Кердері-2 кесенесі

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
18:20, 2025 ж. шілденің 17 кезіндегі Салиха (Талқылауы) істеген түзету

Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

Үлгі:Ғимарат

Сурет:Кердері-2 кесенесі. Сырғалар.jpg
Кердері-2 кесенесіндегі жерлеу орнынан табылған сырғалар.

Кердері-2 кесенесіҚызылорда облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген ХIV-ХV ғасырларға жататын сәулет ескерткіші.

Орналасқан жері

Арал ауданы, Қаратерең ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 64,8 км жерде орналасқан.

Кесене сипаты

Кердері-2 кесенесі ғасырлар бойы су астында жатқан кесененің қазбаға дейінгі биіктігі 1,6 м болатын. Кесене орнында қалыптасқан төбешіктің батыс жағы жайпақ, ал шығыс жағы тіктеу келген. Төбенің жоғарғы жағында көлемі 25×25×5 см болатын ортағасырлық дәстүрлі күйдірілген кірпіштер мен олардың сынықтары шашылып жатты.
Археологиялық зерттеу барысында кесене қабырғалары әлемнің төрт бұрышына бағытталған, тікбұрыш болғаны анықталады. Жоғарғы қабатынан көп мөлшерде табылған кесене қабырғаларындағы кірпіштер (25×25×5 см) жалпағынан қаланған. Едәуір жақсы сақталған оңтүстік-батыс қабырғасының биіктігі 7 қатар қаланған кірпіш деңгейінде.

Көрханалар

Кесене көлемі 5,5х5,5 м болатын шаршы түріндегі көрханадан тұрады. Кесененің есігі батыс қабырғасының бойында болған және ол бір кездері өсімдік, геометриялық және эпиграфикалық нақышта безендірілген, көк және көгілдір түсті сырмен қапталған кірпіштен қаланған портал түрінде салынған. Кесененің төбесі күмбезделіп жабылғаны анық. Күмбезі көрхана бөлмесінің төбесін жауып тұрған. Осы жерден табылған дөңгелек келген декоративтік кірпіштердің сынықтары (арка жақтауы) арка нишасының архивольті нишаның бұрышына тұрғызылған ширек бағанға тіреліп қаланғанын білдіреді.
Көрхананың ішкі қабырғалары тереңдігі 1 м болатын төрт терең нишамен безендірілген. Оңтүстік-батыс ойығында ішке кіретін есік, ал тереңірек солтүстік-батыс нишасында кесененің басты жерлеу орны орналасқан. Бөлменің еденіне көлемі 44×27×6,5 см болатын тікбұрышты тақталар төселген. Жерленген орынның төңірегіне көлемі 25×25×4 см кірпіштермен бірге олардың жарты сынықтары да төселген. Еден кірпіштері жақсы тапталған қоңыр түсті топырақ үстіне төселген. Кесененің еденіне төселген кірпіштердің бұзылған жерлерінен қабырғаның астына қаланған іргетас анық байқалады. Тереңдігі 1-1,2 м болатын іргесі ірі тас блоктарынан қаланған. Олардың көлемі орташа алғанда 20×30×15 см-ден 100×50×25 см-ге дейін болады. Дәл осындай биіктіктегі мықты іргетас Орталық Азияның осыған ұқсас құрылыстарына тән емес құбылыс. Оларда іргетассыз құрылыстар (кесенелер) салу әдеттегі жағдай. Бұл жердің Арал маңының топырағы шөгінді келетінін (құрылыс тұрғысынан тұрақсыз) ескеруіміз керек. Сонымен қатар, ең жіңішке жері 1 м-ге дейін жететін қабырғаларының қалыңдығын айта кету қажет. Портал жағындағы пилондардың ені 3 м-ге дейін жетеді.

Жерлеу орындары, табылған заттар

Кесенеден жеті жерлеу орны анықталған. Олардың барлығы XI-XIV ғасырларда кеңінен тараған сағана түріне жатады. Марқұмдар ағаш табыттарда жерленген. Солтүстік-батыста орналасқан №1 жерлеу олардың қатарына жатпайды. Ол қабір біздің кезімізде тоналған. Қабірдің құрылымы ерекше және сол уақытқа сәйкес келмейді. Қабір тастармен циста түрінде қаланған және беті үлкен үш тас плитамен жабылған. Адам денесінің қалдықтары мен артефактілер бұл қабірден шықпады.
Қабірлердің бірінде өзінің құйрығын тістеп тұрған мысық тұқымдас жыртқыштың бейнесі берілген сырғалар табылды. Көрхананың оңтүстік-батыс бұрышында, еденге төселген тақта астынан хұмға салынған металдан жасалған орақтар, айырлар шықты. Кесенені ХІV ғасырға жатқызуға болады. Құрылысқа жақын маңнан қыш күйдірген үш пештің орны табылды.

Өрнектерінің стилі мен тәсілі

Кердер-2 археологиялық зерттеу оның керемет құрылыс екендігін көрсетті. Табылған олжалардың ішіндегі ең қызықтылары оймыш өрнегі бар сырланған терракота тақтасы. Безендіру тақталарының сынықтарына жасалған салыстыру сараптамасы осындай өрнектер стилі мен тәсілі орта-азиялық (Хорезм), кеңірек алар болсақ XIV ғасырдағы алтынордалық ескерткіштеріне тән екенін көрсетті. Порталдың П-үлгідегі жақтауындағы негізгі өрнектелген белдеуі оймыш сырланған теракота мен штамптың құрамдастырылған тәсілімен орындалған. Өрнектердің алғашқы жобасы геометриялық өрнектердің күрделі өрілуі оймышпен түзетілген, ал ұсақ тармақтар мен ою өрнектері штамппен басылған. Көркемдік әсері бояудың көгілдір түстің түрлі түске құбылуында.<ref>Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7</ref>

Әдебиеттер

  • Аубекеров Б.Ж., Пачикин К., Воякин Д.А., Таксеитова Г., Кузнецова Л., Нигматова С.А. Ландшафтные условия и природная среда времени существования поселения Кердеры (Арал) // Проблемы экологической геоморфологии: матер. междунар. научн.-практич. конф. «IV Жандаевские чтения» (17–19 апреля 2007). / Под ред. Р.Т. Бексеитовой, Л.К. Веселовой. – Алматы: «Казак университетi», 2007. – С. 64–67.
  • Байпаков К.М., Воякин Д.А. Некрополь Кердери 2 // Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Кызылординская область. – Алматы: Аруна, 2007. – 376 с. – С. 63–65.

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер