Бүркітті тояттатып

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Бүркітті тояттатып ұстау түзде алған аңын немесе кездескен жемтікті тойғанынша жеп, жемсауы ауырлап, ұша алмай қалған құсты қолға түсіру тәсілі. Тояттатып ұстау жер мен желге байланысты: желді күні тойған құс самғап кетсе, таулы жерде ұстатпайды. Әбден бөгіп, сықия тойған құсты ұрымтал жерде атпен қуған кезде құс талпынғанымен жоғары көтеріліп самғай алмай, жер бауырлай ұшып, қайта-қайта қона береді. Шаршап, аузын аша әзер дем алып, жер сыза далбалақтап, бұта, шілікті тасалай жорғалап жүгірген кезінде жүйрік ұшқыр атпен қуып жеткен аңшы шекпен, жамылғыны бүркіттің үстіне бүркей лақтырып жібереді. Үстіне төніп келген қауіпке қарсы айбат көрсеткен құс жабуды шеңгелдей бүріп жатып қалған кезде оңай ұстап алады. Қыс күндері аштыққа шыдамаған кезде өлексеге қонып тояттаған бүркітті mac жемтік тәсілімен қолға түсіреді. Өлексеге жаңа қонған бүркітті үркітіп жіберіп, етті кесектеп турап, ішіне асықтай малта тастарды тығып тасталады. Қайта оралған аш бүркіт тас аралас етті обырлана қарбытқанда жемсауы ауырлап, ұша алмай қалады. Құсты қолға түсірген әккі құсбегі оның басын төмен салбыратып, жемсауындағы тастарды сығып, алып тастайды. Бұл әдісті қазақ құсбегілері тас жемтікпен ұстау деп атаған.<ref>Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы. - Алматы: "Алматыкітап", 2007. - 208 бет, суретті. Б. Хинаят, Қ.М. Исабеков. ISBN 9965-24-813-3</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}