Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы (1882, Қызылсу ауылы – 1942, Ресей, Красноводск қаласы) — Байұлы тайпасы Адай руының Бәйімбет бөлімінен шыққан діни ғұлама, ғалым-геолог, алаш қозғалысының мүшесі.

Өмірбаяны

Әкесі Тұрмағанбет шағын дәулетті, діни мектебі бар, ахун болған адам. Алғашқы сауатын әкесінің мектебінен ашып, 10–11 жасында Көне Үргеніште, 1895–1897 жылдары Хиуа, Бұқарадағы медреселерде оқыған. 1897–1900 жылдары Бомбей қаласында арнайы инженер білім алған. 1900–1903 жылдары қысқа мерзімдік оқулармен Түркия, Иран, Германия елдерінде білімін жетілдірген. Оразмағанбет сол кездегі қазақтардан шыққан кен саласындағы алғашқы ғалым. 1903 жылы ауылға келіп, балаларға араб әліппесінен дәріс берді. 1919 жылы ағайындарға асар айтып, Қызылсу ауылында мектеп-медресе салдырады. Бұл мектепте арнайы дәрісхана және кітапхана бөлмелері болған. Онда балалар 1930 жылға дейін оқыған. 1926 жылы Адай уезінің бас имамы Бәли Нұрнияз ахун қайтыс болғаннан кейін Түпқараған болысындағы ауылдарға имамдыққа тағайындалады. 1935 жылы Кеңес үкіметінің қыспағынан қашып, Иранға қоныс аударды. 1937 жылы тамыз айында МҚК тыңшылары тұтқындап, Ашғабад қаласының түрмесіне қамайды. 1938 жылы 29 қыркүйекте КСРО Жоғары Әскери коллегиясы «хауылылық жауы» деп ұйғарып, мал-мүлкін тәркілеп, өзін ату жазасына бұйырды.<ref> Ә. Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан, «ответы с прокуратуры Туркмении» ВФ-3850/1-3</ref><ref>Большая советская энциклопедия / ред. А.М. Прохоров, Н.К. Байбаков, А.А. Благонравов. - М.: Советская Энциклопедия; Издание 3-е, 1969. - 771 c.</ref><ref>Оразмағамбет / Құр.: Ө. Озғанбай, Т. Шадықұл. – Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 1997. – 174 б.</ref>

Білімі

10–11 жасында Көне-Үргеніште 1895–1897 жылдары аралығында Хиуа, Бұқарадағы медреселерде оқыған.

1897–1900 жылдары Бомбей қаласында арнайы «инженер-геолог» білімін алған қазақтан шыққан тұңғыш геолог.

1900–1903 жылдары қысқа мерзімдік оқулармен Түркия, Иран, Германия елдерінде білімін жетілдірген.<ref>Түрікменстан ҰҚҚ (КГБ), Іс 8754, 32–33 бб.</ref>

Қызметі

Маңғыстау түбегінің жер асты байлықтарын зерттеуде 1890–1911 жылдар арасында С.Н. Никитин, А.С. Берг, Н.И. Андрусов т.б. ғалымдар экспедициялар жүргізіп, өлкеде кен байлығының мол қоры бар екендігін анықтады. Осы кезде ел жағдайын жақсы білетін Оразмағамбет ғалымдардың экспедицияларымен тығыз байланыста болды. Оған дәлел, Н.И. Андрусовтың шәкірті М.В. Баярунаспен бірлесіп атқарған жұмыстарын атай аламыз. М.В.Баярунас Маңғыстауда кен іздеу барысында Қызылсуда болып Оразмағамбетпен танысып, үш жыл соның көмегімен түбек байлығын түгел зерттеп шығады. Сонымен қатар Уфа мұнай базасында, Нефтдаг мұнай кәсіпшілігінде, Красноводск портында шетелдік мамандармен (негізінен ағылшындармен) бірігіп жұмыс жасайды.<ref>Ә. Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан, КП-6399/9</ref><ref>Ә. Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан, КП-6399/2</ref>

Қоғамдық саяси қызметі

Ол қазақ зиялылары Б.Қаратаев, А.Байтұрсыновтармен тікелей байланыста болып, өзі де алаш қозғалысына белсене араласты. О. Тұрмағамбетұлының өмірінің соңғы жылдары ауыр өтті. Елде болып жатқан жағдайларға байланысты 1935 жылы Иран еліне кетіп, 1937 жылы Түркменстан, Ашхабад қаласы түрмесіне ұсталып әкелінеді. Бүгінгі таңда қолға жеткен архив мәлеметтері бойынша 1937 жылдың 29 қыркүйегінде КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының жабық сот мәжілісінің протоколында «О. Тұрмағамбетұлы «Алашорда» ұлтшыл-көтерілісшіл ұйымының мүшесі бола жүріп, жапон барлаушыларының тапсырмасы бойынша Түркмения аумағында шпиондық-бүлікшіл жұмыстарды ұйымдастырды және басшылық етті, басқаша айтқанда, Түрікмен КСР-і қылмыстық істер кодексінің 54-1, 54-2, 54-6, 54-4, 54-11 баптары бойынша қылмысты деп танылып, ең жоғарғы жазаға – ату жазасына кесілді» деп көрсетіледі. Сонымен қатар, белгілі жазушы Ә. Спан өзінің 1996 жылы 17–22 қазан аралығында Ашхабад қаласына жасаған сапарында Красноводск қаласы ЗАГС орнынан берілген О. Тұрмағамбетұлының өлімі жайында құнды құжатты елге жеткізді. 1963 жылы 28 қазан күні берілген «№191977 Өлімі туралы» құжатта О. Тұрмағамбетұлының 30. 10. 1942 жылы 61 жасында өз өлімінен қайтқандығы туралы жазылған. Ол 1963 ж. ақталды. Қазір ахун туралы естеліктер жазыла бастады. Соның бірі Ө.Озғанбай мен Т.Шәдіқұл құрастырған «Оразмағанбет» топтамасы (1997). Оразмағамбеттің Мұхаммед, Шарғи, Панар, Жазила, Қазина деген балалары болған, олардан тараған ұрпақтар қазір Иранда тұрады. 2007 жылы Оразмағамбеттің 125 жылдық мерейтойы облыс көлемінде аталып өтілді. Белгілі ғалым, діни қайраткер туралы О.Көшбайұлының «Дала данасы» атты кітабы жарық көрді.<ref>«Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы (10 томдық), Алматы, 1998 – 2007.</ref><ref>Дала данасы. Құр.: О. Көшбайұлы. – Алматы: из.д «Таймас», 2007. – 256 б.</ref><ref>Ә. Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан, КП – 6399.</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер