Совет Исатаев

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу
Сурет:Исатаев.jpg
Совет Исатаев
Совет Исатаев (1932 ж. т.), физик-математик, ғалым, физика-математика ғылымдарының кандидаты (1959), профессор (1990). Қарқаралының түлегі. ҚазМУ-ді бітірген (1955). 1958 жылдан ҚазМУ-де ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор. 1969 - 1972 жылы физика факультеті деканы, кейіннен кафедра меңгерушісі. Көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Стандарттау және өлшем құралдары жөніңдегі нормативтік құжаттардың міндетті талаптарын қадағалау жөніндегі бас мемлекеттік инспектор.<ref>Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 2006. ІSBN 9965-34-515-5</ref>

Өмірбаяны

Исатаев Совет Исатайулы 1932 жылы наурыздың 23-шi жұлдызында Қарағанды облысының Қарқаралы ауданының “Совет” колхозында колхозшы жанұясында дүниеге келген. 7 жасынан бастап еңбекке араласқан ол Ұлы Отан соғысы жылдарында ауыл ұстасы болып iстедi. 1950 жылы Қарқаралы қаласындағы орта мектептi бiтiрген соң Алматыдагы С.М. Киров атындағы ҚазМУ—дiң физика-математика факультетiне (физика бөлiмі) оқуға түседi. Студент кезiнде өзiнің табиғи алғырлығы мен бiлiмге деген құштарлығы арқасында сол кезде факультетте жұмыс iстеген, Қазақстанда жылу физикасы ғылымының негiзiн салушы iрi ғалым Л.А.Вулистiң көзiне түсiп, iлтипатына ие болады және осы кезден ғылыми жұмыстарға араласа бастайды. Университеттi тәмамдағаннан кейiн ҚазМУ-дiң күндiзгi аспирантурасында қалдырылып, Л.А.Вулистiң жетекшелiгiмен 1959 жылы диссертация қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты дәрежесiне ие болады.

1958 жылдың қараша айынан бастап С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттiк университетiнiң физика-математика факультетiндегi қызметiн бастайды: 1958 жылы-ассистент, 1959-1961 жылдары —аға оқытушы, 1963 жылдан бастап - доцент. 1990 жылы ғылыми және педагогикалық жұмыстардағы жетiстiктерi үшiн Исатаев Совет Исатайұлына ССРО ЖАК шешiмiмен профессор атағы берiлдi.

1969-1972 жылдары С.М.Киров атындағы мемлекеттiк университетте физика факультетiнiң деканы қызметiн атқарды. Факультетке жетекшiлiк еткен жылдарда Исатаев С.И. физика факультетiне талантты қазақ жастарын тартуда ауқымды жұмыстар атқарды. Совет Исатайұлының жол сiлтеуiмен физика факультетiнiң көптеген түлектерi Одақтың жоғары оқу орындарына аспирантураға жiберілдi. Аспирантураны бiтiрген соң олар факультеттiң оқытушылық және ғылыми жұмыстарына араласады. Факультетке жұмысқа шақырылған сол көптеген оқытушылар мен аспиранттар қазiргi кезде физика саласындағы жетекшi ғалымдар қатарында: мысалы, ҚР ҰҒА академиктері, профессорлар Әбдiлдин М.М., Бәйiмбетов Ф.Б., Сәрсембинов Ш.Ш., ЖМ ХҒА академигі Қожамқұлов Т.А. және басқалар.

Исатаев Совет Исатайұлы жоғары бiлiкті ғылыми мамандар дайындауға көп көңіл бөлiп келедi. Оның тiкелей жетекшiлiк етуiмен 21 аспирант кандидаттық диссертация қорғады, олардың алтауы бүгiнде ғылым докторлары.

Исатаев С.И. теориялық және қолданбалы механика бойынша барлық Бүкiлодақтық съездерде, жылу- және массаалмасу бойынша өткiзiлген Бүкiлодақтық және Халықаралық симпозиумдарда, турбуленттiлiк мәселесiне арналған JUТАМ Халықаралық симпозиумдарында құнды ғылыми баяндамалар жасаған. Оның эксперименттiк зерттеулерiнiң нәтижелерi көптеген авторлардың аэродинамика және жылумассаалмасу саласындағы монографиялары мен оқулықтарына ендi.

Бүгiнде Исатаев С.И. эксперименттiк аэродинамика және жылу физикасы саласында iрi мамандардың бiрi болып саналады. Ол —көлденең өлшемдерi шектеулi ағында орналасқан цилиндр мен шарды орай ағудың аэродинамикасын алғаш зерттеген ғалым. Бұл жұмыстарда ағыс қимасындағы бөгет көрсеткiшінің дене кедергiсi мен дененiң жылуалмасуына үлкен әсерi болатынын анықтады. Ұштары сфера болып келетiн қысқа цилиндрлердi бойлай және көлденең орай ағу құбылыстарын жүйелi түрде эксперименттiк зерттеулер нәтижесiнде өлшеулерi шектеулi денелердiң аэродинамикасы мен жылуалмасуының жалпылама заңдылықтары тағайындалды.

С.И. Исатаев геометриялық пiшiнi әр түрлi денелер бойымен қозғалатын ағыншалар мен қабырғалық ағыншаларды терең зерттедi. Осы зерттеулер нәтижесiнде жазық, цилиндрлiк және конустық беттер бойымен ағатын қабырғалық ағыншалардың жалпылама заңдылықтары алынды. Исатаев С.И. турбуленттілiктiң, турбуленттiк ағыншаның бастапқы бөлiмiнде дискреттi iрi масштабты құйындардың пайда болуы арқылы дамитынын және бұл құйындардың өзара әрекеттесiп, ағыншаның төменгi жағында кiшi масштабты құйындарға бөлiнiп кететiнiн эксперимент жүзiнде алғалшқылардың бiрi болып көрсеттi. Совет Исатайұлы тiкбұрышты қималы соплодан шығатын дыбыс жылдамдығына дейiнгi және асқын дыбысты ағыншалар заңдылықтарын сопло жақтарының қатынастарын кең ауқымда өзгерте отырып зерттедi және осы ағыстардың жалпылама заңдылықтарын тапты.

Тiк бұрышты соплодан ағып шығатын ағынша мен қысқа цилиндрді көлденең орай ағатын ағыншаның ық жағындағы пiшiнiнiң деформациялануына ағынша мен дене ығында дамитын iрi масштабты құйындар үлкен әсер ететiнiн анықтады.

С.И. Исатаевтың 240-тан астам ғылыми еңбектерi жарық көрдi, оның iшiнде: “Аэродинамика и теллообмен криволинейных тел”- (“Ғылым” баспасы, Алматы, 1996. 438 бет) монографиясы және 8 оқу -әдiстемелiк құралдары бар. Ол-ҚР Министрлер Кабинетi жанындагы Терминком бекiткен физика және астрономия саласы бойынша қазақша-орысша және орысша -қазақша терминдiк сөздiктің (Рауан баспасы, Алматы, 1999, 295 бет) авторлық ұжымының жетекшiсi.

Студент кезiнде, 1953 жылы Исатаев С.И. Қазақстанда тұңғыш оқу жұмыстарына арналған аэродинамикалық құбыр жасады, ал 1959 жылы дыбыс жылдамдығына дейiнгi үлкен аэродинамикалық құбыр жасады. Бұл аэродинамикалық құбыр Қарағанды мемлекеттiк университетiне сыйға тартылған, онда осы күнге дейiн оқу және ғылыми жұмыстары жүргiзiлуде. 1980 жылдары Совет Исатайұлының жетекшiлiгiмен жасалған асқын дыбысты аэродинамикалық құбыр бүгінде студенттер мен аспиранттардың игiлiгiнде.

Исатаев С.И. өз шәкiрттерiмен бiрiге отырып, ССРО-ның көптеген ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарына енгiзiлген турбуленттiк ағыстардың құрылымын зерттеуге арналған ғажайып прибор-термоанемометрлiк жүйенi жасады. 30 жылдан астам уақыт Исатаев С.И. ракеталық-космостық техниканың Бас конструкторы академик С.П. Королевтың “П/я-В8685” Бас институтының тапсырысымен қомақты ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқарды. Осы зерттеулердiң негiзiнде физика факультетінде университеттiң барлық факультеттерiн және Алматы қаласы мекемелерiн сұйық азотпен қамтамасыз ететiн криогендiк лаборатория құрылды. Осы аталған лаборатория негiзiнде факультетте жаңа мамандану “Төмен температура физикасы” ашылды.

Исатаев С.И. Қызыл-Орда облысында «Қорқыт» темiржол разьезінiң жанында 1979 жылы салынған Қорқыт ата ескерткiшiне қойылған музыкалық құрылғының (жел қобыз) авторы.

С.И. Исатаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң гидродинамика, жалпы физика және жылу физикасы кафедрасының эксперименттiк базасын ұйымдастырды. Ол – жалпы физикалық практикумның молекулалық физика бөлiмiнiң лабораториялық қондырғылар топтамасының авторы. Бұл қондырғылар әл-Фараби атындағы ҚаЗҰУ-нiң эксперименттік-өндiрiстiк орталығында көбейтiлiп, Республика жоғары оқу орындарына жiберiлiп отырады.

Исатаев С.И. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нiң жалпы физика кафедрасын 1979 жылдан 1994 жылға дейiн басқарды, ал 1994 жылдан бастап жылу физикасы және молекулалық физика кафедрасының меңгерушiсi қызметiнде болды.

Дереккөздер

<references/> Үлгі:Stub:Қарағанды облысы: Энциклопедия Үлгі:Wikify