Адам құны

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

09:26, 2017 ж. сәуірдің 22 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Адам құны - принциптік және нормалық мәнді әдеттік құқық санат болып табылады.


Дәстүрлі ғұрыптық құқықта адамның жазым болған, мертіккен дене мүшелері немесе өлімге душар еткені үшін айып-кер тарапынан төленетін айып мөлшері. Оның мәні мен құқықтық механизмі әдет-ғұрып заңдар жинақтары - Жарғыларда негізделген. Академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның пайымдауы бойынша, Қасым ханның қасқа жолында қылмыс пен әскери іске қатысты жақтарында құн мәселесі арнайы қарастырылған. Ол Есім хан заманында да шариғат қағидаларынан алшақ, билер дәстүрінде сақталған. Жоңғар шапқыншылығы заманында құн дауына қатысты баптар қосылған. Есім хан заманында ердің құны бай-кедей, жас-кәрісіне қарамастан жүз жылқы, алты жақсы деп белгіленген. Адам құнын төлеу кезінде алдымен күн төлетушінің жағынан бірнеше туысқандарын шақырып, оларды төленетін күнмен таныстырып, оны бір немесе бірнеше жылда алуға болатындығы айтылады, мұны сүйек құн деп атаған. Қайтыс болған адамның сүйегі туған-туысқандарының қолына тимесе, сүйек құны талап етілген. Ал, төбелес кезінде аты өлтірілсе, оның белгісі ретінде құн төлеушінің атының құйрығы кесіліп, шолақ ат мінгізілген. Көшпелі ортада, Қара қанды шолақ ат деп аталатын бұл жазаның түрінің құқықтық әсерінен көрі этикалық әсері салмақтырақ болды.


Сондай-ақ, ертеде адам өліміне байланысты қара нар, қара кілем төлемі құнға қосымша берілді. Оның атқарылу жосыны - қара кілем жабылған түйеге өлген адамның мәйіті артылып, жерлеуге апарылды, ал, қазаға жиылған туысқандары жыл бойы қара тон немесе қара киімдер киіп, қаза болған адамның әйелі сары жаулық тақты. Бұл рәсімнің де айыпкер мен оның ортасы үшін моральдық-этикалық ауыртпалығы үлкен болды. Орыс деректері бойынша 1865 жылы кіші жүзде ер адам құны - 1000 қой немесе 100 жылқы немесе 50 түйеге бағаланды. Бұл құнның түрі алтыжақсы деп аталды. Яғни бұл құнға кез келген мал емес, тек тандаулы мал ғана алынды. Ал, қара құн деп аталатын құнның өтеуіне мал арнайы таңдалмаған. Кейбір деректерде, қазақ қауымындағы айырықша беделді адамдардың құны өте жоғары бағаланды. Мысалы, бір фольклорлық дерек бойынша, Жәңгір ханның құны бір миллион мал басына теңестірілген (алайда, төленуге тиісті малдың түрі нақтыланбаған). Әйел құнын ежелгі қазақтар ер құнының жартысына бағалады. Яғни әйелдің құны 500 қой, 50 жылқы, 25 түйеге тең болды. Сонымен бірге, айып пен құнның мөлшері қарсы жақтың тиісті адамдарының шеккен зардабының сипатына және мөлшеріне байланысты болды. Егер айыпкердің қандай да болсын құн немесе айып төлеуге шамасы келмесе, оны бүкіл ру-қауым болып көтеруге тиіс болды. Мұны ағайыншылық институтына негізделген «У ішсең руыңмен» деп келетін мәтел-принциптің құқықтық қатынас саласындағы көрінісі деуге болады.<ref>Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. - Алматы: DPS, 2011. - ISBN 978-601-7026-17-2</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}