Нұсқалар арасындағы айырмашылық: "Бопылдық қорымы"

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу
 
ш (1 түзету)
 
(айырмашылығы жоқ)

19:47, 2026 ж. шілденің 12 кезіндегі нұсқасы

Сурет:Бопылдық қорымы.jpg
Бопылдық қорымы, шикі кірпіштен тұрғызылған кесенелердің көрінісі. Р.А. Бекназаров түсірген фотосурет, 2004 жыл

Бопылдық қорымы (XIX–XX ғасырлардағы мазарлар, құлпытастар, қоршаулар) – Атырау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археологиялық ескерткіш.

Орналасқан жері

Қызылқоға ауданы, Доссор кентінен солтүстік, солтүстік-батысқа қарай 48 км жерде орналасқан.

Зерттелуі

Қорым 2004 жылы Батыс Қазақстан кешенді этноархеологиялық экспедициясы (БҚКЭАЭ, жетекші С.Е. Әжіғалиев, отряд басшысы Р.А. Бекназаров) бастамасымен алғаш рет зерттелді, оның көлемі анықталды, жекелеген нысандардың өлшемі, фотосуреттері және эпиграфикалық түсірілімдері алынды.
Аңыздар бойынша және ескерткіштердің эпиграфикасына сәйкес қорым қазақтың шеркеш руы сақау тармағына тиесілі екені анықталды. Бейіт эпонимі бұл жерге Бопылдық байдың отбасы мүшелерінің (әйелі және екі ұлы) жерленуіне байланысты шыққан.

Сипаты

Зират солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созыла орналасқан көлемі 60x180 м аумақты алып жатыр. Зираттың солтүстік-шығысында 160 м жерде Мақат–Индер темір жолы, сонымен қатар аталған бағыт бойынша қара жол өтеді.
Қорымда кейінгі жерлеу орындары жоқ болғандықтан, бастапқы ансамбль түрінде сақталып қалған. Мұның бірнеше: қорымды белгілі бір дәрежеде темір жол төсемелерінің бөліп тастауы, ақ сортаң батпақты сормен тұйықталуы, аудан орталығы мен елді мекендерді байланыстырып тұратын үлкен жолдардан алыс орналасуы секілді себептері бар. Зират оңтүстіктен солтүстік бағытқа қарай өскен.
Бейіт 50-ге жуық дәстүрлі қабір үсті құрылысынан және қатты шөккен мола үйінділері мен қоршаулардан тұрады. Ерекше көзге түсетін шикі кірпіштен тұрғызылған жеті күмбезді кесенелер қазақтардың "үйтам" деп аталатын кесенелеріне жатады. Жалпы алғанда олар бір типті: композициялық-жоспарлық шешімі бойынша центрлері ортақ, жоспары бойынша төрт бұрышы әлсіз білінетін бір бөлмелі құрылыс қабырғаларының іргесі – төрт қырлы және пирамидалы күмбезі – шатырлы болып орындалған. Кіреберіс бөлігі оңтүстік жаққа бағытталған.
Бұл ескерткіштердің бір-бірінен айырмашылығы параметрлеріне, алып жатқан ауданына – үлкен төртбұрышты бөлмеден мола шұңқырының орналасуына тікелей қатысты шығыс-батыс бойлық өсінде тар тікбұрышты кеңістікке дейінгі көлеміне байланысты.
Жабындыларының құрылымы алып жатқан ауданына байланысты, төрт қырлы бұрыштарына иілген қабырға қаландысын пайдалануы (қос бағаналардың өзіндік құрылымы), арқалық, маңдайша, күмбездерді бекіту элементтері – ағаш бөлшектерін қолдану бойынша бірқатар ерекшеліктері бар.

Бопылдық қорымы Каспийдің солтүстік маңындағы қазақтардың өзіндік мемориалдық-культтік архитектуралық кешені және отбасылық-әулеттік сипаттағы шағын зират болып табылады. Бейіттегі шикі кірпіштен салынған біртума кесене, оның архитектурасы мен құрылымдық шешімі Атырау қазақтарының мемориалдық-культтік құрылысын зерттеудегі материалдар базасын айтарлықтай байыта түседі. Ал ерекше оймышталған стела-құлпытастар кешені монументалдық тас қашау өнерінің тарихы және аймақтық араб жазуы эпиграфикасы бойынша өзіндік құнды деректер болып табылады.<ref>Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер