Жезқазған Ботаника Бағы
Жезқазған ботаника бағындағы ғылыми-зерттеулік жұмыстардың негізгі бағыттары: Орталық Қазақстандағы өсімдіктер дүниесін қорғау; пайдалы өсімдіктер түрлерін өсіріп, оның қорын көбейту; басқа жерлерден әкеліп отырғызылған өсімдіктерді жерсіндіру және олардың биологиялық-экологиялық ерекшеліктерін зерттеу; аймақтағы өндіріс орталықтарын көгалдандыру. Бақта жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1,5 мыңдай түрі бар. Соның ішінде ағаш пен бұталардың 350-дей түрі, сәндік өсімдіктердің 470, жеміс-жидек өсімдіктерінің 240, көкөністің 60, осы аймақта өсетін, жойылу қаупі бар эндемик өсімдіктердің 22 түрі өседі. Жезқазған ботаника бағы табиғатты қорғау бағытында Орталық Қазақстанда сирек кездесетін өсімдік түрлерін зерттеу жұмысын жүргізеді. Сондай-ақ Жезқазған қалысын өндіріс қалдықтарымен, шаң-тозаңмен ластанудан қорғауда, елді мекендерді көгалдандыруда, тұрғын халыққа эстетикалық-экологиялық білім беруде бақтың маңызы зор.<ref name="source1">"Қазақ Энциклопедиясы"</ref><ref>Қаныш Сатпаев. Энциклопедия / Бас редактор Б.Ө.Жақып. — Алматы «Қазақ энциклопедиясы», 2011 жыл. ISBN 9965-893-74-8</ref>
Дереккөздер
<references/>