Айдын Құдайбергенұлы Смағұлов

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

13:36, 2017 ж. сәуірдің 12 кезіндегі Нұрлан Рахымжанов (Талқылауы) істеген түзету

Айдын Құдайбергенұлы Смағұлов - қазақ дзюдошысы,1996 жылы Қазақстан чемпионы, Орталық Азия ойындары чемпионы, 2000 жылы Сидней Олимпиадасында Қырғызстан атынан қола медаль иегері атанды.

Айдын Смағұлов Алматы облысы Алакөл ауданының түлегі. Туған ағасы Рустемге еліктеп күрес үйірмесіне келді. Бұл өнердің қыр-сырын жергілікті бапкер Бақытбек Мұстафиннен үйренді. Уақыт оза өз қатарының алды болып, ел намысын қорғайтындай дәрежеге жетті. Дзюдо күресі бойынша ел чемпионы атанды, Орталық Азия ойындарында топ жарды, бірқатар халықаралық жарыстарда атой салды.

Қырғызстан сапында

Алайда 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындары қарсаңындағы ел чемпионатында сәтсіздікке ұшырап, байрақты бәсекеде Қазақстанның туы астында өнер көрсету құқығынан айырылды.

Жасы 26-дан асқан Айдын балуанға қазақстандық бапкерлер сенімсіздік білдіргеннен кейін ол тосын шешім қабылдады. Алатаудың арғы жағына өтіп, айыр қалпақты ағайындардың намысын жыртуды жөн санады. Бұл ретте оның еңбегі еш кеткен жоқ. Айдын Сиднейде қола медальді қоржынға салды. Қырғыздар қалпақтарын аспанға атты. Олардың осылай қуануы да негіссіз емес-ті. Өйткені, 1980 жылы атақты ауыр атлет Қаныбек Османәлиев Мәскеуде алтын алған уақыттан бергі 20 жыл аралығында Қырғызстан құрамасына Олимпиаданың бірде-бір медалі бұйырмаған екен. Айдын Смағұловқа дейін Қазақстанның бірде-бір дзюдошысының Олимпиада тұғырына табаны тимеген.

Спортқа келуі

Әке-шешесі байланыс саласының қарапайым қызметкерлері. Жалпы аудан орталығы – Үшарал өңірінң барлық жетістігі білікті бапкер Бақытбек Мұстафиннің есімімен тығыз байланысты. Сол кісіден тәлім алған туған ағасы Рүстем қысқа ғана мерзім аралығында көпшілікке танылды. Самбодан бірқатар республикалық жарыстарды ұтты. Грузияда өткен жасөспірімдер арасындағы КСРО чемпионатында алтын медальді олжалап, спорт шеберінің күміс белгісін омырауына тақты. Үлкен ағасы Дастан бокспен айналысты. Екеуі де үнемі жарыста. Үйде болған жағдайдың өзінде жаттығудан қолдары босай бермейді. Үйде Айдынға қарайтын ешкім жоқ. Сол себепті Рүстем өзімен бірге спорт залына алып баратын. Кешкісін ағасының қасында болып, жаттығу барысын тамашалайтын. Бапкері өте байыпты адам. Еш уақытта дауыс көтеріп, балаға ұрыспайды. Ұтсаң да, ұтылсаң да бір қалыпты. Үнемі ақыл-кеңесін айтып, ағалық қамқорлық танытады. Білмеген жерін тәпіштеп үйретуден еш жалықпайды. Ал Рүстемнің мінезі бөлек. Бір әдісті бір рет қана қайталайды. Көрсетіп тұрғанында қағып алуға тиіссің. Сол тәсілді қайталай алмасаң, бұлқан-талқан болып ашуланады. Көңіл-күйі болса, екінші мәрте қайталауы мүмкін. Егер сонда үйренбесең, қолың бір сілтейді де кетеді. Жай кетпейді, балағаттап, сүйектен өтетін сөздер айтып кетеді. Ағасының бұл қылығы алғашында маған тым ерсі көрінетін. «Дұрыстап үйретсе қайтеді екен» деп жыларман болатын. «Тұра тұр, бәлем, әдіс-тәсілдің барлығын үйреніп алайын, содан кейін қалай күресу керектігін мен саған үйретемін» деп өз-өзін қайрайтын. Балалық қой, есейе келе ағамның не үшін ашуланатынын түсіндім. Балуанға ең әуелі жылдамдық, шапшаңдық, ептілік қажет. Айтылған ақылға құлақ түріп, көрсетілген әдісті әп-сәтте қағып алмаған спортшы боз кілемде шұғыл шешім қабылдай алмай, кібіртіктеп қалуы мүмкін. Ал оның ақыры немен тынатыны белгілі ғой.

Ушаралдан Өскеменге аттануы

Алакөл өңірінің балуандары белгілі бір межеге жеткенен кейін Өскеменге барып даярлануды сол жылдары дағдыға айналдырған еді. Шығыс Қазақстан облысының орталығына қоныс аударғанда мен де Жанәділ Атаевтың қол астында жаттықтым. Ол кісінің біліктілігі еш күмән туғызбайды. Атаевтің «шекпенінен» талай мықты балуандар шықты. Мен де Жанәділ ағадан көп нәрсе үйрендім. Ол кезде самбодан жеңіл салмақтағы жастар арасындағы әлемнің екі дүркін чемпионы Ержан Омарбаевтің даңқы дүркіреп тұрған. Рүстем оған үнемі сол жігітті үлгі ететін. Жаттығудан кейін ол: «Егер әлемдік деңгейдегі балуанға айналғың келсе, Омарбаевты ұтуға тиіссің. Оны жеңген күні ғана сол мақсатқа жете алатыныңа сенетін боламын», – деп мені қайрайтын. Ол кезде Ержанды ұту мүмкін емес еді. Десек те Омарбаевтің деңгейіне жету үшін Айдын көп тер төкті. Бірте-бірте иық тіресе бастадық. Аздыған табыстарға қолы жетті. Айдын 1996 жылы самбодан жастар арасындағы ел біріншілігінде бас жүлдені олжалағанан кейін дзюдоға ауысты.

Дзюдоға ауысуы

Тоқсаныншы жылдардың бел ортасында көптеген белді самбошылар дзюдоға ауысып жатты. Өйткені, жапондар ойлап тапқан күрес түрі Олимпиада бағдарламасына енген. Ал барлық спортшының арманы – Олимпиада ойындарында бақ сынау. Сол арманның жетегімен Айдын дзюдо үйірмесінің табалдырығын аттады. Сөз орайы келгенде, оның мықты дзюдошы болып қалыптасуыма жоғарыда есімдері аталған азаматтардан бөлек, сол жылдары Өскеменде жаттыққан алдыңғы толқын ағалармыз көп үлес қосқанды. Атағы алысқа тараған Руслан Сейілханов, Ержан Омарбаев, Сержан Омаров сынды белді балуандардан көп нәрсе үйренді. Оның үстіне 60 келі салмақта елішілік жарыстардың өзінде бәсекелестік өте күшті болды. Сол жылдары Нұрбол Сүлейменов, Базарбек Доңбай, Қасым Табылдинов, Бақытжан Әбдікәрімов, Ержан Омарбаевтың тегеуіріне төтеп беру оңай іс емес еді. Кейіннен қатарымызға Берік Жетпісбаев пен Ерлан Сіләмбаев сынды сайдың тасындай жігіттер қосылды. Сондай мықтылармен бәсекелес болуға тура келді. Соның арқасында тәжірибе жинады, шеберлігін шыңдалды.

1996 жылы ересектер арасында ел чемпионы атанды. Сол жылы жастар арасындағы әлем біріншілігіне аттанып, жетінші орынды қанағат тұтты. 1997 жылы Қазақстан чемпионатының ақтық сынана дейін алқынбай жеткеніммен, шешуші тұста Нұрбол Сүлейменовтен ұтылып, күміс жүлдегер атанды. 1998 жылы Мәскеуде өткен аса ірі халықаралық турнирде қола медальді еншіледі. Сол маусымда Канадада жалауы желбіреген студенттердің әлем біріншілігінде бесінші орынға табан тіреді. Басқа да ірілі-ұсақты жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүрді.

Қырғыздар құрамасына ауысуы

Сидней Олимпиадасының қарсаңындағы жарыстарда Айдын өзінің мықтылығын түбегейлі дәлелдей алмады. 1999 жылы Қарағандыда өткен Қазақстан чемпионатында сәтсіздікке ұшырады. Содан кейін «Олимпиадаға барсам» деген асқақ арманымен қош айтысуға тура келді. Негізі ол жауапты жарыстар қарсаңында тым көп салмақ қуатын. Кейде тіпті 10-12 келіден арылуға тура келеді. Соның салдарынан Олимпиада қарсаңындағы жауапты жарыстарда кеңінен көсіле алмады.

Олимпиадаға қатысу мүмкіндігінен айырылған спортшының көңіл-күйі жайсыз күндердің бірінде Қырғызстанның танымал бапкері Тұратбек Құлыбаев тосын ұсыныс жасады. Бір қызығы, айыр қалпақты ағаны Айдын Қазақстанның ішкі жарыстарында жиі көретін. «Ол кісі бұл жерде не істеп жүр екен?» деген ой да келген. Қырғыздар арасынан намыс туын биік ұстайтын білекті балуандар табылмағаннан соң Тұратбек аға Қазақстанға келіп, өзіне шәкірт қарайластырып жүр екен. Бішкекте өткен Орталық Азия ойындарында ол кісінің Айдынға және 73 келі салмақта күресетін Сағдат Садықовқа көзі түсіпті. Қазақстанның ұлттық құрама командасына екеуінің де іліге алмағанын білгеннен кейін «Бізге кел» деген ұсыныс айтты. Алғашында Айдын мен Сағдат біраз абыржып қалды. «Өз – елім, өзімнің – Отаным тұрғанда, өзгенің намысын жыртқаным қалай болар екен?» деген ой да келді. Содан ағаларымен ақылдасты. Олар: «Ұлттық құрамаға алмағаны үшін сен кінәлі емессің. Қырғыздар қиылып сұрап тұрса, тартынудың реті жоқ. Біле білсең, жат елге кетіп бара жатқан жоқсың. Іргеміздегі қырғыздар – өз ағайындарымыз. Қазақтың бір азаматы бауырлас мемлекеттің даңқын шығарып жатса, несі айып. Есіңде болсын, спорттық ғұмыр қысқа. Оның үстіне, Олимпиада ойындары күнде өтіп жатқан жоқ. Енді төрт жылдан кейін ғаламдық жарысқа бару-бармауың белгісіз. Сол себепті мүмкіндігіңді қалт жіберме», – деп кесімді сөздерін айтты. Бұл шешімге біздің бапкерлер де, басқалары да қарсы болмады. Сөйтіп, Сағдат екеуі 2000 жылы Сиднейде алауы тұтанған Олимпиада ойындарында Қырғызстанның туы астында өнер көрсетті. <ref>[1]</ref>

Сидней 2000

Айдын алғашқы бәсекені Аргентина балуанына қарсы өткізді. Оны еш қиналмай, таза ұтты. Екінші кездесуде бразилиялық Манола Пулоға есе жіберді. Негізі оны ұтуға болатын еді. Бәсеке басталған бетте «диірмен» әдісін жасады. Төрешілер бұл тәсіл «юко» ұпайымен бағалады. Айдын көп ұзамай тағы бір әдіс орындауға бел буды. Сол кезде екеуі боз кілемге бірдей құлады. Татамидегі қазы істің ақ-қарасын ажыратпай, жеңісті Пулоға беріп жіберді. Бұл жеңіліс Айдынды алтыннан айырды. Одан кейінгі бәсекелерде қарсыластары бас көтеруге жарамады. Ресей, Молдова және АҚШ дзюдошыларын «иппонмен», яғни таза ұтты.

Қола үшін таласта қарсыласы Өзбекстанның беткеұстар балуаны Әлішер Мұхтаров еді. Осы оқиғадан бір жыл бұрын Алматыда өткен Санжар Жандосовты еске түсіруге арналған халықаралық турнирде екеуінің жолы қиысқан болатын. Сол жарыста «қылқындыру» тәсілін қолданған Мұхтаров Айдынды сан соқтырып кетті. Татамиге шығар алдында командалық әріптесі Сағдат Садықов қолдау көрсетіп, Қазақстанның ұлттық құрамасының бас бапкері Бостан Жаңбырбаев ағалық ақылын айтып, намысын жаныды. Қазақстаннның басқа да балуандары мен бапкерлері келіп, сәттілік тіледі. Шамамен кездесудің үшінші минуты болса керек, Мұхтаров іштен ілуге әрекет етті. Айдын оның алдын орауға бекініп, әп-сәтте «диірмен» әдісін қолданды. Қарсыласым қос жауырынымен жерге құлады. Төреші «иппон» деп айғай салды. Өзбек дзюдошысы біресе Айдынға, біресе төрешіге жалтақ-жалтақ қарағады.

Сиднейде Айдын күресіп болғаннан кейін ала тақиялылар байбалам салыпты. Өзбек бапкерлері: «Айдын Смағұлов – Қазақстанның азаматы. Оның Қырғызстанға еш қатысы жоқ. Олар халықаралық дзюдо федерациясы бекіткен ережені бұзып отыр. Сол себепті жеңіс біздің балуанға берілуге тиіс» деп шағым түсіруге бекінген екен. Сол кезде қарсыласым азаматтық танытты. Әлішер: «Мен Айдыннан татамидің үстінде, таза бәсеке барысында ұтылдым. Сондықтан да ешкімнің алдына барып арызданбаймын. Оған арым жібермейді. Ондай арзан жолмен келген алтынның маған еш қажеті жоқ», – деп кесімді сөзін айтқан екен. Бұл сөзді естіген өзбектер райынан қайтты.

Қызық ойлар

Кей адамдар Айдынна «Егер қола медаль үшін айқаста өзбек Мұхтаровпен емес, қазақ Доңбаймен кездескенде не істер едің?» деген сұрақты жиі қояды. Әрине, әр спортшының түпкі арманы – Олимпиада ойындарында атой салу. Айдын да Сиднейдегі ойындарда жүлдеге қол жеткізуді мақсат тұтты. Алланың қалауымен ол арманым орындалды. Ал егер Базарбек екеуінің жолы қиысқанда, Айдын оған еш ойланбастан жол берер еді. Өйткені, Доңбай қазақтың намысын қорғады. Ол болса, өзге елдің туы астында өнер көрсетті. Ондай жағдайда кеудесінде намысы бар әр азамат мемлекеттің мүддесін бәрінен де жоғары қоюға тиіс - дейді Айдын.


Марапаты

Қырғыз мемлекет басшысы Асқар Ақаев Айдын кеудесіне «Даңқ» орденін тақты.

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}