың метрлік биікте аң аулауға бейімделген әрі ізге түсіп ұзақ жүгіре алады. Бұлар мәлін, борсық, тауешкі сияқты аңдарды қуып жетіп ұстайды. Қазақ тазысы осы аталған тайғанның төзімділігі, иісшілдігі, із кесушілігі барлығы бірдей тоғысқан әмбебап сипатқа ие аңшы ит.

Егер тазы соның бәріне шыдап иесімен жүре алса, оны үйге жатқызып, тойғыза қоя тамақ беріп отыру керек. Олай етпеген жүйрік тазылардың өзі көп жағдайда жүріске шыдамай, аң аулаудан шығып қалады. Тіпті кейбіреуі аңшылық күннің ертеңіне-ақ кіртіңдеп керенау тартады. Сондықтан оны дамылдатып отыру қажет.

Бірден алдырмай, айлакерлік жасап, қашып інге кіріп кеткен анның артынан тазы иттер қалмай қуып қоймай, іннің ішіне "сүңгитіндері" де бар. Ал тазы іннің аузын тырналап, ашуға булығып, арпалысқандығы байқалса аңшы көмекке келеді. Егер ін тар болса, аңшы қолына талды алып, ұшын ортасынан айырлап ашып, інге бойлатып, түлкіге жеткен белгі бергенде, талды қатты итеріп тұрып, бұрайды. Мұндайда түлкі терісіне ілінген талдың айыры теріні қысып қалады да, ширықтырылып бұралады. Бұған кейде ін терең, әрі тал, ағаш аз өңір болса, жылқышы құрығын пайдаланады. Ұзын құрықтың ұшын пышақпен жарып, іннің түбіне дейін бойлатып, бұрап айналдырады да, еппен ыспалап қайыра тартып, терісінен "ораған" аңды алып шығады. Бұл әдіс аңшылар тілінде "бұрау (бұрау салу)" деп аталады. Бұрау салумен суыр, түлкі, қоян қатарлы аңдарды алуға болады. Ал мәлін мен қарсақ інге кіріп кетсе оған бұрау салу қауіптіге саналады. Өйткені олар өте айлакер адамды немесе тазыны жарақаттауы кәдік.

Егер ін терең болса түтін (ыс) салады. Оған қазақтар тері сіңген ердің тоқымын, бетеге, жусан, қурайды жағып, ащы түтінін інге қарай желпіп отырады. Түтін інге, немесе апанға толық кіріп бітті деген кезде оның аузын қымтап бекітеді де, сүт пісірім уақыт өткенде ашады. Ондайда айлакер түлкі іннің тар тесігіне денесін тосып, ұзын құйрығын жұмарлай бүктеп, кері қарап жатып алады да түтінді мұрнына дарытпауға тырысады. Қазіргі кезде інге үйретілген күшік немесе үлкендігі мәліндей, інге кіруге дағдыланған өжет иттерді немесе ағылшынның фокстер тұқымды итін жібереді.

Саятта тазыларды қасқырды көрмей жіберуге болмайды, дара шауып мерт болады деп жетектеп алады. Ізге түсіп аттың cap желісіне салып жемтікке сылқия тойған, жүрісі баяу қасқырды артынан қуады. Қасқыр сасқанда бытырай қашатындықтан бірінің соңынан аңшы түседі де, тазыларды босатып қоя береді. Тазылар шабуылға көшеді.

Қасқырдың бір ерекшелігі, оның жансебілдігі қаншама шоқпар, сойылмен ұрғанымен оның терісін сыпырған кезде денесінен бір де қанталаған жер байқалмайды. Тек оның өте осал жанды жері тұмсығы ғана. Сондықтан оны өлтіру үшін аңшы қасқырдың тұмсығын көздейді.

Терісі үшін алынатын аңды беталды ұрғылап, арқа жүнін бүлдірмей, көбіне талмау жері - тұмсықтың басынан дәлдеп ұруға машықтанады.

Тазының ұстаған олжасынан тартқызбайды, әсіресе ішек-қарынынан бермейді. Өйткені ішек-қарынында құрт болса, аңшылар ауруы жұғудан сақтанады. Тазыға тамақты реті келсе, тек шала пісіріп беру оңды дейді.

А.Слудский дерегі бойынша, бір маусымда жақсы тазы 30-50 түлкіні алуғажарайтын болған. Сол кездегі (1937 жж.) статистика бойынша Қазақстанда шамамен 4 мыңнан астам тазы текті ит болған және олардың иелері бір маусымда отыз мыңдай теріні ресми түрде аң терілерін дайындау мекемесіне өткізген. Ақтөбенің бір ауданындағы аңшы тазымен бір маусымда 16 түлкі, 79 қоян ұстаса, Алматының Шамалған бекетінің атақты аңшысы Е.Атабергенов үш ай ішінде екі тазы, бір бүркітімен 115 түлкі, 3 қасқыр, төрт борсық ұстаған екен.

Алматы облысы, Райымбек ауданының Жылысай ауылындағы аңшы Ж.Мұқаевтың Ұшар атты ақ тазысы қасқырды қуып жетіп, сіңір тірсегін қиып жіберіп, иесі келгенше оны жібермей ұстап тұратын әдісі болған.

Панфиловшы-соғыс ардагері, атақты аңшы, бірінші топтағы мүгедек Исабеков Бәйетбай өзінің Ұшар, Желтабан атты қос тазысымен қансонарда түске дейін екі бас қоржын қоян алдыратынын, сол кезде көрген замандастары сағына еске алады. Сыр жақта, дәлірек айтсақ, Жаңақорғанның Келінтөбе ауылындағы аңшы Е.Әлиев Лашын атты кек қасқа төбет тазысына бір қыста 47 шиебөрі алдырған. Алматы облысы Райымбек ауданы, Алғабас ауылының тұрғыны А.Ақмолдаұлы бір маусымда тазысына 47 түлкі ілдірген. Ұшар деп атаған бұл тазы Жалаңаш өңірінде атағы шыққан Д.Ермегияев ақсақалдың сонау Арқадан алып келген тазысының тұқымы екен.

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Асысаға ауылының тұрғыны А.Шалипов Ұшар атты көк қасқа тазысына Шу өңірінде егін орағы мерзімінде киіктің текесін алдырған деседі аңшы ізбасарлары.

Аңшылықта, саятта қазақтар олжаны тепе-тең бөліседі. Еттерін көрші-қолаңға үлестіреді, сыралғы таратады.

Қасқыр алдыру тазы үшін ең бір қиын шаруа

Қасқыр мен ит өш. Қасқырдың дыбысын білген ит үріп, тағатсызданып тоқтамайды. Себебі иттің қасқырдан күші аз, оған жеке-дара шабуға тайсақтайды. Топтасқан ит қасқырларға шабуылдағыш келеді. Көбінде "ұялас" бөрібасар, төбеттер қасқырға батыл шабады. Жеке иттерді қасқырлар қора шетінде бірі басынан, бірі таңынан тартып, бөліп құйрығын қарға шаншып жүре береді. Қасқыр иттен өктем келеді. Сол үшін арнайы азулы төбеттер мен қасқыр алатын, күшті тазыларды қасқыр алуға баулиды. Аңшы екі, үш арлан тәбетті аң ұстауға үйретіп, баулып, аңға қосқанда, күш беріп арқаландырып отырады. Қасқырға шапқан иттерге айқайлап дем беріп, ұстаған кезде иттерге көмек етеді.

Ит неге қасқырды батыл ала алмайды деген турасында қазақта мынадай аңыз бар: Ежелгі Баласағұн қаласына иелік еткен бір байдың баласы түс көріпті. Түсінде ол күн шығар тұстан бір тік құлақты қара ит шығып, сілекейі шұбыра, оны қуып келе жатса керек. Бай әкесі атақты балгерден баласының түсін жорытыпты сонда балгер: "Тақсыр, балаңызды жегелі қасқырдың сырттаны жолға шығыпты. Оның қаншығы сіздің балаңыздың жүрегіне жерікекен. Бай оған сенбей, одан да үлкен, аты шыққан көріпкел балгерді алдырып, баланың түсін жорытқанда ол да әлгі балгер айтқанды айтады. Сонда бай балгерге: "Менің баламды өлімнен құтқарудың қандай жолы бар, егер соны тапсаң, бар тілегіңді орындайын" дейді амалсыздан. Балгер: "Бір құтқарса сіздің балаңызды осыдан төрт күндік жерде бір кедейдің сырттан иті бар, жетіп үлгерсе сол құтқаруы мүмкін. Баланы тез сонда аттандырыңыз",- депті. Бай сөзге келместен баласын сәйгүлікке мінгізіп, асығыс жібереді.

Баласы үш күн шауып, аты да өзі де шаршаған кезде алдынан қасқыр шығып қуып, иттің даусынан қашады, бірақ қалып қалмай тағы қуғанда алдыңғы жақтан әлгі ит тағы үреді. Біраздан кейін иттің үруі басылғанда қасқыр қайта қуып, баланы ұзатпай жетіп, шапқан аттың құйрығынан тістеп, төрт тағандап тартқанда, ат еріксіз тоқтаған екен. Осы кезде ит үріп, алдарынан ақсарбас төбет жүгіріп шығады. Итті көрген қасқыр атты жібере сала, орнынан тапжылмай тұра қалады. Арлан төбет бір-біріне жақындай келе, бір сәтте арпалыса жөнеледі. Ит адамдардың оқыс даусынан артына бұрылғанда қасқыр атылып сары төбетті желкесінен басып қалады. Осы кезде иттің иесі де жетіп: "Қап, әттеген-ай, бекер жасадың, енді иттерге қасқыр қожалық ететін болды",- деп, беліндегі кездігімен қасқырдың қарнын жарып жіберген екен. Сол жерде иттің сырттаны да, қасқырдың көкжалы да мерт болды. Міне содан бері итті бұрын тістеп басып қалған қасқыр тегі ит атаулыға үстемдік жасап келеді. Ал ит болса тек иесі болғанда ғана сес көрсете алады деседі. Аңыздың сорабы иттердің көбі қасқырға қарсы шабудан ілуде біреуі болмаса, жүрегі дауаламайтындығын меңзесе керек.

Тазыдан басқа дүрегей иттер де аңшыға серік болады. Аңшы ит аңшының серігі, қорғаушысы. Аңның қайда жатқанын иісінен біліп, иесіне белгі береді. Түнде аңшы жалғыз жатқанда аңшыны қорғап, асырайды.<ref>Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы. - Алматы: "Алматыкітап", 2007. - 208 бет, суретті. Б. Хинаят, Қ.М. Исабеков. ISBN 9965-24-813-3</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}