Натурализм

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Натурализм (французша: naturalіsme, латынша: natura – табиғат) – философияда табиғатты барлық нәрсенің түп негізі, тану мен түсіндірудің әмбебап принципі ретінде қарастыратын философиялық бағыт.<ref>“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9</ref>

Материалистік философияда табиғаттан жоғары тұрған ештеңе жоқ деп саналатындықтан, адам санасы, рухани құбылыстар түгелдей табиғаттың өзіндік қасиеті немесе оның дамуының заңды нәтижесі есебінде түсіндіріледі.

Натурализмнің идеалистік-философия тармақтарында діни көзқарас жоққа шығарылмайды және табиғатқа жандану (гилозоизм, панпсихизм) немесе рухтану (пантеизм) іштей тән деп есептеледі.

Натурализм әлеуметтік философияда қоғам өмірін әр түрлі табиғи себептерден (географиялық ортаның қасиеттерінен, адамдардың биологиялық және нәсілдік ерекшеліктерінен, т.б.), этикада моральдық прициптерді әлдебір табиғи бастамалардан (ғарыштан, адам биологиясы мен психологиясынан, т.с.с.) түсіндіруге ұмтылады.

Эстетикада натурализм көркем шығарманың дәлме-дәл бейнеленуін талап етеді. Табиғат көбінесе тірі табиғат, “табиғилық”, негізділік, тұтастық деп түсіндіріледі. Бұл “табиғат” “жасандыға”, механикалыққа, ал табиғат мәдениетке қарсы қойылады. Ол табиғи және жасандының, табиғат пен мәдениеттің қарама-қарсылықтарын өмір ұғымында біріктіруге тырысты.

Натурализмнің негізгі ұйғарымдары мыналар:

  • табиғатты бірден-бір шындық есебінде мойындау (ол өз-өзінен жеткілікті, іс-әрекетке және ұйымдасуға бейім);
  • табиғаттың әлдебір тысқары бастамадан тәуелділігін жоққа шығару;
  • әлеуметтік, адамгершілік, рухани, мәдени құбылыстарды табиғи негіздемелерден түсіндіруге ұмтылу.

Әдебиет

Ғылым методологиясында натурализм табиғат заңдарының бірлігін мойындаумен байланысты таным әдісінің бірлігін, яғни жаратылыстану ғылымдарында қалыптасқан танымдық-методологиялық принциптер барлық ғылымдарға ортақ, әмбебап принциптер деп ұйғарылады. Әдебиетте натурализм тәсілін алғаш қолданған француз жазушысы Э.Золя болды.

Натурализм кез-келген нәрсенің қалып-бейнесін не қимылын жеріне жеткізе, елеусіз бөлшектеріне дейін қалдырмай суреттеуді мақсат етті. Шығармаларда шыбынның ұшуы мен қоңыздың ызыңы сияқты оқиғаға тікелей қатысы жоқ жайлар көп баяндалды. Адам кейпі, жануарлар қимылы, табиғат көрінісі қаз-қалпында сипатталды. Нәтижесінде тұспалмен сыпайы айтылатын жайлар қарадүрсін, жалаң баяндалды да эстет. қасиеттен айырылды, соңы анайылыққа апарып соқты. Бұл тәсілдің ерекшелігі оқырманның не болар екен деген сауалына қаламгер түгелге дерлік жауап берді, яғни бәрін жасырмай, тәптіштеп айтты. Француз сыншылары Э.Золяның “Нана” романына қатты наразылық білдірген. Ондағы бас кейіпкердің жасынан қиыншылық көруі, ақырында нәпсіқұмарлыққа салынуы мен оның іс-әрекетін тәптіштеп тізбектеуін оқырман тұрпайылық деп тапқан.<ref>Тагер Е.Б., Проблемы реализма и натурализма, в кн.: Русская литература конца 19 – начала 20 в., М., 1968;</ref>

Бұл тәсіл әдебиетте орын алған сайын оның осал жақтары да бой көрсетті. Орыс әдебиетінде де натурализмді қолдаған жазушылар болды (П.Боборыкин, В.Немирович-Данченко, т.б.). Гоголь бастаған бұл ағым өкілдері қоғам өмірінің терең қалтарыс-бұлтарысына дейін зерттеп жазу керек деп санады. Н.В. Гогольдің “Өлі жандар”, Ф.М. ДостоевскийдіңБейшаралар”, И.С. ТургеневтіңАңшының әңгімелері”, т.б. туындылар орыс қоғамындағы шаруалар жайын бұлжытпай суреттеген. Қазіргі әдебиеттануда натурализмді тұрпайы суретке, ділмарлыққа бой ұрушылық, шындықты баяндаудың қарадүрсін, қаражаяу түрі деп түсіну басым.<ref>Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Әлеуметтану және саясаттану бойынша / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын - Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2006 жыл. - 569 б. ISBN 9965-808-89-9</ref>

Сахна өнерінде натуралистердің негізгі талабы пьесадағы оқиғаны ойын арқылы емес, тап бастан кешіргендей етіп көрсетуге әрі психологиялық, тұрмыстық және тарихи шындықтан ауытқымай қаһармандардың өмір сүрген ортасын қайта жаңғырту дегенге тірелді. Натурализм өкілдері театрдағы кәсіби машықпен, шарттылықпен күресе отырып, спектакльді сахнаға көшірілген “өмір бөлшегі” ретінде көрсетуге ұмтылды.

Адам мінезі мен іс-әрекетін биологиялық тұрғыдан түсіндіру натурализмді айқындай түсетін белгілер болды. Оның көрнекті өкілдері қатарында режиссерлер А.Антуан (Франция), О.Брам (Германия), актерлер Э.Цаккони(Италия),П.Н. Орленев (Ресей), т.б. болды. Қазақ театрында қойылған алғашқы спектакльдерде, актерлер ойынында ұлт тұрмысын дәл көрсетуге ұмтылған Натурализм-нің кейбір белгілері бой көрсетті.

Сурет өнері

Бейнелеу өнерінде де натурализм бағыты қалыптасты. Э.Мане (“Нана” картинасының авторы), Э.Дега, Ж.Бас-тьен-Лепаж,А.Тулуз-Лотрек, Т.Стейнлен(Франция), К.Менье, П.Полюс (Бельгия),М.Либерман,К.Кольвиц (Германия), В.Вела (Италия), т.б. суретшілер осы топтың өкілдері.<ref>Энциклопедия литературных терминов и понятии, М., 2001.М. Сәбит, К. Нұров</ref>

Натурализм бағытын ұстанғандар импрессионизм өкілдері секілді өмірді тікелей қабылдап, қозғалыстың нақты қалпын бейнелеуге бой ұрды. Әлеуметтік құбылыстардың көлеңкелі жақтарын қамтуға ұмтылды. Бостандық үшін күресуші топ образы Золяның “Жерминалында”, Гауптманның “Тоқымашы” атты еңбегінде, Кольвицтің “Тоқымашылар көтерілісі” мүсінінде көрініс тапты.<ref>Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Ғылымтану. Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын- Павлодар: ҒӨФ «ЭКО», 2006. ISBN 9965-808-78-3</ref><ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>

Тіл білімі

Натурализм - 19 ғасырда тіл білімінде тілді табиғаттағы тірі организм тәрізді биологиялық құбылыс деп санаған лингвистикалық бағыт. Тіл біліміндегі натурализм бағытының өкілдері, мысалы, А. Шлейхер, "тіл өмірінің" табиғаттағы организм (өсімдік пен хайуанаттың) өмірінен айырмашылығы жоқ, тіл де солар сияқты туады, өседі, соңынан қартайып тозады, ақырында өледі деп есептеді. А. Шлейхер "тілдің өмірі" табиғи организмнің өмірімен бірдей, тілдің өсуі тарихқа дейінгі дәуірде ғана болды, ал тарих бойындағы дәуірлерде тілдер қартайып тозады деп санады. Алайда тілді табиғи организммен салыстыру, оның дамуын тірі организмнің өсуімен теңдестіру мүлдем қате. Тіл қоғамдық құбылыс ретінде тарих бойында үздіксіз дерлік дамып келді және дами береді. Тірі организмнің тозуы, ақырында өлуі — биологиялық тұрғыдан болмай қоймайтын шарасыздық, ал тіл үшін бұл шарт емес. Тіл — қоғамдық құбылыс, ол қоғамның туымен бірге туып, қоғамның дамуымен бірге дамиды.<ref>Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3</ref>

Сілтемелер

Дереккөздер

<references/>

Үлгі:Stub: Қазақ мәдениеті {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}