Құлажон қорықшасы
Құлажон қорықшасы - республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи-зоологиялық қорықша. 1967 жылы Шығыс Қазақстан облысы Самар (қазіргі Көкпекті ауданы) ауданында ұйымдастырылған. Аумағы 46 мың га. Қорықша саны азайып бара жатқан сүтқоректілерді қорғауда маңызды рөл атқарады.
Географиялық орны
Қорықша Зайсан қазаншұңқырының солтүстік-батысында орналасқан Құлажон өзенінің төменгі ағысындағы аңғар мен Қызылқұм құмды массивінің басым бөлігін алып жатыр. Шығысында Бұқтырма бөгенімен шектеледі.
Жер бедері
Жер бедері желдің әсерінен түзілген жазық және бекімеген құмшағылдардан тұратын -аккумулятты жазық; аллювийлі-эрозиялы террасалардан тұратын Құлажон жайылмасында әр түрлі шөптесін өскен шалғын, құмшағылдардың арасында жағалауында қамыс пен қоға өскен Қазнақ, Қамбар-Қарасу, т.б. кішігірім көлдері орналасқан.
Өсімдігі
Қорықшада 200-ге жуық жоғары сатыдағы өсімдіктер өседі. Олардың көбісі қияқ, таспашөптер, жусан, сораң т.б. шөлдала өсімдіктері; бұталардан - жүзгін, алақоржын, дәуір аршасы, Қызыл кітапқа енгізілген ақ түкті таспашөп, Мейер шоқгүлі, т.б. өседі. Кәдімгі қарағайдың сирек тоғайы кездеседі.
Жануарлар дүниесі
- Қосмекенділердін - құрбақалар мен сүйіртұмсық бақа;
- Бауырымен жорғалаушылардан түрлі түсті аусыл, сұр кесіртке, т.б.;
- Құстардың 80-ге жуық түрі, Құлажон су жайылмасында ұя салатын әупілдек, ақ және сұр құтан, сұр қаз, барылдауық үйрек, үлкен және сұр жақты сұқсыр үйрек, т.б.;
- Аңдардан - қасқыр, түлкі, ондатр, Эверсман аламаны, дала шақылдағы, т.б.;
- Қызыл кітапқа енгізілген Зайсан батбат кесірткесі, дуадақ, жорға дуадақ, безгелдек мекендейді.
- Қорықшаға еліктердің аздаған саны қыстауға келеді. <ref>Қазақстан табиғаты:Энциклопедия / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы:" Қазақ энциклопедиясы" ЖШС, 2011. Т.З. - 304 бет. ISBN 9965-893-64-0 (Т.З.), ISBN 9965-893-19-5</ref>