Беласар

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
14:02, 2025 ж. шілденің 10 кезіндегі Салиха (Талқылауы) істеген түзету

Мұнда ауысу: шарлау, іздеу
Сурет:Беласар қорымы.jpg
Беласар қорымы.

Беласар қорымықола дәуірінен сақталған қорым. Қарағанды облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археологиялық ескерткіш.

Орналасқан жері

Шет ауданы жеріндегі Тайатқан, Шұнақ, Үшқызыл тауларымен қоршалған кең алқапта, Киікті бекетінен оңтүстік-батысқа қарай 17 км, Мойынты бекетінен солтүстік-батысқа қарай 40 км жерде орналасқан.

Орналасу ерекшелігі, зерттелуі

Беласар қорымы – б.з.д ІІ мыңжылдықтың екінші жартысы, яғни қола дәуірімен мерзімделеді. Қорымда 1500 жыл бойында қалдырылған әр түрлі көлемдегі 150-ге тарта жерлеу құрлысы бар. Бұл жер қола дәуірінің тұрғындары үшін қолайлы табиғи жағдаймен ерекшеленгендігі сөзсіз. Мойнақ, Қаратал, Шажағай, Атасу, Ақдала, Шыбынды өзендерінің алқабындағы белгілі Ақдала, Шыбынды көк майса жайылымды жерлері мал шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік туғызған. Қосқұдық, Мыңқайнар, Шалқия, Болаттау тауларында ертеде түсті металдарды өндірсе, Жиделі өзені кремний кен орны болған.
Беласар алқабы өзінің ыңғайлы орналасу ерекшелігі бойынша ерте және кейінгі қола дәуірінің тұрғындарына киелі орын болып саналған. 1957, 1968 жылдары Орталық Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы Ә.Х. Марғұланның жетекшілігімен 4 қоршауды және 1 оба-қоршауды зерттеген. Жерлеу құрылымының үлкендігі, мықтылығы мен күрделілігіне қарағанда жерлеу құрылысы ежелгі қоғам элитасының өкілдеріне тиесілі болған секілді. Табылған бұйымдардың ішіндегі құрбандық асына арналған қыш ыдыстар және сәндік сипаттағы өрнекті композициялы, бірегей қола білезік, қапсырмалар иесінің жоғары әлеуметтік мәртебесі болғандығын дәлелдейді.<ref>Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7</ref>

Сипаты

Жалпы саны 150, шаршы пішіндес, 1-2 кейде 3 концентрлі төртбұрыштардан тұратын ірі тас тақталардан және топырақтан үйіліп, сыртын айнала тас тақталарды тігінен қойып қоршаған үлкен қорым. Мәйттердің басы батысқа қаратылған. Тас жәшіктердің аумағы 110-150 см, тереңдігі 55 см. Кейбір қоршауларда мәйітті өртеп көму тәсілі қолданылған. Оңтүстік бөлігінде есік тәрізді кіретін жері бар. Барлығы онға жуық обалар қазылып, олардан адам сүйектерімен бірге құмыра сынықтары, қола білезіктер, алтын жалатылған сақина, моншақтар және т.б. әшекей бұйымдар табылды. Заттай деректер, жерлеу ерекшеліктері көне дәуірде Беласарды қоныстанған тайпалардың тұрмыс-тіршілігінен мағлұмат береді.
Беласар – Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ерте сатысына жататын құнды ескерткіш.<ref >«Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том</ref><ref>Қазақ энциклопедиясы</ref><ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер