Нұсқалар арасындағы айырмашылық: "Шопан ата қорымы"
ш (1 түзету) |
|
(айырмашылығы жоқ)
| |
00:05, 2026 ж. шілденің 13 кезіндегі нұсқасы
Шопан ата қорымы – Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген тарихи-этнографиялық мәдени ескерткіш.
Мазмұны
Орналасқан жері
Маңғыстау облысы Қарақия ауданы, Сенек ауылынан солтүстікке қарай 25 км жерде.
Аңыз әңгімелер желісі
Аңыз әңгімелер желісі, Шопан-атаны қойшы, шопандардың пірі, Құл-Қожа Ахмет Ясауидың шәкірті болған – дейді. Сол аңыздың бірінде, Шопан-ата Ясауидың, ұстазының шаңырақ көзінен лақтырған асатаяғын Маңғыстаудан тапқан бірден-бір қағылез мүриді болған. Сол асатаяқтан мұнда, бұл күндері биік те, саялы тұт ағашы өсіп шыққан. Осы маңдағы зор құрметке ие қартқа жолыққан Шопан-ата, сол кісінің қызына үйленген. Асатаяқ табылған жерге мешіт салып, оның айналасын кейіннен қаумалай бейіттер салынған.
Қорым сипаты
Қорым бір тегіс келетін жартылай шөлді ландшафтағы төбелердің баурайында орналасқан. Бұл маңда қыстау мен бірнеше құдық және қазіргі кезде байырғы Жібек жолы торабымен ағылып, зиярат етушілерге арналған тұрғын-жай кешені орналасқан. Маңғыстау мен Хорезмнің ескі керуен жолы бойында орналасқан ескерткіш Үстіртпен Маңғыстау және оған жапсарлас жатқан аумақтарды жайлаған қазақ, түркімен және қарақалпақтар арасында зор құрметке ие нысан. Шопан-ата қорымы осы өңірдегі аумағы мен саны жағынан ауқымды көптеген (2 мыңнан астам) ескерткіші бар орын. Сонымен қатар, аталған зираттан Маңғыстау мен Батыс Қазақстан аумағына тән ғұрыптық-еске алу ескерткіштерінің барлық түрін кездестіруге болады. Кешен бір жағы қазақ және түркімендік болып 2 бөлікке бөлінген, орталық нысанымен бірнеше бөлмеден тұратын жерасты мешіті борлы-әктас жынысты жарқабақтан шауып жасалған. Мұндағы мешіт есігінің алды кең аулалы етіп жасалған, саялы тұт ағаштары мен жуынуға арналған су тоғаны бар. Мешіттің басты бөлігі солтүстік-шығыс топтағы аралас мақсатқа пайдаланылар – михрабты құлшылық, демалыс және құжыра бөлмелері орналасқан.
Жерлеу құрылыстары
- Қойтастар
Мешіттен батыс, солтүстік-батыс қарайғы жерлер ортағасырлық жерлеу құрлыстарымен ерекшеленеді. Олардың арасында стилдеп жасалған "қойтас" түріндегі қабірүсті тастары басымдық алса, осы қатардағы келесі орында көне тас қоршаулар мен қабірдің – тас жәшік түрі, сынтас ферттер мен шала өңделген жалпақ сынтастар көзге түседі. Олардың арасында көптеген қабірүстіне орнатылған "қойтас" түріндегі, сонымен қатар көне тас қоршау, саркофаг тас жәшіктер, ферт-сынтастар, шала өңделген жалпақ тастан қашалған сынтастар жеткілікті. Жай қарапайым баспалдақты түрінен бастап зор көлемді биіктігі 1,5-1,8 м-ге дейін жететін әртүрлі пішіндегі "қойтастар" кеуекті әктастан қашалған. Олардың үсті сұлбалық және бедерлі (үшбұрыш, күлте түріндегі) өрнектерді, қару-жарақ пен тұрмыстық бұйымдар, жылқы және тағы да басқа жан-жануардың сұлбалық бейнелерін арқау ете қашап салынған. Қабірүсті тастарында жауынгерлік жараққа жататын қоржын, дорба, қылыш, қорамсақтағы жебе, айбалта қаруларының салынуымен қатар, ескерткіштердің тегістік беттерінде араб графикасымен жазылған эпитафиялар мен таңбалар жиі кездеседі. Кей жерлерде "қойтастар" топтала шоғырланған, бұл олардың еске алу сипатындағы мәнінің зор екенін аңғартады.
- Тас қабірлер
Өзге де ескі ескерткіштер арасында құмтастың жалпақ тастарынан өрілген қоршау мен саркофаг-тас қабірлер де бар. Сондай-ақ көпшілік ескерткіш қатарындағы тас қабірлердің батыс жағына қойылған көбіне шала өңделген сынтастарға Кіші жүзге қарайтын көптеген рулардың, ішінара түркіменнің қожа, қожаелі руының таңбалары қашап салынған. Осы қоршаулардың шет жақтарында антропоморфты сынтастардың қойылғандары да сирек болса да кездеседі. Қорымның батыс жағындағы стилденген қабір басындағы тастары итбалық пен бекіре тұқымдас балықтардың сұлбалық бейнесі өзіне ерекше назар аудартады.
Қазақи қорым құрылыстары
Қорымның шығыс жағындағы қазақи қорымда көптеген сағанатам, күмбезді кесенелер мен құлпытас, қойтасты құлпытас, қабірүстіндегі баспалдақты үштастар көптеп кездеседі. Мұндағы қабірүсті құрлыстары сәулеттік құрылымына қарай айтарлықтай әртүрлілігімен көркем безендірілуі жағынан (көлемділігі, жалпақ бедерлілігі, сұлбалық қашалуы, сырлануы жағынан да бір-бірінен) айрықшаланады. Басты материал әкті-құмтастан қашалған. Ірі құрлысты нысандар арасында қасбеті оңтүстікке бағыттап салынған сағанатамдар мен кесенелердің де қатары басым үлес алады. Олардың құрылымдық үйлесіміне қарай сырт қабырғасы және қабірүсті құрлысының батыс жағына үйлесіміне қарай құлпытас пен сынтастар орнатылған. Қорымның орта тұсына қарай жеке тұрған қойтас пен құлпытастар саны ұлғайып, шығыс-батыс бағытта созылып жатыр және байырғы ескерткіштердің бертінге дейін сабақтастығы да өз жалғастығы байқалады. Мұндағы қабірүсті құрлыстарымен сынтастар пішіні мен үйлесімі жағынан да әртүрлілігі тас қашаушы шеберлердің сан-салалы мектептерінің қолтаңбасын да білдіреді.
Қазіргі уақытта қорым аумағы заманауи талғамдағы, аласа келген қабір құрлысы белсенді түрде салынып келеді. Қазіргі бөліктегі қабір құрлыстары ескерткіш кешенінің жалпы көріністегі үйлесіміне залалын тигізуде. Қорымның жалпы аумағы – 12,25 га жерді құрайды.<ref>М19 Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағы. Маңғыстау облысы. - Өскемен: AsT prime, 2012. - 600 бет. SBN 978-601-06-2031-5</ref>
Дереккөздер
Үлгі:Маңғыстау облысындағы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері