Кейкі Көкембайұлы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

17:52, 2017 ж. сәуірдің 14 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Кейкі батыр — Кейкі (Нұрмағамбет) Көкембайұлы (1871-1923 ж.), 1916 жылғы Торғай көтерілісінің батыры. Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. Тұрмыс тапшылығын ерте көрген Кейкі Жыланшық болысының алпауыты Р. Шашамбайұлының малын қорып, дұшпандарына аттандыратын жігіті болған. Жастайынан аңшы, мергендігімен, өжеттігімен аймаққа танылған. Оның құралайды көзге атқан мергендігіне сай ел аузында «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сипаттама сақталған.

Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығы себеп болған Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне алғашкы күндерден-ақ белсене араласып, оның негізгі қарулы күші — мергендер жасағын басқарды, көтеріліс штабынын, ең кауіпті тапсырмаларын орындап, жиі-жиі барлауға шығып тұрды.

Кейкі батыр Күйік қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және жазалаушы отрядқа қарсы соңғы ұрыс — Доғал шайқасында ерекше ерлік көрсетті. 1919 ж. 13 мамырда Торғай ояздық соғыс комиссары, халық батыры Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі қудалауға ұшырап, Ұлытау, Қызылқұмға бой тасалауға мәжбүр болды. Бұл сүргін Торғайда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де толастамады.

Ақыры, 1922 жылдың көктеміңде комиссар Александр Токаревті атып кеткен Кейкіні 29 наурызда қызыл әскерлер айуандықпен өлтірді. Олар мергеннің екі қолы мен басын кесіп алып, басын бір ай бойы Торғай қаласының орталық аланына сырыққа шаншып қойды. Кейін мергеннің бас сүйегін Орынборға, ал 1926 ж. республика астанасы Қызылордаға көшуіне байланысты, Санкт-Петербургке алып кеткен. Ол қазір Санкт-Петербургтегі антропологиялық қордың кунсткамерасында сақтаулы.

Кейкі мергеннің ұрпақтары Қостанай облысының Амангелді аудандағы Ақтас, Тасты елді мекендерінде тұрады.

1996 ж. батырдың 125 жасқа толуына байланысты ас беріліп, ескерткіш орнатылды.<ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, IV том</ref>

Әдебиет пен ғылыми зерттеулердегі Кейкі батыр бейнесі

Кейкі батырдың бейнесі халқымен бірге жасап, өміршеңдік танытса да кеңес дәуірінде партиялық саясаттың ызғарымен ғылыми зерттеулерден оның аты алынып тасталды. Соған қарамастан, батырдың бейнесі кеңестік әдеби шығармаларда кең көрініс тауып, майталман жазушыларымыздың шығармаларында шындық астарланып берілді. Атап айтсақ, Ғ.Мүсіреповтың «Аманкелді» пьессасы, М.Қаратаевтың «Даладағы дауыл», Қ.Сәрсекеевтің «Қызыл жалау», А.Нұрмановтың «Құланның ажалы» романдары және т.б.. Тағы бір еске аларлығы М.Қаратаев, Қ.Сәрсекеев, А.Нұрманов сынды жазушыларымыз сол Торғай өлкесінің тумалары ретінде және батыр жайлы естеліктерді жастайынан бойларына сіңіріп өскендіктен тарихи ақиқаттан алыс кетпеген десек, ал, заңғар жазушы Ғ.Мүсірепов ХХ ғ. 30 жылдары Аманкелді Имановқа қатысты материалдар жинау үшін Торғай өңірін аралаған, 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі шайқас болған жерлерді көзі көреген, батырдың жарымен кездескен, көнекөз қариялардың естеліктерін тыңдап қағазға түсірген адам және осы сапарында Кейкіге қатысты да әңгімелерге қаныққан.

Ал, Тәуелсіздік алған уақыттан бастап батырдың тарихи тағдырына арнап К.Әмірқызы, С.Тұрғынбекұлы, А.Байжан, Ә.Қылышбайұлы, Қ.Әлім және тағы басқалары мерізімді баспасөз беттерінде қалам тартты. Бірақ жарық көрген мақала, кітаптарда Кейкі батырдың күрес жолы тек ел аузындағы аңыз-әңгімелер негізінде жазылды және мұндай талпыныс батырдың тағдырына қатысты көптеген жаңсақтықтарға жол ашты, оның ішінде оның туып-өлген жылдары, кеңестік билікке қарсы күрескен тұстары. Мұның басты себебі мұрағат қорларындағы құжаттардың сол уақытта әлі ғылыми айналымға түспеуі еді. Өйткені, Кейкі батыр тарихшы мамандардың арнайы зертеу нысанына алынбаған болатын, яғни халық жадындағы батырдың асқақ бейнесі дәуірінде құжатқа түскен құжаттармен нақтыланбады.

Өмірбаяны

Жас кезі

Кейкі Көкембайұлы 1877 жылы Торғай уезі, Қайдауыл болысында өмірге келген (қазіргі Қостанай обл., Аманкелді ауд., Тасты ауылы). Азан шақырып қойған аты Нұрмағанбет, руы Құлан Қыпшақ. Көп кісіге қосылмай кейкиіп жүретін болғандықтан жеңгелері «Кейкі» атап кеткен. Сөйтіп, ел арасына «Кейкі» атымен танылған. Шежіреге зер салсақ Кейкі бес ағайынды болған: Көкембайдан Оспан, Қосжан, Омар, Кейкі және Шұбар. Осылардың ішінде бүгінде тек Қосшанның ғана ұрпағы бар. Кеңес дәуірінде Көкмбайдың кіндігінен тараған ұрпақтары «банды», «басымашының» туыстары деп айыпталып, билік басындағылардан тепірешті көп көрді.

Жастайынан батыр мінезді Кейкі өзімен рулас Торғай өңіріндегі атақты бай Шашамбайдың Рахметі деген кісінің бетке ұстар жылқышысы болған. Аманкелдімен бірге барымташылыққа да түскен сарабдал азаматтардың қатарында бой түзеді.

Ұлт-азаттық қозғалысқа аттануы

Кейкі батырдың елін күреске бастап шығуы және отарлық саясатқа қарсы қарулы қарсылық танытуы, атының ел аузына ілігіп "құралайды көзге атқан мерген", "батыр" атануы Торғай даласындағы 1916 жылғы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі тұсында орын алды.

Қазақ даласын тұтастай шарпыған Ресей патшасының 1916 жылғы 25 маусым жарлығы түрткі болған азаттық жолындағы күресте Кейкінің батырлығымен қатар құралайды көзге атқан мергендігі кең танылды. Сол көтеріліс кезінде ол Торғай даласында құрылған Қыпшақ хандығының мергендер мыңдығын басқарды.

Әу баста "патшаға қара жұмысқа адам бермейміз" деп өз қарсылығын танытып, ұйысқан халық бара-бара жеке хандық құрып, ауыз бірлігін танытты. Көтерілісшілердің 50 мыңдық әскеріне қарулас серігі А.Иманов Бас сардар, Кейкі мергендердің мыңбасы болып тағайындалса, хан қылып халқы Ә.Жанбосыновты көтерді.

Ерлігімен көзге түсуі

Кейкі батырдың атышулы ерліктері 1916 жылдың күзі мен 1917 жылдың қысындағы Торғай, Құмкешу, Доғал, Үрпектегі және басқа да патшаның жазалаушы әскерлерімен болған шайқастарда анық көрінді, асқан мергендігімен, ержүректігімен көзге түсті, яғни көтерілістің даңқты қаһарманына айналды, ерлігі аңыз болып тарады.

Оның көтерілісшілерге келіп қосылуынан хабар беретін алғашқы құжат 1916 жылғы 30 желтоқсандағы Торғай уезі, Қайдауыл болысы С.Бектасовтың уезд басшылығына жазған жеделхатындағы «...№11 ауылдан 10 адаммен Кейкі Көкембаев қосылды» деген мәліметі<ref>А.Иманов. Мақалалар, материалдар, документер. А., 1975 ж., 65 б.</ref>. Біздіңше бұл мәлімет Кейкі батырдың Торғай өңірінде көтерілген елге соңын ала қосылды деген ойды туғызбаса керек. Өйткені, 1916 жылғы 9 шілде көтерілістің орталығына айналған Батпақарада Ә.Жанбосынов басқарған сарбаздардың арасында Аманкелдімен бірге Кейкіде жүрді. 24 - шілдеде Торғай уезді бастығының хабарлауынша Торғай және Ырғыз қазақтарының қырға көшуі, онда қарулы сарбаз құру туралы хабарланған болатын <ref>Мырзағалиұлы М. 1916-1917 ж. Торғай қазақтарының көтерілісі.-А., 2005, 162 б.</ref>.

Алашқы шайқастар

Сол жылдың қазан айында 7 мыңдай қарулы сарбаздар Ақтүбек деген жерге жиналып, Торғай қаласына шабуыл жасау, әскери гарнизонды басып алу мәселесін талқыға салды. Әсіресе, Кейкі батырдың алғаш сынға түсуі 1916 ж. 21қазанда Татыр көлі маңында патшаның жазалушы әскерімен болған ашық шайқаста өтті. Ол басқарған мергендер мыңдығы жазлаушылардың шабулына тойтарыс беруде асқан ерлік танытты. 6 қарашада Ә.Жанбосынов пен О.Шолақовтың біріккен қолы Торғай қаласына шабуыл жасады. Осы қаланы басып алу жолындағы күресте Кейкі бастаған мергендер нысанаға алғанын баудай түсіріп отырды.

Қыстың түсуіне қарамастан көтерілісшілер күресін жалғастыра берді. 1917 жылдың 13 қаңтарында көтерілген халықты сабасына түсіруді мақсат етіп ел ішіне шыққан Кислов басқарған Қостанай жазалаушы әскеріне Аманкелді мен Кейкі басқарған 1500 сарбаз Шошқалы қопасында тұтқиылдан шабуыл жасады. Күштің тең болмау салдарынан шегіне жүріп ұрыс салған қазақ сарбаздары жазалаушы әскерге Күйік қопасында қайта ұрыс салды. Нәтижесінде жазалаушы әскердің мақсаты орындалмай кері шегінді.

Доғал-Үрпек шайқасы

1917 ж. 16 ақпанында Торғай көтерілісшілерінің тобын жою үшін полковник Тургеневтің Орынборлық 13 атты казак полкі Батпаққараға бет түзеді. Жазалаушылардың қалың қолына көтерісшілер 20 ақпанда Құмкешуде, 23 ақпанда Доғал-Үрпек бойында шабуыл жасап, патша әскерін едәуір шығынға ұшыратты. Осы шайқаста Кейкі батырдың тапқырлығы, соғысу тәсілдерін меңгерген шеберлігі, нысанаға алғанын мүлт жібермей, жауына жасындай тиген ерлігі ел аузына ілгіп, даңқы асты. Сол шайқастардың куәгері ақын Ф.Сатыбалдыұлының: "100 жігіт жетіп келді Қапар ханға, Мен мұндалап аттары аталғанда. Кейкі менен Өменді басшы қылып, елуден аттандырды Тышқантамға. Қолынан бір Кейкінің 40-ы өлген, Тұрған соң шама барма аруағы асып" - деп батыр ерлігін жырға қосты<ref>Ана тілі, 20.03.1997. 4 б.</ref>. Тапсырманы орындай алмаған полковник Тургеневтің Торғайға қарай шегіне қашқан жазалаушы әскерінің соңынан екі күндей қуып Кейкі бастаған мергендер тобы 50 әскердің көзін жойды.

Қазан төңкерісі тұсында

Орталық Ресейде 1917 ж. ақпанда патша тақтан құлап, уақытша үкімет орнаған тұста Торғай жеріндегі көтерілісшілер әскрлерін таратпай, істің ақырын күтті. Өйткені, қазақ даласындағы билік үшін жүріп жатқан ақ пен қызылдың тартысы, шыны керек қарапайым қазаққа түсініксіз қалыпта өрбіді. Ресейдегі 1917 жылғы Қазан төңкерісі нәтижесінде өкімет басына келген большевиктер билігі уақыт өткен сайын нығая түсті. Торғай жеріне жаңа биліктің өкілі ретінде облыстық комиссар болып келген Ә.Жәнкелдиннің үгіт-насихатымен А.Иманов пен Кейкі Көкембаев бастаған 1916 жылғы көтерілістің сарбаздары большевиктер жағына шықты. Сол күндерде «Сен ақ жағындасың ба, әлде қызылдарға қарайсың ба ?» - деп сұраса, «Мен Аманкелді қай жақта болса сол жақтамын» - деп жауап қататын Кейкі батыр 1918 ж. 18 наурызда А.Имановпен бірге Орынборда өткен бірінші жалпы қазақ сиезіне қатысады. «Бұл сиезде Ә.Жәнкелдинде болды. Сиезден кейін ол жақтан Аманкелді мен Кейкі жаңа әскери киімде оралды. Бұл киімде олар нағыз үлкен командирлерге ұқсайтын» деп жазады, өз естелігінде сол күндердің куәсі А.Ерходжаев<ref>ҚР ПМ, 811-қор, т-6, іс-204 3 бет</ref>.

Аталған жиыннан оралсымен Ә.Жәнкелдиннің тапсырмасымен А.Иманов пен Кейкі батыр Торғай уезінде большевиктердің жергілікті билік органын және қызыл армияның отрядттарын құруға кіріседі. Бірақ, 1919 жылғы сәуір айындағы А.Имановтың және Қыпшақ хандығының ханы Ә.Жанбосыновтың жұмбақ жағдайдағы өлімдері деректерге қарағанда батыр өміріндегі үлкен бетбұрыстың басы болды. Кейін кеңес өкіметінің Алаш қайраткерлеріне қарсы қудалау науқанын бастап, жүргізгенде Аманкелдінің өліміне кінәлілер ретінде алаштықтар ілікті және сол жұмбақ өлім айып болып тағылды. Кейкі бастаған қарулы сарбаздар қос ерінің өлімінен кейін сеңдей соғылысқанымен, іргелерін ыдыратпады. Билік басындағылардан әзірге еш қайран болмасын түсінген олар қаруларын тастамады. Бұған 1919 жылы қазан айында Торғайға ат басын бұрған Ә.Жәнкелдинде (Ә.Жәнкелдин. Докум. мен мат., А., 1975, 67 б.), Өлкелік әскери комиссариаттың инспекция төрағасы да Торғай уезіндегі халықтың қаруларын әлі де тастамағандығын атап өткен<ref>Арқалық айм. мем. мұр. қ-109, т-1 іс-2, 2 б.</ref>.

Атқа қону

Кейкі бастаған сарбаздардың қайта атқа қонуына қызылдардан жөңкіле қашқан Колчактың қалдық әскерлерінің бейбіт ауылдарды тонауы себеп болса, бір жағынан қызыл әскерлердің де азық-түлік салғыртын жинауды сылтауратып қазақ ауылдарына істеген зорлық-зомбылығы әсер етпей қоймады. Жергілікті атқамінерлердің мұндай бассыздықтары жайындағы деректерді 1920 ж. 10 ақпанда Торғай уездік әскери комиссариатының қызметкері Валидов баяндамасында молынан келтірген<ref>ҚР ПМ, қ-40, т-1, іс-241, 1 б.</ref>. Бұл Кейкі сынды ерлердің жаңа билікке деген көңілдерін суытты.

1919 ж. жазында Торғай жеріндегі жергілікті кеңес өкіметін құлатып, бар билікті қолына алған алашордалықтар большевиктерге қызмет жасаған Аманкелдінің жақтастарын қуғындауға кіріскен болатын. Осы мақсатта 20 адамнан тұратын әскери далалық сот құрылды және осы құрыққа «Аманкелдінің жақтасы» ретінде Кейкіде ілікті. Алғашқы сәтте жоғарыдағы соттың үкімімен 15 «большевик» санатындағылар атылды<ref name="ҚР ПМ, қ-811, т-20, іс-404,3 б">ҚР ПМ, қ-811, т-20, іс-404,3 б.</ref>. Далалық соттың шешімін орындау үшін В.Кафка мен С.Қаратілеуов бастаған жазалаушы әскер ел ішіне шығып, "большевиктерге" бүйрегі бұрағандарды қудалауға, қолға түскендерін жазалауға кірісті. Олардың әрекеті жайында 1919 ж. 2 желтоқсанда Торғай губаткомының Торғай уезіндегі өкілі С.Көшімбеков өз баяндамасында кеңірек жазады<ref name="ҚР ПМ, қ-811, т-20, іс-404,3 б"/>.

Бұған төзбеген Кейкі батыр әскер жинап үзеңгілес серігі А.Имановтың жазықсыз ауылын және туған-туыстарын қорғау үшін аттанады. Орын алып отырған әділетсіздікке қарсы тұруға бекінді. Сол тұста оның қасынан кешегі 1916 жылы патша әскеріне қарсы шайқаста шыңдалған жақтастары табыла кетті, қолдау танытты. Қолдағы деректерге қарағанда, батыр С.Қаратілеуовтың әскеріне қарсы тұрып соғысуға бекінген. Сарбаздардың қарулы сұсынан сескенген алаштық жазалаушы әскер кері қайтады. Бұл оқиға ел аузындағы әңгімелерден бөлек, жырларда кең көрініс тапқан. Мысалы: ақын Қанайбековтың «1919 ж. шілде айында С.Қаратілеуовтың шығуы» атты бұрын жарияланбаған дастаны<ref>Орт. ғылыми кітапхана. Сирек қолжазба қоры, 1019 бума, 45 б., 1013 бума, 74 б.</ref>. Осындай сарындағы жыр-дастандарды ел аралап латын әрпімен алғаш қағазға түсіргендердің бірі академик Әлкей Марғұлан болатын.

Көп ұзамай қалың әскермен Орынбордан келген комиссар Ә.Жәнкелдин Торғайдағы Алаш Орда билігін құлатты. Сөйтіп, билік үшін өрістеген күрес те саябырсиды, кеңестік бағыттағылар үстемдікке ие болды. Ал, қара халыққа керегі сол тұста алдымен тыныштық, жүдеген шаруасын күйттеуіне мүмкіндік қана еді.

Ел арасы тыншыған соң, Кейкі батыр бейқам тірлікке көшіп, билік ісіне араласпайды. Соған қарамастан, батырдың әр басқан қадамы аңдулы еді. Оған мұрағат қорларындағы құжаттар дәлел<ref>ҚР ОММ, қ-66, т-1, іс-53</ref>.

Жаңа биліктің өкілдерінің үнемі назарда ұстағаны алдымен 1916 жылы көтерілісте елді бастап шыққан халқы сайлаған хан, батырлар еді. 1920 жылдың басында 1916 жылғы көтерілісте Арғын хандығының ханы болып сайланған О.Шолақовты және мыңбасы Қ. Алтынсаринді «...үкіметке қарсы әрекет етушілер» ретінде айып тағып, соттап Семейге, кейін Сібірге жер аударды<ref>Ег.Қазақстан, 29.11. 2002 ж.</ref>. Бұдан шығатын қорытынды кеңес үкіметі 1916 жылғы көтерілістің даңқты қаһармандарына сенімсіздік танытып, оларды құрықтауға бел шеше кіріскендігін аңғартады. Өйткені, халық ішінде беделді, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Кейкі сынды ерлердің кез келген сәтте елін соңынан ерітіп, жұмылып жұдырық бола алатынын 1916 жылғы оқиға көрсеткен еді.

Кеңес билігіне қарсылығы

Батырдың кеңес билігіне алғашқы қарсылығы ауыл белсенділерінің қызметтерін асыра пайдаланған басбұзарлықтарына қарсы бағытталды. Оның үстінен жоғарыға жөнелтілген жалған арыз, ақпарлар батырды «жау», «банды» деп қуғындауға негіз болды. «Он стал мстить русским и день от дня организовал себе больше и больше банду, пуская агитацию среди киргиз, что он идет освобаждать киргиз от ига русских. ...В 1921 году в июле месяце у него было 70 человек хорошо вооруженных» деп әділетсіздікке қарсы шыққан әрекеті негізсіз бағаланып, жоғары жаққа жөнелтілді<ref>ҚР ОММ, қ-427, т-9, іс-53, 203 б.</ref> және оның сарбаздарының қатарына жазықсыз жапа шеккен, қызылдардан тепіреш көрген жарлы-жақыбайлар да қосылды.

1921 ж. жазында Кейкі "бүлігін" басу үшін Торғайдан шыққан қызыл әскерлермен Сарыторғай өзенінің бойында шайқас болып, Кейкі жасағы іргелес жатқан Атбасар уезіне қарасты Бағаналы ауданына ығысты. Бұл өңірде де кеңес саясатына қарсы елдің наразылығы өршіп тұрған шақта Кейкінің келуі отқа май құйғандай әсер етті. Бұл жайлы Атбасар уездік парткомитетінің мәжілісінде айтылып, дабыл қағылды<ref>ҚР ПМ, қ-139, т-1, іс-80, 34 б.</ref>.

Ел аузындағы қария сөздерге қарағанда, Кейкінің соңынан ерген халық орталарынан Бағаналының төрт босағасының бірі атанған, атақты Бабырдың немересі Құлсейітті хан сайлап алған. 1921 ж. шілденің басында Қарсақпай милициясының кеңсесіне шабуыл жасалып, шайқаста бірнеше милиционер қаза табады. Сол сияқты, көтерілісшілер Қорғасындағы мырыш кенішіне бақылау орнатты<ref>қазіргі Қарағанды обл, Ұлытау ауд., Шеңбер кеңшарында</ref>.

Сөйтіп, Атбасар уезі басшыларының «бандитизммен күрес» мәселесіндегі бас ауыртар басты тұлғасына айналған Кейкінің көзін жоюға уездік ревкомның бар күші жұмылдырылды. 1921 жылы 28 шілдеде құрамында 438 адамы бар Плескачтың басшылығымен Атбасардан әскер шықты. Екі жақ Ұлытау маңында кездесіп, жеңіліс тапқан Кейкі қолға түспей жасағымен шегініп кетеді.

Сол жылдың 20 қазанында Атбасардан И.Исайкин қалың әскермен шығып, көтерілісшілерді қуғанымен жете алмай, суықтың түсуіне байланысты олар да кері қайтады. Бұл жөнінде И.Исайкин естелігінде тәпіштеп жазған<ref>ҚР ПМ, қ-811, т-1, іс-26, 16-17 б.</ref>. Енді батырдың жасағымен оңтүстіктегі Қызылорда өңіріне қарай ойысуынан басқа жол қалмады.

Қарсақпай зауытының алғашқы директоры, Кейкіге қарсы ұйымдастырылған шаралардың басы-қасында жүрген И.Деев естелігінде: «После разгрома отряда Кейки скрылся и оказался в районе озера Телегуль, около Кызыл-Орды, где опять собрал отряд до 350 человек. Расположивщая по дороге Карсакпай-Кызыл-Орды Кейки начал грабить всех проезжающих» деп батырдың 1916 жылы Атбасар уезінде құрылған Бағаналы хандығының бас дін басшысы Ахмет ишан Оразаевтің ауылына жақын маңдағы Шұбартөбе деген жерге барып паналағанын жазады<ref>ҚР ПМ, қ-811, т-1-80, іс-15, 108 б.</ref>.

Басмашылдармен байланысы

Кейкінің Кеңес саясатына қарсы қарулы күресі осы кезде Орта Азияда өрши түскен басмашылық қозғалыс жетекшілерінің назарын да аударған болатын. Аталған қозғалысты ұйымдастырушылардың бірі башқұрт азаматы, аты әлемге танымал З.В.Тоған естелігінде 1921 ж. күзде ислам әлемін біріктіру үшін күресуші, Түркия әскери күштерінің маршалы Әнуар пашаның Кейкіге арналған қылышы мен сый сияпатын, қазақ «басмашыларына» нұсқауын жеткізу үшін Қазақстанға өтуіне көмектесуін сұраған елшілердің келгендігін айтады<ref>Тоган З. Воспоминания. Москва, 1997, 323-325 стр.</ref>.

Қапыда қолға түсу

Енді қарулы әскермен Кейкі батырды ұстаудың қиындығын жете түсінген Торғай және Атбасар уезінің басшылары бірлесе отырып оны алдап қолға түсірудің амалына көшті. Сөйтіп, Ә.Жәнкелдиннің атынан қолы қойылып, мөрі басылған жалған хат дайындалды. Аталған хатта батырдың бар «күнәсі» кешірілетіндігі және Торғайдан қызмет берілетіндігі айтылды. Батырға хатты тапсыруға Ахмет ишан таңдалды және Кейкінің сарбаздарымен ишан ауылының маңында қыстап жатқандығы есепке алынды. Жоспарды іске асыру 1922 жылғы наурыздың басы болып белгіленді<ref>ҚР ПМ, қ-811, т-1-80, іс-15, 124 б.</ref>.

Сөйтіп, Торғайдан Н.Токарев, Қарсақпайдан С.Мағзұтов бастаған қызыл әскер 1922 ж. науырыздың басында ишан ауылына келіп жетті. Әскерлер ауыл маңына жасырынды, ал Н.Токарев және С.Мағзұтовтармен келіссөз жүргізу үшін Ахмет ишан үйіне келген жерінде Кейкі қапыда қолға түсті.

«Операция прошла удачно. На месте расстреляны основные виновники его отряда, а остальные распущены по домам. Товарищи Токарев и Магсутов решили Кейку и его брата доставить в Тургай» деп оқиға барысын баяндайды куәгер И.Деев<ref>Көрсетілген қор, 107 бет</ref>.

Тұтқыннан босатып алу

Сонымен, тұтқынға түскен батырды, жары Ақжан, інісі Түскенмен бірге Торғайға жеткізу үшін Токарев жолға шығады, ал, Мағзұтов әскерімен Қарсақпайға қайтады.

Ал, Кейкінің қалған сарбаздары батырды қызылдардың қолынан босатып алуды ойластырып, Токаревтердің артынан еріп отырып, дегендеріне жетті. Қостанай губштабының бастығы Чернышев Орынборға жөнелткен жеделхатында: «18.03.22 г. начальник отряда Токарев, следовавший впереди отряда вместе сопровождающим его милиционером района ауле Муршибай …наскочил засаду бандита Кукумбаева числ. 14 чел., который был обезоружен и увезен в неизвестном направлении. Банда Кукумбаева имела целью захватить отряд Токарева и освободить банду Кейка»<ref>ҚР ОММ, қ-66, т-1, іс-53, 116 б.</ref> деп жазса, Торғайдағы ЧОН-ның взвод командирі Стуканнда Қостанайға салған 19.03.22 ж. № 056 жеделхатында сарбаздардың Кейкіні босатып әкеткенін растайды<ref>Көрсетілген қор, 203 б.</ref>. Жолай Кейкі Токаревті атып кетеді.

Батырдың қаза табуы

Бұл суыт хабар шұғыл түрде Торғайға жетіп, ол жақтан взвод командирі Стукан бастаған ЧОН-ның әскері шығып, қашқандарды індете қуды (Қазақ даласындағы кеңес саясатына қарсы көтерілістерді басу үшін Төтенше тапсырманы орындайтын /ЧОН/ бөлімдер құрылған болатын. Торғайда сондай әскри бөлімдердің бірі 1921 ж. 12 қазанда құрылған Торғай взводы). Ақыры Жыланшық өзенін бойлай қашқан Кейкілер 1922 ж. 29 науырызда Жалаулы деген жердегі қыстақта түнеуге тоқтағанда қоршауға түседі. Сөйтіп, есіл ер қызылдармен болған осы атыста қаза табады. «29.03.22 г. бандит Кейка пойман отрядом под командированием отд. командиром тов. Дудина 200 верст от Тургая, растрелен на месте и с ним человек бандитов № 5» деп жазылған № 084 санды жеделхатты Стукан Қостанай губштабына жөнелтті.<ref>№ 084 санды жеделхат</ref>

Мәйтті қорлау және басқа да зұлымдықтар

Қызыл жендеттер бұларды айуандықпен өлтірді: батырдың екі қолы, басы кесіп алынды, айы-күні жетіп отырған Ақжанның ішін жарып, нәресте етік табанына тапталды және інісі Түскенде азаппен өлтірілді. «...в доказательство, что Кейка был убит, отрублена голова и доставлена в Тургай» деп көзімен көргенін жазса И.Деев, тағы бір куәгер С.Искаков «Кейкінің басын қанжығасына байлап М.Сафарғалиев қалаға кіргенде жұрт таңырқап көруге барды. Бас көше шамына байлаулы тұрды кешке дейін. Оны ілу себебі Кеңес үкіметіне қарсы шыққандарға осындай өлім деп айбар етілді» деп көрсетеді естелігінде<ref>ҚР ПМ, қ-811, т-6, іс-233, 27 б.</ref>.

Батырдың басы

Батыр бабамыздың басы әлі күнге дейін С.Петербург қаласындағы кунсткамера қорында сақтаулы тұр. 1995 ж. 24 наурызда Мәскеуден ҚР ІІМ – не жіберілген хатта: «МИД РФ свидетельствует свое уважение Посольству РК в Москве и ответ на ноту МИД РК № 19/63 от 13.01.95 г. имея честь сообщить следующие: Череп К.Кокембаева действительно хранится в антропологическом фонде кунсткамеры г. С.-Петербурга» деп көрсетілуі сөзіміздің айғағы<ref>Торғай, 1998 ж., 27.03., 3 б.</ref> болады.

Сонымен бірге, 2000 жылы қазақ халқының ХIХ ғ. ұлт азаттық қозғалысының жетекшісі Кенесары Қасымұлының басын арнайы С.Петербургке іздеп барған экспедиция мүшелеріде газет бетінде жариялаған мақалаларында Кейкі батырдың басы сақталған қорапты көргендерін жазды<ref>Қазақ әдебиеті, 18.08.2000 ж. 4 б.</ref>.

Бұл жат жұртта жатқан бабамыздың бас сүйегін туған жеріне әкеліп қою мәселесінің әлі де өміршеңдік танытып отырғанын көрсетеді. Түптеп келгенде, бұл ұлты үшін күресте жанын қиған бабамызыдың аруағы алдындағы, келешек ұрпақ алдындағы парызымыз.<ref>Толық мақала: Ө.Ж.Бекмағанбетов, тарих ғылымдарының кандидаты, Астана қаласы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі</ref>

Дереккөздер: