Сүлікті діни-тұрғын үй кешені
Сүлікті діни-тұрғын үй кешені – Ақтөбе облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген ХІХ–ХХ ғасырлардағы сәулет өнері ескеркіші.
Мазмұны
Орналасқан жері
Байғанин ауданы, Ақтұмсық ауылынан 40 км оңтүстік-батыста, Үстірттің солтүстік
жонының орталық бөлігіндегі (Доңызтау) Ащыайрық үлкен сайдан 14 км солтүстік-шығыстағы Сүлiктi деп аталатын сайдың басында орналасқан.
Сүлікті атауы (орыс тілінде жазылған баламасы жоқ) жергілікті су көздерінде көп кездесетін "сүлікпен" байланысты болса керек.
Тарихи деректер
Діни-тұрғын үй кешені 1840-1850 жылдары шөмішті-табын руының көктем мен күзде көшетін жолында малшылардың отыратын тұрақты қонысы ретінде пайда болған. XIX ғасырдың екінші жартысына жататын алғашқы мешіттің айналасында тұрғын үй және шаруашылық құрылыстар кешені, бірнеше шағын бейіттер қалыптасады. Мешітті тұрғызушы (құрылысты ұйымдастырушы) жергілікті дінбасыларының бірі, қарақойлы руынан тараған тоқал ру тармағының өкілі – Тұрмағанбет ақын ("ақын" – білімді, мұсылманша "адам" деген мағынада).
Мешіт, сондай-ақ Үстірттің осы жағындағы асудың аты бойынша "Шалдан мешіті" деп те аталады. Геоморфолог С.Н. Никитиннің мәліметі бойынша (XIX ғасыр аяғы) Қоңыраттан Орынбор, Ойылға барар жолда жекелеген керуендер осы өткелді пайдаланған. Қоныс дінге қарсы күреске байланысты діни қызметкерлер қуғынға ұшыраған ұжымдастыру кезеңіне дейін (1920 жылдар соңы – 1930 жылдар басы) белсенді жұмыс істеген.
Ескерткіш Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы мен оған іргелес жатқан аймақтардың басым бөлігіндегі халық арасында өте маңызды тарихи нысан болып табылады.
Кешен сипаты
Сүлiктi кешені – сәулеттік-кеңістіктік жағынан қарағанда діни-ғұрыптық қызмет белгілері айқын көрініс тапқан кейінгі қазақ қонысының үлгісі болып табылатын және Солтүстік Үстірттегі ерекше типтегі әрі жақсы зерттелген ескерткіштердің бірі. Тарихи және этнографиялық ескерткіш ретінде сәулеттік ансамбльдің маңызы үлкен.
Кешен өзінің алғашқы құрылымын бүтіндей сақтаған. Жергілікті, республикалық және халықаралық туризм нысаны ретінде болашағы зор. Жергілікті маңызы бар сәулет және қала құрылысы ескерткіші мәртебесіне ие.
Қоныс кең сайдың жоғарғы бөлігіндегі жонның ең шетінде (екі бейіт) және оның еңістеу етегіне жақын терассада (мешіті бар қоныс пен екі бейіт) орналасқан. Ол желден жеткілікті дәрежеде қалқаланған және жанында бұлақ бар. Кешеннің негізгі өзегінде көптеген (20-ға жуық) тұрғын үй, шаруашылық және қызметтік құрылыстары бар мешіт орналасқан.
Мешіті
Мешіт кешенінің кең аркалы жақтау түрінде безендірілген салтанатты кіреберісі батысында, төменгі жағында орналасқан. Үлкен аула кешенді екі бөлікке: солтүстік – шаруашылық-тұрғын бөлмелер тобы және оңтүстік – ортасында мешіт орналасқан діни-қызметтік ғимараттар тобына бөліп тұр.
Құрылыс қабырғалары негізінен тегістелген ірі тас блоктардан, ішінара қам кірпіштен қаланған. Мешіттің өзі – аула жақтан да, батыс жақтағы қосымша құрылыстардан да кіретін есігі бар тікбұрышты жоспардағы ғимарат. Ішкі кеңістігі көлденеңінен қалқа қабырғалармен тең емес екі бөлікке бөлінген, олар өз кезегінде, төмен орналасқан арка және өзара байланысқан алты бөлмелі орталық пилонға бөлінген. Алдыңғы қабырғаларға терезелер орнатылған, олар да есіктер сияқты сына тәрізді блоктардан маңдайша жақтауланып орындалған. Ғимараттың алты бөлмесінің бәрі де шикі кірпіштен тұрғызылған бұрыштық өтпе тоғыстарды пайдаланған, тартпалы арка жүйесіне негізделген радиал-сына құрылымды күмбезбен жабылған.
Мешіт михрабы оңтүстік қабырғада орналасқан (батысқа қарай 20° ауытқыған). Құрылыстың ішкі беті (негізгі залы) сыланып, әктелген. Кей жерлерінде ою-өрнек элементтері, түрлі-түсті жазумен орындалған құран мәтіндері сақталған.
Кешеннің оңтүстік-шығыс бұрышындағы қорапты күмбез қалдықтары бар екі тар тікбұрышты құрылыстан басқа мешіт аумағындағы құрылыста жабындылардың іздері сақталмаған. Кейбір шаруашылық құрылыстарының ашық қалдырылуы да мүмкін. Мешіт кешенінің солтүстігінде тікбұрышты жоспардағы бес бөлмелі тұрғын үйдің қабырғалары сақталған,
сонымен бірге оған шаруашылық құрылыстары жалғасқан.
Сағанатамдары
Сүлікті кешенінің қабірүсті құрылыстары ерекше қызығушылық тудырады, онда қашалған блоктардан және ұлутас тақталарынан тұрғызылған ерекше сағанатамдар тобы көзге түседі. Олар Доңызтауда жиі кездесетіндердің бірі: шамамен 15 құрылыс бар. 1888-1889 жылдары салынған мықты келген қиғаш қабырғалары бар үлкен тапал сағанатам, сондай-ақ интерьерінде құлпытас және қырлы тәрізді "тұрпаттас" түріндегі қабіртасы бар өрнектелген сағанатам ерекше таңғалдырады. Архитектуралық пішіндерінің шағын түрлеріне тақтатастан салынған қарапайым қоршаулармен қатар, Солтүстік Үстірт (табын) дәстүрлеріне тән мемориалдық глиптика стиліндегі тастан қашалған көркем ескерткіштер (стела-құлпытастар, қабіртастар) түрі жатады. Әсіресе мұқият орындалған тегіс бедерлі эпитафиялар, өрнектеліп безендірілген ру таңбалары бар құлпытастар, қырынан қарағанда капительді еске түсіретін "қойтас" түріндегі сатылы қабіртастар және т.б. айтарлықтай көңіл аудартады.<ref>Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7</ref>