Ұнаққұм
Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Ұнаққұм, Уаққұм — Бозащы түбегінің оңтүстік-батыс бөлігіндегі төбешікті-қырқалы құмды алқап.
Маңғыстау облысының Түпқараған және Маңғыстау аудандары жерінде, Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы Қошақ шығанағының солтүстігінде 7 км жерде доғаша созылып жатыр.
Теңіз деңгейінен 22,6 м төменде, ауданы 240 км2, 5—6 м тереңдікте кездесетін грунт суының минералдығы 3-22 г/л. Ұнаққұмда жусан, жүзгін, еркекшөп, сораң шөптер өседі. Шығысының көтеріңкі жерлерінде Қияқты, Тұщықұдық ауылдары орналасқан. Құм ішінде бірнеше құдықтар (Ақши, Қожамқұл, т.б.) қыстаулар мен құмды төбелер (Шөлшағылқұм, Қызылқұм, т.б.) кездеседі.<ref>"Қазақ Энциклопедиясы", 9 том</ref>