Ақтау қалашығы
Үлгі:Көне қалашық Ақтау қалашығы – Солтүстік Қазақстан облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археология ескерткіші.
Мазмұны
Орналасқан жері
Петропавл қаласынан солтүстікке қарай 3 км, Есіл өзенінің оң жақ биік жағалауындағы мүйісте орналасқан.
Қалшықтың жоспарлық құрылысы
Бекініс үйіндісі 1616 жылы Тобыл әскер басы жазған жазбада аталған "Ақ қалашық" болуы да мүмкін. Ақтау көне қалашығы – Петропавл қаласынан көп уақыт бұрын, б. з. д. V-III ғасырларда, Есіл өзенінің жағасында, орманды-далалы алқаптың оңтүстік жиегінде пайда болған бекініс. Бұл археологиялық Тасмола мәдениетіне кіретін көне тайпалардың ең солтүстіктегі форпост.
Жер көлемі 1700 м2 ескерткіш толығымен қазылған. Мүйістің үшбұрышты алаңқайында дала жағынан доға тәрізді қорғаныстық бекініс желісі бар 10 үйдің орны ашылды. Қазіргі кезде ұзындығы 63 м, биіктігі 0,3-0,4 м және ені 7-9 м әрең байқалатын оры бар бұл үйінді мүлдем топыраққа айналып кеткен. Екі шеті мүйістің тік беткейіне барып тірелген. Оның орта тұсы аздап ойыс түсіп жатқаны байқалады, бұл қазба жұмыстары кезінде айқындалған.
Бекініс орны оны таңдау мен тұрғызуда ертедегі сәулетшілер барынша табиғи қорғаныс жағдайын пайдаланылғанын көрсетеді. Осы мүйіске қызыққан олар оның дөңгеленіп сыртқа шығып тұрған ең үнемді бөлігін оңайлықпен аяқ жете қоймайтын бекініс жасаған. Тұрғындарды екі жақтан бөренелердің едәуір биік және тік беткейлері қорғап тұрды, ал үшінші жағына, далаға қараған берік қорған-қалқан тұрғызылды.
Ескерткіштің жоспарлық құрылымы өзінің жүйелілігімен, ыңғайлылығымен таңдандырады. Ауылдар мен бекіністер арнайы жоспармен жоба бойынша жасалған деген ой келеді, өйткені оның барлық бөліктері соншалықты елеп-ескеріліп істелінгені байқалады.
Қалашықтағы ауыл құрылысы, көшелері мен үйлері
Ауыл жоспарының композициялық негізі қорғаныс құрылыстардың кешенінен тұрады, оны үйінді-қабырғалар, бірнеше үй доға тәрізденіп келіп түйісетін, сыртында оры және сыртқы қорғаныс құрылғылары бар қорғаныс құрылысының жүйесін құрайды. Тұрғын үйлер бір-біріне барынша тақай салынған. Оның жоспары сондай-ақ қорғаныс мақсатына бағындырылған. Бөлектеніп және үйінді-қабырғалардың доға тәрізді сызбасын қайталап тұрған үйлердің солтүстік қатары айрықша көзге түседі. Басқа құрылыстардан өзен арнасына параллель қалыпта созылып жатқан бірқатар екі камералы тұрғын үйлер бөлініп шығып тұр.
Ауылдың композициялық құрылымында үйлердің үш қатары: шығыс, орталық және бір бөлігі ғана сақталған батыс қатары бөлек көрінеді. Үйлер бір-бірінен бір-екі метр қашықтықта тұр, "көшелердің" кеңдігі – 4-5 м. Көшелер қалашыққа кірер есік-қақпадан басталады. Олардың бірі оңтүстікке бағытталған және қалашықтың кіреберісіне жақын орналасқан үйлердің арасынан өтіп, орталық қатардағы үйлердің ұзын қабырғаларының бойымен оңтүстік-шығыстан, мүйістің шығыс беткейлерінің маңындағы құрылысы аяқталмаған алаңқайға қарай бұрылады. Екінші көше кіреберістегі үйлерді айналып өтіп, батысқа және оңтүстікке бағытталып бөлініп кетеді. Бекініс жер аумағында мүйістің батыс және шығыс беткейлерінде екі бос алаңқай бар. Мәдени қабаттан табылған бұйымдар шаруашылық мақсатқа пайдаланылған сияқты. Қалашықтың жоспарлық композициясы өзіне ғана тән сынық сызықтық және айналма құрылыс принципі сақталғанын байқатады.
Қалашық құрылысы
Көне қалашықтағы барлық үйлер – жерүстілік типті бір және екі камералы. Бір камералы үйлердің аумағы 26-30 м2. Қалашықтың жер аумағында екі камералы тұрғын үй – төртеу. Әр кешендегі қосақталып біріктірілген құрылыстардың ішінде, біреуі аса ірі мөлшерімен байқалады. Оның үлкен бөлмелерінің алаңы 27-48 м2, кішілерінің алаңы – 12 м2-ден 30 м2Үстіңгі жазу-ге дейін. Көне қалашықтың жер аумағында 10 тұрғын үй қалдықтары ашылды. Олардың бәрі де үйлер. Бағана шұңқырларының болмағанына қарағанда қалашықтағы үйлер 2,5-3,0 м биіктікте ағаштан қиып салынған. Үйдің төбесі, тегінде жалпақ немесе бір беткейлі шатыр. Бұл Ақтау көне бекінісі құрылыстарының негізгі бөлігі көп функционалды болғанымен байланысты: үйлер тұрмысқа ғана арналған емес, бекіністің қорғаныс жүйесінің құрамды бөлігі де болды. Сондықтан да шатырлар қорғанудың жоғарғы галереясының соғыс алаңы ретінде пайдаланылды. Ол үшін жазық төсеме төбелер аса қолайлы еді.
Тұрғын үйлердің жоспары мен сәулетінде кіреберіс маңызды элемент болып табылады. Көне қалашықта олардың екі типі болды: дәліз тәрізді үйдің ішіне ендеп кіретін кіре беріс және жапсырма дәліз тәрізді кіре беріс. Ұзын дәліз тәрізді кіре берістер қола дәуірінен бері белгілі, олардың пайда болуы қатаң климат жағдайымен және жылдың суық мерзімінде жылуды сақтау қажеттілігімен байланысты еді. Мұндай кіре беріс түтін шығатын мұржа, ошақтың тарту жолы, интерьердің шаруашылық жағын ұйымдастыру элементтері ретінде пайдаланылуы мүмкін. Ошақтар арқылы үй жылытылды.
Ошақтар
Ошақтар үй интерьерінің басты негізі болып табылады. Көптеген олжалар да ошақпен байланысты. Ошақтар ашық типті. Асүйдің міндетті түрдегі құрылғысы ыдыстарға арналған ойықтар болып табылады. Ошақтардың қасында күлге толы жіңішке орлар табылды. Олардың кейбіреуінен ұқыптап қойылып, мойнына дейін күлге көмілген ыдыстар табылды. Осыған қарап, ойықтар тек күресінге арналған шұңқыр емес, сондай-ақ дайын асты ысыту үшін де пайдаланылатын құрылым ретінде қызмет еткенін аңғаруға болады. Этнографиядан белгілі болғанындай, мұндай күл толтырылған шұңқырлар бетіне мал терісі төселіп, қыс кезінде жылы орын ретінде пайдаланылғаны белгілі.
Қорғаныс құрылыстары
Қорғаныс құрылыстары кешенінің негізі – "дуал-қабырға". Түрі және құрылымы жағынан ол доға тәрізді созылып жатқан жай ғана үйінді емес, ағаштан берік тірек-қаңқа тұрғызып, іші топырақпен толтырылған, бірнеше блок-секциялардан құралған құрылым.
Дуал-қабырғаның бірыңғай сілемі кіре беріспен тең емес екі бөлімге бөлінген: батыстағысының ұзындығы – 32 м және ол 3 секциядан тұрады, шығыс телімінің ұзындығы – 20 м, ол екі блок-секциядан тұрады. Кіре беріс алдында дуал орнықпаған, ені 5-7 м кеңістік тасталынған.
Бекініс қабырғасының әр секциясына бір тұрғын үй қабысып тұр. Қорғаныс сипаттамадағы қажеттіліктен дуал-қабырғалардың батыс және шығыс қанаттары архитектура жағынан кейбір айырмашылықтарын байқауға болады. Бекініс жүйесінің шығыс телімі аса жинақталған болып көрінеді. Кіре беріс жағындағы бірінші секциясы, үйлердің бір элементтерімен төменгі жағынан қабысқан негізінде формасы – дұрыс емес трапеция тәрізді.
Секция негіздерінің мөлшері – 6-10×4 м. Екінші секцияның білігі біраз орнынан қозғалған. Қорғаныс кешенінің батыс қанаты әртүрлі үш блоктан құралған, олардың ұзындығы 10, 12 және 8 м. Оның құрылысы есік-қақпадан бастап жүргізілген. Фортификациялық бекіністердің құрамына кіретін тұрғын үйлер бір қатар болып созылып жатыр, ұзын жағымен бағдарланған, бәрінің ені бірдей – 4 м және бір-бірінен 3-5 м қашықтықта орналасқан.
Дуал-қабырға
Қабырғасы секцияланып, блоктармен тұрғызылған, оның құрылысы кіре берістен басталған, өйткені дәл осында қорғаныстың маңызды түйіні өткен. Тұрғын үйлер құрылысы да осымен бір мезетте жүргізілген. Дуал-қабырғаның кесіндісіне қарағанда, бекініс қабырғасының астыңғы бөлігі тұтас, берік құрылыс екенін көрсетеді, іс жүзінде, уақытқа қарамастан, сол бойы сақталған. Оның құрамында сұр саздақ және топырақ болумен бірге ағаш та кездеседі. Жекелеген телімдерде қақ жарып ұзыннан жатқызылған бөрене қалдықтары аршып алынған. Қабырғаның әрбір бөлігінің сыртқа шығып тұрған іргесі тікбұрышты (немесе трапеция тәрізді) формада болып, бүкіл құрылымды көтеріп тұрған іргетас болып табылады. Олардың ені – 3-4 м, ұзыңдығы – 8-12 м.
Биік тегіс алаң іргетас шұңқырының алдыңғы жиегін басып жатыр. Ол толық басылып, отырып болғаннан кейін, оның ішіне дуалдың сыртқы шетінен 2,5 м жерден өтетін және қорғаныс қабырғаның белағаш рөлін атқаратын бөренеден шарбақ бекітілетін көрінеді.
Дуал-қабырға құрылымынан екі қабатты байқауға болады. Төменгісі – тұрғын үй құрылыстарымен байланысқан қорғаныс белдеуі. Бұл қабаттың биіктігі үйдің биіктігімен сәйкес келу керек болытын (2,5-3,0 м). Қабырғаның осытік кесіндісінде топырақ бөрене шарбақтың екі жағынан бірдей салынған. Сыртқа қараған жағы беткей тәрізді болып, ал ішкісі – ауылға қараған жағы, тегінде тік болған сияқты. Дуалдың осы қабырғасы мен тұрғын үйдің арасында құрылыс салынбаған дәліз тәрізді ені 1-1,5 м-дей ашық кеңістік қалдырылған, ол ұрыс кезінде тез арада орын ауыстыруға қажетті жолдың және бекініс негізі қызметін атқарады. Үйдің төбесі деңгейінде дуалдың қабырғасынан асыра тасталған жазық төсеме болды. Бұл жоғарғы жауынгер галереясы болды. Тұтас төсеніштің ені 2 м болды, бірақ қажет бола қалған жағдайда бұл атыс дәлізі үйдің үсті есебінен кеңейтілуі мүмкін еді.
Осы соғыс алаңынан деңгейінен жоғары, топырақ тек қана сырт жағынан салынды. Жоғарғы қабаттың биіктігі қорғаушылардың бойын жасыратындай 2 м-ден төмен болмауға тиіс еді. Қабырғаның сыртқы жағындағы топырақ үйіндісі саңылаудың негізіне дейін көтерілген, яғни 1-1,5 м көлемінде, ал одан жоғары бөрене шарбақтың ұштары бой көтеретін. Қорғаныс қабырғасының жалпы биіктігі 4,5-5,0 м болуы мүмкін.
Дуал-қабырғаның ішкі жағы тік, ал сыртқысы – еңісті құлама болды. Оның бүкіл биіктігі бойындағы фасады сазды блоктардан қаланған. Фасады қосымша көлденең қойылған бөренелермен бекітілген болар, олардың қалдықтары ордың жоғарғы жағынан табылды.
Әр блок-секцияның құрылысы кезінде төртбұрышты формасын сақтап қалу және топырақты сілемді едәуір биіктікке (5 м дейін және одан да жоғары) көтеру үшін блоктың дөңбекті қабырғалары ағашпен қапталуы тиіс еді.
Дуал-қабырғаның төменгі жағында тереңдігі 1,3-1,5 м болатын ор қазылды, ол бекініске бірден шабуыл жасауға кедергі келтірді және қабырғаға артықша сыздың келуін болғызбайтын еді. Ордың аздаған астыңғы бөлігі қандай да бір қорғаныстық рөл атқармастан, сыртқа су ағызылатын арық ретінде пайдаланылды. Оның бұл қызметін ескеріп, көктемде бөренелерге қарай жазықтықтан ағып келетін сулар топырақты қабырғаға кері әсерін тигізбейтіндей қалқан-тосқауылдар қойылуы қажет болды. Ордың қабырғалары жауын-шашын суларынан езіліп түспейтіндей ағашпен көмкерілген.
Есік-қақпа
Тактикалық жағынан оның ең осал жері есік-қақпа бөлігі болып табылды, сол себепті оның қорғалуына ерекше мән берілді. Қабырғалар ортасынан өтетін жерде құрылған күрделі лабиринттік бекініс жүйесі – берік бағаналар болғанының ізін байқатады.
Бекіністің есік-қақпа телімі кең сағасымен дәліз және тар тосқауылдық қақпадан тұрады. Ор дөңбектерінің кескініне және бағана шұңқырларының тереңдігіне (0,7-0,9 м) қарағанда, есік-қақпасы бағананың орташа жұбында бекітілген. Есік-қақпаның ені 1,2 м болды. Әрі қарай, өтетін жерді дәліздің ортасында ордың шетінен 1,2 м жерде тұрғызылған ағаш қабырға жауып тұр. Тосқауылға тірелген жау ағыны, шашырай бөлініп, оны екі жағынан айналып өту керек болды. Есік-қақпадан бекіністің ішіне кіретін жері жіңішке дәліз (1,2 м) болып көрінеді, одан тек бір-бірден өтуге мүмкіндік бар еді. Сонымен қатар лабиринттің әр телімі екі жақтан, қорғаушылардың көздеу атыстарының астында қалатын, мұндай жағдай жауға бекіністің ішіне есік-қақпа арқылы кіруіне ешбір мүмкіндік бермейтін.
Сонымен, Ақтау көне қалашығының фортификациялық қамалдың жақсы ойластырған және тиімді жүйесі болды. Қалашықтың ішкі жоспарлануы және сәулеті оның шектеулі мамандықтың міндетін атқаратын бекініс-пана ретінде пайдалануда болғанын куәландырады.<ref>АЛТАЙДАН КАСПИЙГЕ ДЕЙІН. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒИ,ТАРИХИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ МЕН КӨРНЕКТІОРЫНДАРЫНЫҢ АТЛАСЫ. 3 томдық. Алматы. 2011. 1 т.–584 б., карталар, суреттер. ISBN 978-601-280-215-3, ISBN 978-601-280-216-0</ref>