Жер қыртысының типтері

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
23:04, 2025 ж. сәуірдің 25 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

Жер қыртысының типтері. Жер қыртысы құрамы мен қалыңдығы бойынша үшке - континенттік, мұхиттық және өтпелі типке бөлінеді.

Континенттік типті қыртыс

Континенттік типті қыртыс барлық үш қабықтан, яғни шөгінді, гранитті және базальтті қойнауқаттардан тұрады. Олардың жиынтық қалыңдығы 70-80 км-ге дейін жетеді. Шөгінді қойнауқаттың қалыңдығы әдетте 10-15 км-ден аспайды, бойлық сейсмикалық толқындардың бұл таужыныстарда таралу жылдамдығы 1,5-5 км/с. Оның астында қалыңдығы 10-20 км гранитті қойнауқат жатады, мұнда толқындардың таралу жылдамдығы 5,8-6,0 км/с болады. Жер қыртысының ең төменгі бөлігінде жататын базальтті қойнауқаттың қалындығы 40 км-дей, ал оның таужыныстарында толқындардың таралу жылдамдығы 6,0-7,4 км/с болады.

Қойнауқаттарды бөлетін шекара негізінен шағылысқан және сынған сейсмикалық толқындар бойынша қадағаланады. Гранитті және базальтті қойнауқаттардың аралығындағы Конрад беті (шекарасы) әдетте 10-30 км терендікте орналасады. Континенттік қыртыс ерекшеліктеріне таулардың түбірі болуы, яғни жер қыртысы қалыңдығының биік тау жүйелері астында күрт артуы жатады. Мысалы, әлемдегі ең биік Гималай тауларының астында қыртыстың қалыңдығы 70-80 км шамасында.

Мұхиттық типті қыртыс

Мұхиттық типті қыртыс тек қана екі - шөгінді және базальтті қойнауқаттардан тұрып, қалыңдығы 5-10 км-ге дейін азаюымен сипатталады. Жоғарғысы - шөгінді қойнауқат, ол тереңсулық болбыр шөгінділерден тұрады, қалыңдығы жүздеген метрден аспайды. Төменгісі - базальтті қойнауқат, ол негізінен суасты жанартаулары атқылаған өнімдерден тұрып, кұрамында жалпы қалыңдығы 1,5-2,0 км нығыздалған шөгінділердің сирек қабатшалары болады. Қойнауқаттың төменгі жағы қалындығы 3-5 км негізді және ультранегізді таужыныстардан тұрады.

Сонымен, мұхиттық қыртыстың континенттік қыртыстан басты айырмашылығы - оның қалыңдығының күрт қысқаруымен қатар, құрамында гранитті қойнауқаттың болмауы.

Өтпелі алқаптар қыртысы

Өтпелі алқаптар қыртысы (немесе аралық типті қыртыс) шалғайлық теңіздер дамыған ірі континенттердің шеттеріне тән. Мұнда континенттік қыртыс мұхиттық қыртысқа алмасады. Құрылысы, қалыңдығы, таужыныстарының тығыздығы мен серпімді толқындар таралуының жылдамдығы бойынша өтпелі алқаптар қыртысы жоғарыда аталған басты екі қыртыс аралығында, яғни аралық жағдайда болады.<ref>Жалпы геология (Жер динамикасы): Оқулық. Алматы: ҚазҰТУ, 2008 ISBN 987-601-228-001-2</ref>

Дереккөздер

<references/> Үлгі:Wikify

Үлгі:Суретсіз мақала