Петр Павлович Гавриленко
Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Петр Павлович Гавриленко — суретші. 1928 жылы Шығыс Қазақстан облысы Бұқтырма ауданы Гусиное селосында туған. Арнайы суретшілік білімі жоқ, живописьші. 1946 жылы Семей өзен флоты училищесін бітірген, одан кейін Жоғарғы Ертіс өзен пароходствосында жұмысқа тұрады. Кемелерде рулевойдан бастап, капитанға дейін қызмет етеді де, пароходство басқармасына орналасады.
1967 жылы әуесқой суретшілер көрмесімен танысады. Кейінірек жергілікті кәсіпқой суретшілер Н.Яковлев, М.М.Беляев, В.И.Третьяковпен бірлесіп этюдтарға шығады.
1968 жылдан бастап П.Гавриленко қалалық, облыстық көрмелерге қатысады. Ленинградта, Ригада, Мурманскіде, Архангельскіде өткізілген теңіз және өзен флоты әуесқой суретшілері байқауының лауреаты, және дипломанты. Гавриленко пейзаж жанрында басымырақ еңбектенеді.
Ақынжанды суретшіге табиғаттың құбылмалы райы, кейбір қайталанбас сәттері қатты әсер етеді. Лириктік көзқарас күнделікті тірліктің өзінен ерекше күйді ұғынуға мүмкіндік береді.
«Күзгі қауырт шақ» — картинасына сюжетті күздің бір әдемі қоңырқай күндерінде күтпеген жерден Семейдің шет жағындағы Контрольный поселкасында кездестірген. Суретші үлкен қаладан ауыл өмірінің «кішкентай әлемін» ашқандай болады. Күз айындағы қауырт шақты, ауыл өміріін асықпай әңгімелейді. Суретте бақшадан өнім жинап жүрген әйелдер, күзгі мол өнім, үлкендердің жұмысын бақылап жүрген балалар, дән шоқып жүрген тауықтар, түрлі-түсті ауыл үйлері. Жұмсақ алтын түстес бояулар полотноның көңіл күйін аша түскен. Пейзаж адамдардың күнделікті еңбек жырымен рухтанған. Адамдар тұрмысы мен табиғаттың мәңгілік әлемі ынтымақ пен үйлесім тапқан.