Көзімнің нұрысыз

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

13:44, 2011 ж. желтоқсанның 28 кезіндегі Bolatbek (Талқылауы) істеген түзету

«Көзімнің нұрысыз»Абайдың 1894 жылы жазған өлеңі, 4 тармақты 6 шумақтан тұрады.

Өлеңнен ұлы ақынның адам, әке ретіндегі балаға деген, сүйікті ұлы Әбдірахманға деген бүкіл сол тұстағы жан тебіреністің алай-түлей құйын сәттері елес береді. Үлкен үміт артқан азаматтан айрылып қаламын-ау деген қатерлі қауіп ақын жанын азапқа салып, әр қилы шарғы, әрекет іздестіргендей. Алмай тынбайын деп келе жатқан жалмауыз дертке не шара, көңілін кетеріп, ойын сергітсе болмас па?! Жазылып, сауығып кетер жол қайда? Ондай дару бар ма? Ондай дару, ондай ем алладан рахым тілеп, бейіл сұрап, көтеру ғой! Соның бір қалауы әлсіз ғана жібек жіптей бауырлас ыстық сезімді Кәкітай боп білдіру ғой. Әке боп толғай-толғай күңірене келіп, енді не айтарға білмей таусылғанда ұлы жүрек туыстық толғау сезімге аунап, беріледі, егіледі, төгіледі. Бар жылы сөздерін ақтарады аямай. Сарқылмайтын сағынышты ғашық сәулелер. Көздің нұры да, өмірдің гүлі де, қуаныш та, жұбаныш та азулы әке үшін, барлық туған-туысқандар үшін - Әбдірахман еді. Енді сол асыл азаматтың амандығын «зар қылып тілеуден» басқа не бар? Уайымға, қайғыға берілмеу керектігін ойлап, кеудені көтере түскенге ақын өзін-өзі жұбатқандай, үмітке ұстатқандай, сенімге ұмтылғандай.

«Ағатай, сағындым Есен-сау көрмекке» дейді Кәкітай боп арпалысып, алысып, «Осы хатымнан күш-қуат алып, жан сергітер ермек тапсаңыз, менің мақсатым - сол» деп шырқырайды жан сәлемі, ет жүрек тілегі. Әлеңұлы ақынның «Көзімнің қарасы» деген өлең үлгісін тағы да алдыңызға алып келеді. Өлең алғаш рет ақын шығармаларының 1933 жылғы жарық көрген толық жинағында жарияланған. Басылымдарында текстологиялық өзгерістер кездеспейді.

Өлең қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, үйғыр т. б. тілдерге аударылған. <ref> Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9</ref>

Дереккөздер

<references/>