Шу-Сарысу уран провинциясы
Шу-Сарысу уран провинциясы – Қазақстан аумағындағы ірі уран кен орындарының бірі. Мұнда 19 кен орны шоғырланған. Созақ ауданы жеріндегі уранның кенденуі мезозой, кайнозой түзілімдерінде жатыр. 1957 жылдан игеріле бастаған. Қазақстандағы уран кентастарын іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізетін «Волковгеология» кәсіпорынның барлау жұмыстары нәтижесінде уран кені қоры жағынан дүние жүзінде алдыңғы орындардың біріне шығып отыр. Провинциядағы ірі кен орындары: Мыңқұдық, Ыңқай, Буденновское, Мойынқұм, Қанжуған, т.б. Қыземшек (бұрынғы Степное) кентінде бірнеше геологиялық экспедициялық партиялар және Қазақстандағы уран өндіретін ірі шахта басқару мекемесі бар. Таукент кентінде уран өндірумен айналысатын ірі кен өндіру және өңдеуші кәсіпорындар жұмыс істейді.