Романтизм

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Романтизм (Үлгі:Lang-en, Үлгі:Lang-fr, Үлгі:Lang-de) – 18 ғасырдың соңы мен 19 ғасырдың алғашқы жартысында Еуропа мен Америка елдерінің рухани мәдениетінде: музыка, театр, бейнелеу өнері, эстетика, т.б. әдеби-көркем салаларда тараған идеялық көркемдік бағыт.

Романтизмнің адамзат мәдениеті дамуындағы тарихи рөлі зор. Ол көптеген елдердің рухани мәдениетін гуманистік идеялармен байытты. Романтизм бағытында туған туындылардың кейіпкерлері әдетте болмыстың ырқымен келіспейтін, жақсы өмір, бақыт, азаттық үшін күресетін күшті жандар болып келеді. Романтизм туындаларының тілінде әсірелегіш суреттер мол ұшырайды. Адамның бас бостандығын, ірі іс-әрекеттерге ұмтылыстарын мадақтау — Романтизм туындыларына ортақ қасиет. Кейде романтиктер туындыларында өмірден түңілушілік, тағдырға бас июшілік сарыны бой көрсетеді. Романтиктер өздерінің мұратына сай келетін өмір материалдарын өткеннен де, келешектен де қатар іздейді. Романтиктер ауыз әдебиеті, тарих, дін, өнер мәселелерін өз идеяларын насихаттау құралы ете білді. Олар дүние жүзі өнерінде тұңғыш рет адам жанының иірімдерін, тұңғиық тереңін ашып көрсетті.

Романтизм музыкада

Сурет:Beethoven.jpg
Людвик ван Бетховен

Музыкадағы романтизм бағыты 1820 жылдары қалыптаса бастады; оның неоромантизм деп аталған соңғы кезеңі 19 ғасырдың соңғы он жылын қамтиды. Романтизм алғаш Австрия (Ф.Шуберт), Германия (К.М. Вебер, Ф.Мендельсон-Бартольди, Р.Шуман, Р.Вагнер, т.б.) және Италияда (Н.Паганини, В.Беллини, Дж.Верди, т.б.), кейінірек Франция (Г.Берлиоз, Д.Ф. Обер), Польша (Ф.Шопен) мен Венгрияда (Ф.Лист) пайда болды. Романтизм бағыты кейбір елдерге толық таралмағанымен жеке композиторлар шығармашылығынан (Ресейде А.А. Алябьев, Н.А. Римский-Корсаков, т.б. “құдіретті топ” композиторлары, П.И. Чайковский, А.Н. Скрябин, Чехияда Б.Сметана, А.Дворжак, Норвегияда Э.Григ, т.б.) орын алды. Романтизм Австрия мен Германияда (И.Брамс, А.Брукнер, Р.Штраус) жоғары сатыда өркендеді. Музыкадағы pомантизм антирационализм, сондай-ақ адамның ішкі жан дүниесіне үңілу сияқты жалпы романтизм ағымына тән қасиеттерді бойына сіңіре отырып дамыды. Романтикалық музыканың бейнелілігі артты. Әуен бұрынғысынан да дараланып, рельефті, көңіл күй сәттерін дөп баса алатын иірімді сипатқа ие болды. Романтикалық эстетиканың жалпы бағыттарына орай көптеген композиторлар өнерді синтездеуге атсалысты. Жаңарған синтезді жанрлардың романтизм дәуірінде мәні зор болды. Ән, баллада, опера (тұңғыш романтикалық опера – Э.Т.А. Гофманның “Ундинасы”) жанрлары романтикалық сипат алды. Аспаптық музыка (симфония, камер. ансамбльдер; Шуберт пен Роберт Шуманнның сонаталары) жаңа бояу, өзіндік өрнекке ие болды. Асқан орындау шеберлігі (Паганини, Шопен, Лист), бай эмоция, айқын контрастағы нәрлі бояу музыкалық орындаушылық өнердегі романтизмнің басты белгілері болып табылады. Романтикалық музыка өзінен кейінгі дәуірге нәрлі бастау, құнды қазына болып қалды.

Романтизм театр өнерінде

Театрда романтизм 1810 — 40 ж. қалыптасты. Белгілі романтик актерлер: Э.Кин (Англия), Л.Девриент (Германия), Г.Модена, А.Ристори (Италия), М.Дорваль, А.Л. Фредерик-Леметр (Франция), П.С. Мочалов (Ресей), П.Адамян (Армения), Г.Араблинский (Әзірбайжан), Э.Форрест, Ш.Кашмен (АҚШ), Г.Эгрешши (Венгрия), т.б. Дүниедегі әділетсіздік атаулыға қарсы болу, терең гуманизм бұл актерлерді бір идеяға жұмылдырды. Романтизм кезінде театр эстетикасының негізі актерлік қиял мен сезімге құрылды. Романтизм актерлері өз назарларын адам өмірінің ішкі қайшылықтарын бейнелеуге аударды. Қоғамдық пафос, шындыққа деген құштарлық, айқын мақсат актерді буырқанған эмоция мен айқын драмалық экспрессияға, екпінді қимылға жетеледі. Алайда романтикалық өміртаным шығармашылығы субъективизм қаупін өзімен бірге өрбітті. Романтикалық театр тұңғыш рет актерлік өнердің негізі болып табылатын сахналық толғанысты туғызды. ТМД елдерінің театр өнерінде М.Н. Ермолова, А.И. Южин, Ю.М. Юрьев, А.А. Остужев, В.К. Папазян, М.Қасымов, Ш.Бұрханов, А.Хорава, А.Хидоятов, Н.Д. Мордвинов, Ш. Айманов, Ы.Ноғайбаев, Ш.Мусин, т.б. шығармашылықтар асқақ, қаһармандық романтизм дәстүрімен тығыз байланысты. Бейнелеу өнеріндегі романтизм мүсін өнеріне қарағанда кескіндеме мен графикадан айқын көрініс тапты. 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың бас кезінде У.Блейк (Англия), Ф.Гойя (Испания), Ж.Л. Давид (Франция) еңбектерінен романтизм белгілері аңғарылды. Романтизмнің іргелі мектебі Францияда өркен жайды. Ол академиялық классицизм өнеріндегі догматизм мен буалдыр рационализмге қарсы күрес үстінде қалыптасты. Романтикалық мектептің алғаш негізін салушы – Т.Жерико. 1820 жылдардағы романтизм мектебінің басты өкілі ретінде төңкерісшіл пафостағы бірнеше картиналар салған Э.Делакруаны атауға болады. Романтизм суретшілерінің өзіндік ерекшелігі портрет, пейзаж, графика (О.Домье) жанрларынан айқын көрінді. Композицияны асқақ динамикаға құру, буырқанған қимыл-әрекетті форма тұтастығына бағындыра отырып, көлем мен кеңістік құбылысын ұтымды пайдалану, сәуле мен көлеңке алмасуына негізделген алуан ырғақтағы қанық та бай колорит романтик суретшілердің классицизм өкілдеріне қарағанда негізгі ерекшелігі болып табылады.

Романтизм әдебиетте

Сурет:Mikhail lermontov.jpg
Михаил Юрьевич Лермонтов

Әдебиеттануда: 1) көркем шығармада өмір шындығын бейнелеудің бір тәсілі, көркемдік әдіс; 2) 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың басында Еуропа мен Америка елдерінде пайда болған, осы әдісті қалыптастырған әдеби бағыттағы 18 ғасырдың ортасында “романтика” сөзі ағылшын поэзиясында шығармашылық пафосты таныту мақсатында қолданылды, сол кездегі эстетикалық түсінік бойынша ол поэзияның, әсемдіктің ажырамас бөлігі болуға тиісті ғажайып, құпия, жұмбақ нәрсе ретінде қабылданды. Ал 18 ғасырдың аяғында Германияда “романтикалық поэзия” жаңа әдеби бағыттың шығармашылық принциптерінің тұтастығын танытатын термин ретінде қолданылып, “Иен мектебінің” теоретиктері (ағайынды Шлегельдер, Новалис, Ваккенродер, Тик) алғаш рет романтизмнің біршама толыққанды теориясын жасады. Бұл поэзия ереже мен дәстүрді, өмір заңдылығын мүлде мойындамайтын еркін поэзия ретінде қабылданды. Романтизмге толыққанды әмбебап анықтама беру мүмкін емес, ол әр ұлт әдебиетінде әр түрлі көрініс тапқан. Романтизмде ортақ ұқсастықтармен қатар бір-біріне мүлде ұқсамайтын әр тектілік те бар. Романтизмнің даму кезеңдеріне ортақ типологиялық белгілер: қоғамға көңілі толмау; оған өзінің идеалын қарсы қою; өмірге сын көзімен қарау; рухани азғындыққа қарсылық; заман шындығынан аулақ кетуге ұмтылыс; арман, қиял; өткенді дәріптеу; азаттық, бостандық идеясы; фольклорға, тарихқа ден қою; кейіпкерлерінің “ерекше” болуы; көтеріңкі эмоционалды стиль; қайғы-мұңға, ғажайып-құпия, фантастикалық жайттарға құштарлық; лиризм; патетика; әсірелеу, т.б. Романтикалық шығармаларда бейнелеу құралдары, әсерлі суреттеулер (эпитет, теңеу, метафора, ұлғайту, шендестіру, символ) мол кездеседі. Қазақ әдебиетіндегі романтизм әлемдік әдеби құбылыстың бір бөлшегі бола тұра, өзіндік ұлттық ерекшеліктерімен оқшауланады. Халық ауыз әдебиеті үлгілерінен көрініс тапқан романтикалық белгілер 15 — 18 ғасырлардағы жыраулық поэзияда қаhармандық-жауынгерлік, азаттық-патриоттық рухта көрініс тапты. Қазақ әдебиетінде романтизмнің тегеурінді көрінген тұсы 19 ғасырда болды, ол ұлттық сөз өнері дамуының маңызды факторы саналды. Осы кезеңде өмір сүрген Махамбет романтизмі Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліспен бірге туып, азаттық бағытында өрбісе, “Зар заман” ақындары шығармашылығында орыс отаршылдығына қарсы болған, өз дәуірінің рухани болмысына қанағаттанбаған мінезден көрінді. Абай романтизмінен өзге елдің билігі әсерінен халықтың ыдырап, ұсақтауына қынжылыс байқалды. Ал Ақылбай мен Мағауия сюжетке құрылған романтикалық поэмаларында (“Қисса Жүсіп”, “Медғат — Қасым”) “ерекше жағдайда ерекше мінез жасау” арқылы индивидуалдық романтизмге жол салды. 19 ғасырда романтизм әдісі жазба әдебиетте толық қалыптасып, 20 ғасырдың басында кемелденді. Дәуір алмасуы кезіндегі саяси және идеологиялық дағдарыстар, ұзақ уақыт жат елдің езгісінде болған ұлт санасының қайта оянуы, ұлттың өзін-өзі тануы — романтизмді дамытушы негізгі қоғамдық факторлар болды. 20 ғасырдың басында Б.Күлеев, М.Жұмабаев поэзияларында романтизм биік деңгейде көрінді. Мағжан романтикалық поэмалардың әлемдік деңгейдегі озық үлгілерін әкелді (“Батыр Баян”, “Қорқыт”, “Қойлыбайдың қобызы”, т.б.). Кеңес дәуіріндегі әдебиетте романтизм реализммен кіріге жаңа сипат алып, өмірдің жарқын тұстарын бейнелеуге, кейіпкердің ішкі сезім-сырларын жеткізуге қызмет етті. Сөйте тұра романтизм бүкіл адамзаттың, ғаламның, өз дәуірінің, қоғамының трагедиясы мен мұң-зарын көрсете білді, кейде тіпті оны шешуге ұмтылыс жасады. Романтизмнің әдебиетке әкелген жаңалықтарының бірі — адамды тануға деген құштарлық. Романтик қаламгерлер адамның жан дүниесіне, ішкі психологиясына үңіле отырып, оның рухани әлемінің құпиясын, тереңдігі мен күрделілігін, шексіздігін танытуға күш салды. Романтизмнің ұлттану мәселесіне әдеби тұрғыдан қосқан үлесі мол. Романтиктер ұлттық рух пен мәдени құндылықтарға аса қызығушылық танытты. Олар өткен тарихты бағалап қана қойған жоқ, оны өздерінің сан қырлы әлеуметтік, эстетикалық тұжырымдарына тірек етті. Романтизмнің мұндай ерекшеліктері көркем пішіннің жаңаруына: тарихи роман, психологиялық, фантастикалық повесть, әңгіме жанрларының, лиро-эпикалық поэмалардың пайда болуына, лириканың тақырыптық, идеялық ауқымының кеңеюіне зор әсерін тигізді. Романтизм әдебиетке жаңа тақырып, соны кейіпкерлер әкелді, сөз өнерін көркемдік ерекшеліктермен байытты. Қазақ әдебиетінде Ғ.Мүсірепов, І.Есенберлин, Ә.Әлімжанов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, О.Бөкеев, Қ.Аманжолов, Т.Айбергенов, О.Сүлейменов, т.б. қаламгерлер pомантизм мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланды.<ref>Қазақ энциклопедиясы, 7 - том</ref><ref>Ванслов В.В., Эстетика романтизма, М., 1966</ref><ref>Кожина Е., Романтическая битва, Л., 1969</ref><ref>Берковский Н., Романтизм в Германии, Л., 1973</ref><ref>Проблемы музыкального романтизма. Сб. науч. тр., Л., 1987</ref><ref>Карташова И.В., Введение в теорию романтизма, Тверь, 1991</ref><ref>Борисова Е.А., Русская архитектура в эпоху романтизма, М., 1997</ref><ref>Ахметов З., Әдебиеттану. Терминдер сөздігі, А., 1998</ref><ref>Қабдолов З., Сөз өнері, А., 2002.</ref><ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}