Білім қоғамы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

19:15, 2017 ж. сәуірдің 22 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Білім қоғамыКСРО кезіндегі бұқара халық арасында саяси және ғылыми білім негіздерін насихаттау мақсатында құрылған ұйым. 1947 ж. шілдеде Саяси және ғылыми білімдерді тарату жөніндегі бүкілодақтық қоғам болып құрылды, 1963 жылдан бүкілодақтық “Білім” қоғамы болып аталды. Қоғам өз мақсатына сәйкес КОКП бағдарламасын жүзеге асыру, коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасау, еңбекшілердің коммунистік көзқарасын қалыптастыру, оларды кеңестік патриоттық және интернационалдылық рухында тәрбиелеу, антикоммунизмге, бурж. идеологияға қарсы күрес жүргізу секілді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Жоғары органы — 4 жылда бір рет шақырылатын съезд, съездер аралығында басқарушы органы — басқарма болды. “Білім” қоғамы 15 респ. және 20 автономиялық, 131 өлкелік, облыстық, округтік және 706 қалалық, қалалардағы 494 аудандық, 2804 селолық аудандық, 126 374 бастауыш ұйымдарды біріктірді. Оның құрамында 2319 мың мүшесі болды (1970). Қоғам мүшелері, негізінен, ғалымдардан, оқытушылар мен мұғалімдерден, партия, комсомол, кәсіподақ қызметкерлерінен, әр түрлі өнеркәсіп салаларындағы басшы қызметкерлерден тұрды. Олар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу арқылы ел санасында коммунистік идеяның терең орнығуына ықпал етті. “Білім” қоғам қызметінің ауқымы қоғам өмірінің бар саласын қамтыды. Үгіт-насихат жүргізу тәсілі ретінде: лекциялар циклі, кинолекторийлер, экон. және ғыл.-өндірістік конференциялар, тақырыптық және сұрақ-жауап кештерін, кәсіпорын, колхоз, совхоз, шалғайдағы мал жайылымдарына ғалымдар мен мамандардың ұжымдық сапарларын, еңбек ардагерлерімен, өндіріс жаңашылдарымен кездесулер ұйымдастыру, т.б. кеңінен қолданды. Бүкілодақтық “Білім” қоғамның қарауында Политехникалық музей, Орталық лекторий және көптеген ғылыми-техникалық насихат үйлері, Орталық политехникалық кітапхана, ғыл. атеизм үйлері және 32 планетарий жұмыс істеді. Сонымен бірге қоғам ғылыми-әдістемелік кітаптар, ғыл.-саяси “Международная жизнь” (орыс, ағылшын, француз тілдерінде), ғылыми-көпшілік “Наука и жизнь”, жастарға арналған ғылыми-көпшілік және ғылыми-көркем “Знание — сила”, ғылыми-атеистік “Наука и религия”, ғылыми-әдістемелік “Слова лектора”, “Знание — народу”, “Трибуна лектора” журналдарын, “Наука и человечество” (КСРО ҒА-мен бірге) және “Будущее науки” халықаралық жылнамаларын шығарып тұрды.

Сондай-ақ, “Білім” қоғамы шет елдердің білім тарату, жұмысшы және коммунистік оқу-ағарту одақтарымен тығыз байланысып отырды. Мәселен, 1970 ж. қоғамның 145 мүшесі 25 елге барып, коммунистік жүйенің ең игі құрылым екендігі жөнінде уағыз айтып қайтты. “Білім” қоғамы біржақты идеологиялық қызмет жүргізіп, білім мен ғылым саласында бір ғана марксшілдік көзқарастың үстемдік етуіне күш салды. Әйтсе де, ел арасында ғылым-білімнің таралуына, көпшіліктің әлемдік ғылымның ірі жетістіктері жайлы хабардар болуына оң ықпалы болды. “Білім” қоғамы КСРО ыдырағаннан кейін өз жұмысын тоқтатты (1991).<ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}