Сексеуіл (1, 2)

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

Сексеуіл (1, 2)неолит және энеолит дәуірлерінің тұрақтары, Қызылорда облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археологиялық ескерткіш.

Орналасқан жері

Арал ауданы Сексеуіл бекетінен солтүстікке қарай 6-8 км жерде.

Сипаты

Б.з.б. IV-II-мыңжылдықтың басында, алғашқы қола дәуірінде болған қоныс орны. Зерттеу жұмыстарын 1938 жылы Л.И. Боровлев, 1944 жылы Г.А. Яншин басқарған геологиялық топ, 1955 жылы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (жетекшісі С.П. Толстов) ашып, зерттеген.
Тұрақтан тісті қалыппен өрнек түсірілген түбі дөңгелек құмыра сынықтары, сүңгі, найза мен жебе ұштары, тас түйреуіштер, тас жаңқадан дайындалған қырғыштар, трапеция пішіндес қыстырмалар, бір шетті қырғыштар, тескіштер, түзетілген пышақ тәрізді тас тіліктері, ұлутастан жасалған әшекейлік бұйымдар, т.б. заттар жинастырылған.
Жебе ұштары екі жағынан қысып түзету арқылы мұқият өңделген; олар ойықтау сағалы, қалақша бітімді келеді. Сондай-ақ найза мен сүңгі ұштары табылған. Сексеуіл ескерткіштерінен мал сүйектері көп шыққан. Олардың 80%-ы қолға үйретілген мал сүйіктері екендігі анықталған. Бұл Қазақстан аумағын мекен еткен байырғы тұрғындардың неолит дәуірінде өнім өндіруге көшкендігін аңғартады.<ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер