Дариялықтақыр
Дариялықтақыр – Сырдария өзенінің оң жағалық аңғарындағы (көне арнасында жатқан) тегіс жазық.
Географиялық орны
Қызылорда облысының Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандары жерінде. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 230 км-ге созылған, ендірек жері 50 км. Теңіз деңгейінен 110–145 м биіктікте жатыр. Жазық жерлерінде құдықтар (Доңыз, Табаққабыл, Қатын, т.б.) және қоныстар (Жайсаң, Қаракемер, т.б.) көптеген. Жер қыртысы бор шөгінділерінен түзілген. Оның үстін ысырынды құмдауыт балшық жапқан.
Өсімдігі
Тақырдың сор, сортаң топырағында бұйырғын, тасбұйырғын, күйреуік, жусан басым өскен. Оңтүстік-шығысындағы құмды алқабында және құрғақ арналарда жыңғыл, жүзгін, сексеуіл шоғырлары кездеседі. Қараөзек өзені сағасында тоғай, орталығының жазық бөлігінде сексеуіл өседі.<ref>«Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, V том</ref>