Ешкітау қорымы
Ешкітау қорымы – Батыс Қазақстан облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енген археологиялық ескерткіш.
Мазмұны
Орналасқан жері
Тасқала ауданы, Ешкітау тауының дала ескерткішінде, таудың маңында орналасқан.
Зерттелуі, көне жәдігерлер
Ешкітау қоныс-шеберханасы 2002 жылы ашылып, ғылыми айналымға түсті. Қоныс-шеберхана Ешкітау тауының шығыс беткейінен табылды. Бұл жер теңіз деңгейінен 254 м жоғарыда жатқан, биіктігі жағынан Батыс Қазақстан облысының аумағында екінші орында тұрған қырат болып саналады. Көне жәдігерге жүргізілген археологиялық зерттеулер барысында ежелгі адамдар пайдаланатын құрал даярлауға арналған тас материалдар, өткір жүзді қырғыштар мен бифастар секілді екі мыңнан аса археологиялық артефактілер жинақталды.
Қазба жұмыстары Ешкітау қоныс-шеберханасында кен өндірілгенін көрсетіп берді. Олар 1–1,5 м тереңдіктегі кварц құмдарды уатып пайдаланған. Сапасы әртүрлі шикізатты әуелі шағып көріп, содан соң ғана ала бастағаны байқалады. Оны қоныстың әр тұсында үйіліп жатқан өндірістік қалдықтардан аңғаруға болады. Аз-маз нуклеустің сынықтарына қарап, құмды кварцтардың қалай шағылғаны туралы ой түюге мүмкіндік бар. Тастар негізінен леваллуаздық және призматикалық жүйе бойынша шағылғанға ұқсайды, нуклеустердің радиалдық түрі сирек кездеседі. Қазылған терең шұңқырлардағы жер қабаттарында кездескен әртүрлі тас құралдар бұл жерді ежелгі адамдар аз ба, көп пе, әйтеуір қоныс орнына айналдырғанын көрсетеді. Тісті, ойықты тас құралдар, қырғыштар мен жанығыштар жиі кездессе, кескіштер мен тескіштер сирек ұшырасады.
Қорым кезеңдері
Шеберхана бір кезеңнен ғана қалған мұра емес. Жер қабаттарына оның бірнеше хронологиялық кезеңдерде жұмыс істегенін байқатады.
Көне палеолит кезеңінің шеберханасы 40–45 см тереңдікте жатқан жел кеулеген жылтыр артефактілерден байқалады.
Келесі кезең – кейінгі палеолиттің еншісіне 10–15 см тереңдіктен табылған қолдан жасалған бұжыр бұйымдарды жатқызамыз. Жер үстіне шығып қалған бұйым сынықтары әбден араласып кеткендіктен оларды дәл мына кезеңнің дүниесі деп айту қиындау.
Беткейдің етегіне қарай неолит және қола дәуірлеріне жататын түрлі-түсті яшма тау жынысынан жасалған заттар жиналды.
Маңыздылығы
Ешкітау қоныс-шеберханасы (А.Г. Медоевтің терминологиясы бойынша) "леваллуаздық-ашельдік" өндіріс аймағына кіреді, бір жағынан солтүстік-шығыс Арал маңы мен Мұғалжардың, екінші жағынан, Төменгі Еділдің палеолит кезеңіндегі қоныстарды өзара байланыстырады.
Ешкітау қоныс-шеберханасына жасалған зерттеулер тек Қазақстанның ғана емес, тұтас Еуразия құрлығының ежелгі дәуірін тереңірек тануға мол мүмкіндік береді. Азияның қуаң өңірлерінде палеолит ескерткіштерінің мәдени қабаттары өте сирек кездеседі, сол себепті ежелгі адамдардың палеоэкологиялық, палеоклиматтық тіршіліктерін зерттеу ісінде бұл қоныс-шеберхананың маңызы аса зор болмақ.<ref>АЛТАЙДАН КАСПИЙГЕ ДЕЙІН. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒИ,ТАРИХИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ МЕН КӨРНЕКТІ ОРЫНДАРЫНЫҢ АТЛАСЫ. 3 томдық. Алматы. 2011. 3 т.– 476 б., карталар, суреттер ISBN 978-601-280-215-3, ISBN 978-601-280-218-4</ref>