Бесоба (обалар)

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
19:47, 2026 ж. шілденің 12 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

Үлгі:Мағына

Сурет:Бесоба қорымы.jpg
Бесоба қорымы қазбасы.

Бесобақола дәуірінен қалған обалар тобы. Қарағанды облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археологиялық ескерткіш.

Орналасқан жері

Қарқаралы ауданы, Бесоба ауылынан оңтүстікке қарай 0,8 км жерде.

Зерттелуі, сипаты

Ескерткішті 1930 жылдардың соңында Қарағанды облыстық музейінің сол кездегі директоры, белгілі өлкетанушы Л.Ф. Семенов ашқан. 1940 жылы мұнда алғашқы зерттеулер жүргізіледі. Л.Ф. Семенов пен Мәскеу Университетінің профессоры С.В. Киселев басқарған экспедиция бірнеше қоршауға қазба жұмысын жасайды. Алынған материалдар бойынша ескерткіш қола дәуірімен мерзімделді. 1969 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (ОҚАЭ) академик Ә.Х. Марғұланның жетекшілігімен екі үлкен топырақ оба мен бірнеше шағын қоршауды қазады.
2015 жылы И.А. Кукушкин жетекшілік еткен ҚарМУ археологиялық экспедициясы қорымға жаңа зерттеулер жасайды. Екі ірі топырақ оба мен үш шағын құрылысқа қазба жұмысы жүргізіледі. Үйінді астында екі қатар қоршауы мен ірі тас жәшігі бар үлкен көлемдегі обалардан алтын құйма сырғалар, көркем өрнектелген қыш ыдыстар табылады. Бұл – ескерткішті Сарыарқадағы нұра тайпаларының жоғары элитасы қалдырғанын көрсетеді. №3 обаның тақта тастарында сегіз тармақты жұлдыз бен тік айқыш (крест) түріндегі белгілер қашап жасалған. Осыған ұқсас белгілер Қазақстанның және Еуразияның петроглифтерінен кездеседі. Зерттеу жұмыстары аяқталған соң, И.А. Кукушкиннің жетекшілігімен қорымға рекультивациялық жұмыстар жасалып, қазылған нысандар айнала металл шарбақпен қоршалып, қорғау тақтасы орнатылады.<ref>Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7</ref>

Ескерткіштер топырақтан дөңгеленте үйілген де, айналасы ірі тас плиталармен көмкерілген. Ішінара іші, тегіс қоршаулар да кездеседі. Бұл жерленген адамдардың әлеуметтік жіктелуінің көрінісі болуы мүмкін. Обалардың әрқайсысының ортасында төрт қабырғасы ірі плиталардан өрілген, шаршы жәшік пішіндес тас қабір бар. Мүрделердің басы батысқа қаратылып, сәл бүгілген күйінде, бір қырымен жатқызылған. Қабірлердің ішінен қыш ыдыстар мен қоладан құйылған бұйымдардың сынықтары алынды. Бесоба қыш құмыраларының (көзелерінің) түбі тегіс, бүйірі сәл шығыңқы, аласалау. Андрон мәдениетінің өрнектеу стиліне жататын түрлі геометриялық оюлармен әшекейленген. Бесоба обалары өз ерекшеліктері жағынан осы өңірдегі Нұра өзенінің жоғарғы ағысы бойында орналасқан Қамқор, Молалыжал, Қараоба сияқты зираттарға өте жақын. Мәдени сипаты бойынша, Орталық Қазақстанның қола дәуірінің Атасу мәдениетінің және Беғазы-Дәндібай мәдениетінің арасындағы өтпелі сатыға жатады (б. з. б. 2-мыңжылдықтың соңы).<ref>“Қазақ Энциклопедиясы”, 2 том</ref><ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>

Ескерткіштер кешені

Бесоба қорымының аумағында 23 жерлеу құрылысы сақталған. Бастапқыда аумағының басым бөлігін қазіргі ауыл алып жатқан, бұдан анағұрлым үлкен жерлеу алаңы болған. Қазіргі қорымның орталығын диаметрі 28-40 м, биіктігі 1-2,5 м болатын төрт топырақ оба құрайды.

Қоңыржон петроглифі

Орталық Қазақстанның бірегей ескерткіші – Қоңыржон петроглифінде жалпы саны 15 жартас бетіне қашалып салынған 200 астам бейнелер бар. Олар қола дәуіріне, ерте темір дәуіріне және орта ғасырларға жатады. Ескерткішті жергілікті өлкетанушы, тарих пәнінің мұғалімі Т. Әшірбеков ашқан болатын, оның көрсетуімен 2008 жылы А.З. Бейсенов келіп қарап шығады. 2015 жылы В.В. Варфоломеев, М.В. Беделбаева, В.А. Новоженов петроглифтерге зерттеулер жүргізеді.
Бір таста сақ дәуірінде аң стилінде жасалған мүйізді жылқының бейнесі бар. Ежелгі суретші салған маскалы мүйізді жануар бейнесі пазырық мәдениетінің тоң басқан обаларынан (Берел және т.б.) шыққан атақты бұйымдармен ұқсас. Мүйізді жылқының бейнесі Жетісу петроглифтерінен белгілі. Мамандардың пікірінше, петроглифтердің шоғыры ежелгі адамдардың өмірінде аса қасиетті ұғымға ие болған ерекше қастерлі жерлерде кездеседі.
Бесоба алқабында сақ дәуірінің көптеген обалары бар. Солардың ең ірілері Ақсары тауының маңынан 10 шақты "мұртты" обалар табылды. Оның Жамантас тауының етек жағында орналасқан біреуіне (А.З. Бейсенов, Д.Б. Дүйсенбай) қазба жасалады. Бүйірінен шығарылған сабы бар қола айна шыққан әйел қабірі көміртегілік сараптама және археологиялық салыстыру тәсілі негізінде ерте сақ дәуірімен мерзімделді (б.з.д. VIII-VI ғасырлар).

Құлпытастар, мазарлар мен зираттар

Сурет:Бесоба. Сұлтанғазы мазары.jpg
Бесоба. Сұлтанғазы мазары.

Тарихи және ғұрыптық сәулет нысандарына араб жазуы бар құлпытасқа Қалпе зираты, Сұлтанғазы мен Асан Бөкейхановтардың мазарлары жатады. Әулие Қалпе ғалым, әрі емші болған, оның жақын туыстары болып келетін С. Әубәкіров ұзақ уақыт бойы Бесоба ауылында тұрады. Бастапқыда ескі зираттың маңында XIX ғасыр соңы - XX ғасыр басында Қалпе тұрғызған мешіт пен шырақшының үйі пайда болған. Мұнда бірнеше үйден тұратын шағын ауыл пайда болып, оның біреуінде Қалпе отбасымен тұрған. Кейін Қалпе осында жерленіп, басына мазар салынады. Мешітті 1920 жылдың соңы мен 1930 жылдың басында кеңес белсенділері бұзып, шатырының ағаш материалдарын Бесоба ауылының қоймасы құрылысына пайдаланған. Әулие Қалпе тірі кезінде адамдарға көп көмек көрсетіп, аурудан емдеген, кедей балаларын оқытқан. Қалпе өлгеннен соң оның зираты қасиетті жерге айналып, мұнда адамдар жақын маңдағы ауылдардан ғана емес, көршілес аудандардан да келіп жүрген.
Сұлтанғазы мазары киіз үй тәрізді күмбезді құрылыс болса, Асан мазары – төбеден қарағанда айқыш (крест) пішіндес. XIX ғасырдың екінші жартысына жататын екі ескерткіште шикі кірпіштен тұрғызылған. Бөкей ханның осы екі ұрпағының есімдері мұрағат материалдары мен ауыз әдебиеті мәліметтері бойынша жақсы танымал. Орталық Қазақстанның бай, әрі ықпалды тұлғаларының бірі Сұлтанғазы Бөкейханов Қарқаралы дуанының болыс басқарушылары қатарында болғанымен, Ресей билігіне бірнеше рет сенімсіздік танытқан. Оның бәйбішесі Бораншыдан туған үлкен ұлы Құдайменденің өзі де болыс бола жүріп, Ресей билігінен қол үзіп, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысын ашық қолдаған. Кенесары көтерілісі жеңіліс тапқан соң, халық арасында "Қызылкөз Құдайменде", "Көн садақты Құдайменде" деген сияқты аты тараған. Құдайменде Сұлтанғазин (ресми құжаттарда – Худайменде Газин) қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының жерінде, Маятас тауының маңында өзін-өзі өлтірген. Жаужүрек, ер мінезді Құдайменде сұлтан жақындап келген қазақтар тобын оның соңынан қуып келген жазалаушы топ ретінде қабылдап, тірі берілгісі келмей, қарнын жарып жіберген (2008 жылы Ақтоғай ауданы, Сарытерек ауылдық округінің аумағындағы А.З. Бейсеновтың жазбасы). Өлер алдында "Кенекемдікі құсатып, алтын басымды орыс алып кетеді" деп, адамдарға өлігін халықтан жасырын, құпия жерлеуді тапсырған. Сұлтанғазы Бөкейханов отбасының қыстаулары қазіргі Ақтоғай ауданының аумағында болған, ал жайлауы Қарқаралы ауданындағы Нұра өзенінің жоғары ағысына дейін жеткен. Сұлтанғазының басқа ұлдары, оның ішінде Бабахан мен Дайыр, Тоқырауын өзені бойында қоныстанып, бірнеше тоғандар салған. Қарағанды облыстық мәдениет басқармасының бастамасымен Сұлтанғазы мазарына реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, қорғау тақтасы орнатылды.

1920 жылы Бесоба өңіріне Батыс Қазақстаннан кәмпескеге түскен байларды жер аударған. Бесоба ауылының ақсақалдарының пікірінше, бұл адамдардың басым көпшілігі Ақтөбе облысынан келген. Айдалып келгендер қазіргі ауылдың аумағында тастан, балшықтан соққан шағын үйлерде тұрған. Уақыт өте келе бұл жерде шағын зират қалыптасқан. Сонымен қатар бұл зиратта 1930 жылы ашаршылық кезінде өлген жергілікті тұрғындар да жерленген болуы мүмкін. Асығыс үйілген шағын қабірлер уақыт өте келе жайылып кеткендіктен, бүгінгі күнге дейін зират белгілері тегістеліп, көрінбей қалған. Жерленген адамдар туралы мәліметтер жоқ, олардың есімдері белгісіз. 1950 жылдың басы мен ортасына дейін Бесобаға осы зиратта жерленгендер жайлы ақпарат сұраушылар келіп жүрген, ал кейін тоқтаған. Жергілікті тұрғындардың бастамасымен кеңес репрессиясына ұшыраған құрбандар жерленген орын қоршалып, бірнеше рет мұнда дұға оқылды.

Бесоба өңірінің қасиеттілігі

Бесоба өңірінің қасиеттілігі бұл жерде осыдан төрт мың жыл бұрын нұра мәдениетінің тайпалары өмір сүрген замандардан басталады. Сол кездегі қауымдардың билігі көсем-билеуші және ықпалды абыздардан тұратын бай топтардың қолында болса керек. Сол уақытта осы топтың өкілдері жерленген үлкен топырақты обалары бар қорым пайда болған. Өңірдің табиғи жағдайына сай нұралықтардың көшіп-қону дәстүрі мен шаруашылығы беғазы-дәндібай мәдениеті уақытында өз жалғасын тапты. Ерте темір дәуірінде өңірдің көптеген ескерткіштерін, оның ішінде үлкен "патша" обаларын қалдырған тасмола мәдениетінің тайпалары мекендеген. Қоңыржон петроглифіндегі мүйізді ат бейнесінің маңыздылығы, бұл сурет құрбандыққа жылқы шалу тәрізді аса маңызды ғұрыптық рәсімдер өткізу дәстүрінің осы алқапта тұрақты түрде болып отырғанын дәлелдейді. Петроглифтер осы ортаны ұзақ уақыт аралығында мекендеген ежелгі адамдардың өмірінде маңызды орын алған дәстүрлі және қасиетті орындарда пайда болып отырғаны ғылымда нақты анықталған.<ref>Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7</ref>

Әдебиеттер

  • Бедельбаева М.В. Знаки-символы на курганных плитах могильника Бесоба // Современные методы и под- ходы в изучении историко-культурного наследия Казахстана и сопредельных стран. – Алматы, 2017. – С. 71–76.
  • Бедельбаева М.В., Новоженов В.А. Наскальные изображения урочища Коныржон // Сакская культура Сарыарки в контексте изучения этносоциокультурных процессов Степной Евразии: сб. научн. ст., посвящ. памяти археолога К.А. Акишева. – Алматы: НИЦИА «Бегазы-Тасмола». – С. 55–58.
  • Бейсенов А.З., Дуйсенбай Д.Б., Святко С.В. Курган с «усами» Жамантас // Самарский научный вестник. – 2017. – № 3. – С. 227–231.
  • Киселев С.В. Предварительный отчет о раскопках Карагандинского областного музея в местности Бес-Оба, Каркаралинского района Карагандинской области в сентябре 1940 г. // Архив Карагандинского областного историко-креведческого музея, инв. № 1721.
  • Кукушкин И.А., Дмитриев Е.А. Полевые исследования на могильнике Бесоба // Сохранение и изучение культурного наследия Алтайского края. – Барнаул, 2016. – С. 142–147.
  • Кукушкин И.А., Дмитриев Е.А. Итоги работ на могильнике бронзового века Бесоба // Археологическое наследие Центрального Казахстана: изучение и сохранение: сб. научн. ст., посвящ. 70-летию ЦКАЭ. – Т. 2. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2017. – С. 188–202.

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер