Мемлекеттік тіл

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

21:10, 2016 ж. сәуірдің 20 кезіндегі Нұрлан Рахымжанов (Талқылауы) істеген түзету

Мемлекеттік Тіл <ref>“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9</ref>, мәртебесі конституцияда бекітілген, мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздар осы тілде жүргізіледі. Әдетте мемлекет негізін құраушы әрі жердің байырғы иесі болып саналатын халықтың тілі мемлекеттік тіл болып бекітіледі. Бірақ ұзақ уақыт отар болып, өз тілін ұмыта бастаған кейбір елдерде отарлаушы елдің тілі мемлекеттік тіл болып бекітілген.
Мысалы: Үндістанда мемлекеттік тіл ағылшын тілі болса, хинди тілі тек тұрмыстық тіл деңгейінде қалып қойған. Марокконың, Алжирдің мемлекеттік тілі араб тілі болғанымен, ресми тіл ретінде француз тілі онымен бірдей дәрежеде қолданылады. 1993 жылы қабылданған тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл болып бекітілді. 1995 жылы қабылданған Конституцияда да қазақ тілі мемлекеттік тіл болып бекітілді, алайда сонымен қатар орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тілмен қатар қолданылады. 1996 жылы 4 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен “Қазақстан Республикасының тіл саясаты тұжырымдамасы” мақұлданды. Қазір Қазақстан барлық ғылым-білім, мәдениет, техника салаларын мемлекеттік тілге көшіру кезеңін бастан өткеруде.<ref>Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007.

ISBN 9965-32-491-3</ref><ref>Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Ғылымтану. Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын- Павлодар: ҒӨФ «ЭКО», 2006 жыл. - 430 б. ISBN 9965-808-78-3</ref>

Мемлекеттік тіл - көпұлтты (көптілді) мемлекетте халықтың ұлттық құрамына қарамай іс қағаздарын, мектеп пен жоғары оқу орындарында оқыту, мәдениет, баспасөз бен байланыс (почта, телеграф т. б.) орындарында, құқық қорғау мен әскер бөлімдерінде, сот істерін жүргізу т. б. міндетті деп саналатын саяси-құқықтық қасиеті бар мәртебелі тіл. Мемлекеттік тілді жан-жақты дамыту және оның қолдану аясын (сфера) кеңейту үшін мемлекет тарапынан белгілі бір уақытқа жоспарланған жан-жақты бағдарламалар жасалады. Мемлекеттік тіл әрдайым мемлекеттің қорғауында және оның қамқорлығында болады. Демократиялық қоғамды белгілі бір тілге мемлекеттік мәртебеге (статус) беру оның басқа тілдерге қысымшылық көрсету болып табылмайды. Бұл туралы Республикамыздың Тіл туралы Заңында (1997 ж.) анық айтылған. Кеңес заманында КСРО-ның Конституциясында және басқа да мемлекеттік құжаттарда ашық айтылмаса да, орыс тілі іс жүзінде (де-факто) мемлекеттік тіл функцияларын орындады. Орыс тілінің осындай ерекше ролі геральдикалық әдіспен анықталады. Мысалы, КСРО-ның елтаңбасы мен ақша бірліктерінде орыс сөздер үлкен әріппен беріліп, басқа ұлттық тілдердегі лексемалар кіші әріппен берілгені дәлел бола алады. Кейбір көпұлтты (көптілді) мемлекеттерде тілге берілетін мәртебе басқаша аталуы мүмкін: ресми тіл, ресми түрде қолданылатын тіл, ұлттық, конституциялық және аймақтық тілдер. Осыған байланысты "көпұлтты" және "көптілді" деген терминдердің синоним сөздері ретінде қолданылуын сөйлеу тіліміздегі қателердің бірі деп қараған жөн. Кезінде КСРО (Югословия т.б.) көпұлтты мемлекет болатын, себебі Одаққа өздерінің белгілі бір территориясы, шекарасы, басқару-әкімшілік органдары бар субъектілер енген болатын. Ал Қазақстан жайында ол басқаша, мұнда жоғарыда көрсетілген Одаққа тән ерекшеліктер болған жоқ, сол себептен де Республикамыз, әлеуметтік тіл білімі тұрғысынан қарағанда көпұлтты емес, көптілді елдер санатына жатады деу шындыққа сәйкес келеді. Көпұлтты елдердің қатарына жататын мемлекеттің субъектілері (ұлттық республика, облыс, аймақ т. б.) өздерінің ұлттық тілдеріне мемлекеттік мәртебе беруге құқылы болса, көптілді елдерде мүндай еркіндік жоқ. Себебі көптілді елдің құрамына диаспора ретінде енген ұлт-ұлыстардың қалыптасуы солақай саясаттың, депортация т. б. нәтижелері болуы мүмкін, яғни бұл құбылыстардың тарихи мән-мазмұны жоқ. Сол себептен Қазақстанда мемлекеттік қостілділік қабылданбай, қазақ тілі мемлекеттік тіл болып, орыс тілі ресми түрде қолданылатын тіл болып жарияланды.<ref>Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3</ref>

Дереккөздер

<references/>

Тағы қараңыз

Сілтемелер

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}en:National language